«Шаһарларға саяхат» айдарында бүгін Түркістан облысындағы тарихы терең, Сырдария бойында орналасқан Шардара қаласы жайлы мәліметтермен танысасыздар.
1.Қала жайлы қысқаша мәліметтер. Шаһар Сырдария өзенінің оң жағына қарай Шардара бөгенінің солтүстік жағасында орналасқан. 1968 жылдан бері қала мәртебесін иеленген. Бүгінде Шардара ауданының орталығы. Қала тұрғындарының саны 28 мың 209 адам.
2. Шаһар тарихынан. Ресми мәліметтерге жүгінсек, қаланың атауы көне парсы тілінде «Төрт қақпа» деген мағынаны білдіреді екен. Оның өткеніне бойласақ, бұрын қала аумағында 8 ғасырда егіншілігі мен қолөнері,мәдениеті қоса дамыған үш қала-қамал болғандықтан солай аталған деп ой түйеміз.
Бірінші Ақтөбе,Екінші Ақтөбе,Жаушықұмтөбе сияқты үш қаланы қосқанда бұл қаланың төрт қақпа аталуы заңдылық әрі ұйымдастырылған экпедициялардың мәліметтерінде толығымен айтылған.
3. Қала кәсіпорындары. Шаһардың экономикасы мен ерекше әлеуетін анықтайтын өндіріс орындары десек, мұнда «Шардара су электр станциясы» АҚҚ, «Шардара мақта» АҚ, «Шардара нан» АҚ, «Шардара балық» ,орман шаруашылығы, Шардара мемлекеттік қазыналық балық өсіру кәсіпорны, асфальт зауыты сияқты атының өзі халыққа қажетті сұраныстарды өтейтін кәсіпорындар мен шаруашылықтар орналасқан.
4. Шаһардағы әлеуметтік қызмет көрсету мекемелері. Шардара қаласында орталық емхана, туберкулезге қарсы диспансер,санитарлық-эпидемиологиялық станса бар. Білім беру саласына келсек, жалпы білім және кәсіптік білім беретін,музыкалық,спорт мектептері жұмыс істейді.
5. Өңірдің тарихи орындары. Шежіреге толы, тарихы тереңде жатқан Шардарада бүгінге дейін толық сақталған орта ғасырлық ескерткіштердің бірі – «Ұзын ата» кесенесі. Ұзын-ата ауылдық округінен 8 шақырым жерде орналасқан бұл ескерткіш - XV ғасырдың басында дүниеге келген тарихи жәдігер. Деректер бойынша оны Ақсақ Темір салғызып, Орта Азияда ислам дінін таратумен айналысқан , онда шын есімі Асан ата деп аталған әулие кісі жерленген екен. Ол кісі Ақсақ Темірдің жақын кеңесшілерінің бірі болған.
6. Шардараны суландыру жоспары.
Бұл өңірді суландыру жолындағы ұлы жорық 1958 жылдың тамыз айынан бастау алады. Сол жылдары Шардара құрылыс басқармасы құрылып, оның бастығы Ә.К.Қасымов бастаған 26 адам қазіргі Шардара қаласы орналасқан Жаушықұмға келіп қоныс теуіпті. Өз дәуірінде бүкіл Кеңестер Одағында ерекше маңызға ие болған нысан – Шардара су электр станциясының құрылысы 1967 жылдың 15-қазанында аяқталып, пайдалануға берілген.
7. Шағаласы шулаған, балығы тайдай тулаған –Шардара. Соңғы жылдардағы мәлімет бойынша өңірде туризмді дамыту жоспары бойынша Шардара ауданында 255 гектар аумаққа инфрақұрылым тартылып,60 нысан салу жоспарланып отыр. Сондықтан суы таза,бағасы қолжетімді Шардара су қоймасы жанындағы жағажайда демалуға айырықша көңіл бөлінген. Бүгінде мұнда отандық туризмді дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Болашақта шет елге қарай ағылмай, өз елімізде шағаласы шулаған, балығы тайдай тулаған Шардара айқара есігін ашып, 45 мыңға жуық турист келіп демалу мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Қала жайлы мәліметтерді топтастырған: Раушан Бекмырзақызы.
фото: ашық ақпарат көзінен.