«Шаһарларға саяхат» айдарынан қазақ халқының біртуар перзенті,академик Қ.И.Сәтбаевтың есімін иеленген кеншілер қаласы жайлы мәліметтермен таныстырамыз.
1. Қаланың өткен тарихынан.1954 жылы Жезқазған кенішінен 7 шақырым жерде, солтүстік – шығысқа қарай кеншілерге арналып жаңа жұмысшылар поселкесі салына бастайды. 1956 жылы салынып жатқан жаңа жұмысшылар поселкесіне Никольск деген ат беріледі. 1973 жылы 25 желтоқсанда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес Президиумының өкімімен Никольск поселкесі Никольск қаласы болып ауысып, оның құрамына Жезқазған және Северный поселкелері кіреді. 1954 жылдан 1973 жылға дейін Никольск қаласы Жезқазған қаласының, кейін Жезқазған облысының қарамағында болады. 1990 жылы 13 қыркүйекте Никольск қаласы Сәтбаев қаласы болып ауыстырылады. Ал 1997 жылы Сәтбаев қаласы Қарағанды облысының қарамағына өтеді.
2. Сәтбаев- кеншілер қаласы. 1958 жылы аймақтың барлық түсті металлургия кәсіпорындарын қосқан кен металлургия комбинаты құрылды, кейін ол «Түстімет» ғылыми өндірістік бірлестігі деп аталды. Бұл ірі кәсіпорын 1995 жылы дүниежүзілік аты бар ірі мыс компаниясы болып келетін «Қазақмыс» корпорациясына ауысты. Сәтбаев қаласы өндірістік объектілерінен «Қазақмыс» корпорациясы құрамына ірі Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс, Батыс, Анненский, Дала және Жомарт кеніштері, байыту фабрикасы кірді. Сәтбаев қаласының тарихы Жезқазған кенді аймағын жан-жақты зерттеп оның қазба байлықтарын игеру жөніндегі игі жұмыстар қазақтың ұлы ғалымы, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімімен тікелей байланысты.
Қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы. 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 45,4 млрд. теңгеге жеткен. Қалада шағын және орта бизнес жақсы дамыған.Кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 2792, бұл салада 5523 адам еңбек етеді. Ауылшаруашылық саласында жалпы өнім көлемі 1,2 млрд. теңге,яғни 2016 жылмен салыстырғанда 13% өскен.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 15,4 млрд. теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 15% өсті.
3. Шаһардың бизнес әлеуеті. Қаладағы «Ахтямов» ШҚ құс фабрикасы, (бүгінгі таңда 45 мың бас тауық бар, жұмыртқа өндірісі 3,5 млн. теңгені құрады), толық қуаттылыққа шыққанда (жылына 20 млн. дана жұмыртқа) барлық Жезқазған аймағының тұрғындарын 63%-ға қамтамасыз етеді.
«Жагипарова М.К.» ЖК, макарон өнімдерінің өндірісі бойынша кәсіпорын, қуаттылығы жылына 600 тонна макарон өнімдері, өндірістік қуаттылыққа шыққанда қала тұрғындарын 94%-ға қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.Сондай-ақ, «Устай» ЖК шұжық цехы, «Каз-ет» ЖК ет өңдеу цехы,«Triksat» «Эберман А.В.» ЖК тоқыма цехы өнімдері Жезқазған өңіріне кеңінен танымал.
Айта кетерлігі,туристік бағыттағы «Ulytau» қонақ үйі «Инсебаев А.У.» ЖК, қалаға және жалпы Ұлытау ауданына туристерді тарту мақсатын көздеп отыр.
4. Қаланың өндірістік көрсеткіштері. «Қазақмыс» корпорациясы аймақтағы мыс өндіруші негізгі кәсіпорын болып табылады. 2017 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 17 млн. тонна болса, ол 2016 жылмен салыстырғанда 0,6% жоғары.
Өткен жылы Жыланды кен орнында жаңа кеніштер іске қосылды (Шығыс Сарыоба және Қарашошақ), 208 жұмыс орындары құрылған.
5. Қаладағы құрылыс саласының дамуы. Соңғы екі жылда қаланың экономикалық дамуына құрылыс саласы маңызды үлес қосуда. Жаңа «Нұрлы мекен» ықшам ауданынының құрылысы аяқталса, 2017 жылы жалпы аумағы 77,8 шаршы метрді құрайтын (1150 пәтер) 25 бесқабатты көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жалғасуда. №7 ықшам ауданда жалпы аумағы 18 956,36 шаршы метрді құрайтын екі жатақхананың құрылысы жүргізілуде.Бір сөзбен айтқанда ,қаладағы құрылыс қарқынын пайдалануға берілген жаңа үйлерден байқауға болады.
6.Бар жақсылық-балаларға. 2018 жылдың 1 ақпанынан бастап бірінші сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету туралы шешім қабылданып,ол үшін қалалық бюджеттен 53 млн. теңге бөлінген.Балалар мен ересектер үшін бос уақытты ұйымдастыру және спортпен айналысу мақсатында «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС-нің демеушілігі арқасында 127 млн. теңге болатын «Шахтер даңқы» аллеясының аумағында ашық мұражай ашылған. Шахтерлардың алаңында «Балапан» балалық ойын кешені орнатылып, «Нұрлы мекен» алаңында қолөнер қалашығы , ССК аумағында «Streetball» алаңы салынған,мұның бәрі де жергілікті қала кәсіпкерлерінің демеушілігі арқылы пайдалануға берілген.
7. Қаланың қазіргі келбеті мен тынысы. Биыл Сәтбаев қаласының құрылғанына 45 жыл толды. Қала жұртшылығы ардақты перзентінің атын иеленген шаһардың бұл айтулы мерекесін айрықша атап өтті. Бүгінгі таңда кеншілер қаласында осы жылдың есебі бойынша 69 мың 644 адам тұрады. Қалада 34 білім,16 денсаулық сақтау,5 мәдени нысандар жұмыс істейді.
Шаһардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жайлы мәліметтер қала әкімінің тұрғындар алдындағы есебінен алынды.
Qazir үшін ашық ақпарат көздерінен материалды дайындаған: Раушан Бекмырза.