«Шаһарларға саяхат» айдары тағы бір халқымыздың тарихында ерекше орны бар, Алаш астанасы атанған - Семейге ат басын тіреді.
1.Қала тарихынан. Семейдің негізі 1718 жылы қаланған,ол Петр 1 шығыс жеріне және Ертіс өңіріндегі бекіністеріне қорған салу туралы жарлық шығаруына байланысты, құрылыс 1714 жылдан 1720 жылға дейін созылған. Семипалат бекінісі Ресей мен Қазақстан арасындағы негізгі сауда орталықтарының дамуы арасында ерекше роль атқарды. Тарихи деректерді сөйлетсек, 1854 жылдың 1 қазанында шағын қала бірден облысқа айналып,салтанатты түрде ашылуы өткізілген.
2.Семейдегі білім ордалары.Семей алаш зиялыларының білім нәрімен сусындаған шаһар ретінде де бізге ерекше.1863 жылы қалада 2 оқу орны болған.Оның бірі уездік училище,екіншісі шіркеулік-приход училищесі,14 қазақ және 9 жеке татар мектептері. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қалада ерлер мен әйелдер классикалық гимназиялары, мұғалімдер семинариясы жұмыс істеді. Әлімхан Ермеков Семей ерлер гимназиясын алтын медальға бітірсе,мұғалімдер семинариясында Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтпаев оқыған.
3.Ұлы достық іздері. Семейде орыстың ұлы жазушысы Федор Михайлович Достоевский тұрып, өзінің мәңгілік шығармаларын жазды және П.П.Семенов Тянь-Шанский мен Шоқан Уәлиханов, Г.Потаниндермен кездесті. Семейге Петербург университетінің студенті Е.П.Михаэлис саяси жер аударылып келді, Н. Долгополов, С. Гросс, П. Лобановский, А. Леонтьев, Н. Коншин және басқалары Семейде үлкен ғылыми және мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізді. Е.П.Михаэлис, Н.Долгополов жєне С.Гросс сияқты азаматтар қазақтың ұлы ағартушысы Абай (Ибраћим) Құнанбаевпен достық қарым-қатынаста болды.
4. Алаш қаласы атануы.1917 жылдың 5-13 желтоқсаны күндері Орынборда II бүкіл қазақ құрылтайы өткізіліп,онда Алаш астанасы — Семей қаласы болып бекітілген және «Алаш» қаласы деген жаңа атауға ие болған.
5.Алаштықтар басылымы.1917 жылдың маусым айынан бастап Семей қаласында «Айқап» журналының бағытына жақын апта сайын шығатын «Сары-арқа» үнқағазы шыға бастады. «Сары-арқа» үнқағазының редакторлары Р. Марсеков пен К. Ғаббасовтар болды. Оның беттерінде Ә.Бөкейхановтың, М.Дулатовтың, А.Ермековтың, М. Молдыбаевтың, Ж. Ақпаевтың мақалалары және басқа да Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің мақалалары жарияланған.
6.Семей мәдени,тарихи орталық.1928 жылға дейін Семей губерниялық қала, одан кейін округтік болды; 1932 жылы республика облыстарға бөлінді, алғашқыда Семей Шығыс Қазақстан облысының орталығы болып, 1939 жылдан Семей облысының орталығы болды.
Семей – тек Шығыс Қазақстандағы емес республикадағы мәдени, тарихи орталық болып саналады. Мұнда Абай және Ф.М. Достоевский мұражайлары, Қазақстан мен Батыс-Сібір өлкетану музейі, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайы, кітапханалары бар. Қазақтың Абай атындағы сазды-драмалық және Ф.М. Достоевский атындағы орыс драмалық театрлары бар.
7.Алғашқы аспалы көпір.ТМД мемлекеттерінің ішінде жалғыз аспалы көпір де Семей қаласында.Қаланың мақтанышына айналған бұл нысанның биіктігі 90 метр,ені 35 метр,ұзындығы 750 метр.Бұл аспалы көпір Ертістің арғы жағы мен бергі жағын ғана емес,Азия мен Еуропаны, қыр мен Сібірді жалғастырып тұр. Әлемде көлемі бойынша 17-орынды иеленетін стратегиялық маңызы зор нысан 2000 жылы 17 қазанда салынған.
Қала тарихына қатысты мәліметтерді ашық ақпарат көздерінен алып, жинақтаған: Раушан Бекмырза
Фото: arnapress.kz