«Ері жеріне тартып туады», деп бекер айтпаған. Жүзіне жарқындық пен имандылық қатар қоныс тепкен Қайырбек Изатбекұлының үлгі тұтарлық адами қасиеттерінің қайнар бастауында қазақ елінің мемлекеттілігі үшін күрескен Алаш қозғалысының көшбасшылары Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақпаев, қазақ опера және театр өнерлерінің негізін қалаушылар, күміс көмей әншілер Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов сынды тұлғалар шоғырын дүниеге әкелген нұрлы да әсем Ақтоғай елінің тұрғанын айтқан жөн.» Алаш аманатына адалдықпен қарайтын,ұлттық өнердің жанашыры Қайырбек Сәдуақасов туралы «Жүректе қайрат болмаса» айдарында.
Өткеннің өрнегін, бүгіннің бергенін санаға салып, салмақтап қарасаң, тиегі ағытылып, тілі шешіліп, көп жайт көңілдің тақтасына түсе қалады. Бабадан қалған салты мен атамұра дәстүрін ерекше қастерлейтін, өнері мен өлеңін, қасиетті тілі мен ділін төбесіне көтеретін осынау бір қазақи өңір 1944 жылы 6 наурызда дүние есігін ашқан Қайырбектей ұлын әрдайым асулы армандарға құлаш ұрғызып, ізденіс мақсаттарға жетеледі. Қайреке болса сол биік межелерден табыла білді, әлі де табылып келеді.
Сарыарқаның сары даласында балдәурен балалық шағы өткен Қайырбек тез есейді. 1960 жылы 16 жасында М.Горький атындағы №1 Ақтоғай орыс орта мектебін алтын медальмен бітіре салысымен еңбекке араласты. Еңбек жолын Қоңырат аудандық байланыс саласында техник болып бастап, Қарағандының «Гипроуглегормаш» ғылыми-зерттеу институтында лаборант, Ақтоғай орта мектебінде мұғалім болды. Бүгінде дүйім елді тәнті ететін терең танымдылығы мен білім парасаттылығы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қабырғасында қалыптасты, мұнда білім нәрімен сусындай жүріп, еңбек етумен де айналысты, атап айтқанда, кафедрада лаборант және кабинет меңгерушісі қызметтерін атқарды. Аталмыш оқу орнының физика факультетін бітірген соң туған жеріне оралып, өзі оқыған мектепте директордың орынбасары, Ақтоғай аудандық оқу бөлімінің инспекторы болып, айтулы ағартушыға айналды.
Тұлпардың тегін тұлпар таниды, сұңқардың самғауын сұңқар ғана көре алады. Адамгершіліктің игі қасиеттерін бойына ұйытқан талант иесін жазбай таныған ел ағалары Қайырбек Изатбекұлына жаңа өріс ашты. Өз кезегінде, бұл Сәдуақасовтың қоғамдық-саяси өмірге етене араласуына мол мүмкіндік берді.Өткен ғасырдың 70-жылдары басынан Ақтоғай, Жезді,Жезқазған,Қарағанды елді мекендерінде аудандық, сондай-ақ облыстық деңгейлердегі партия, кеңес және атқарушы органдарында түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Философтардың тілінде «Сократпен де, Зенонмен де тіл таба біл» дейтін нақыл бар. Біріншісі қанша өмір сүргің келсе, соншама мүмкіндік жасайды, ал енді екіншісі ажалыңнан бұрын өлтіреді екен. Ол кісі қай қызметте жүрсе де талай Сократ, талай Зенондармен үзеңгілес болса да тіл табыса білді. Асыл мінез иесі еш уақытта өзін дараламай, бөлінбей, жұртты біріктіре жүрді.
Кейіпкеріміз қоғамдық жұмыстармен де айналысып, өлкетану істеріне белсене араласты, аймақтың тарихын және әйгілі перзенттерінің өмірлері мен шығармашылығын зерттеуге, олардың есімдерін жұрттың жадына сіңіруге, тарихи-мәдени ескерткіштерді жаңғыртуға, мәдениет пен өнерді өркендетуге, әсіресе қазақ тілін, ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттауға ұйтқы болды.Шыны керек, сол бір тұс қазақ тіліне қатысты мәселелер төңірегінде арыстан баққан ауылдай алыс-жұлысы, айтыс-тартысы, арбасуы әрі айқасуы жетіп артылатын шақ еді. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуына, оның қолданыс аясының кеңеюіне небір түрлі қарсылықтар білдіріліп, іштен шалып жататын жағдайлар аз еместін. Баспасөз беттеріндегі қазақ тілінің жай-күйі жөніндегі мақалалар бітіспес күрестің сипатында еді. Мұндай ортаға рухы мықты, төзімі зор, ұлтым деп ұйқысы қашып, жұртым деп жабығатын, елін ерекше сүйетін адам ғана ат басын бұруға тәуекел етері шындық. Міне осы бір тағдырлы сәтте Қайырбек Изатбекұлы Сәдуақасов Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құру жөніндегі Жезқазған өңіріндегі бастамашысы және де құрылтайшысы, оның облыстық басқармасының алғашқы төрағасы болып сайланды, облыстық тіл басқармасының бастығы болды, сөйтіп ана тілімізді мемлекеттік тіл тұғырына қондыруға, қолданылу аясын барынша кеңейтуге, оның беделін арттыруға көп жұмыс жасады және тәуір жетістіктерге қол жеткізді.
Халқымыздың өсиеті мен өнегесін, ақ батасы мен адал тілегін, дәстүрін, дәріптер тағылымдарын, мәуелі пікірлерін, қанатты сөздерін жинақтап, дүйім елге үлгі етуді өзіне парыз деп санаған Қайреке, бұл бағытта да айтарлықтай еңбек етті. Мәселен, әйгілі қоғам қайраткерлері, оның ішінде Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақпаев, Әлімхан Ермековтің, айтулы ақындар мен әншілер, күйшілер, суретшілер, билер және халық батырлары Шабанбай би Қалқаманұлы, Досұлы Жидебай батыр, Сарым Жалаңтөс (Соқыр) батыр, Ақжолтай Ағыбай батыр, Шортанбай Қанайұлы, Әсет Найманбайұлы, Ықылас Дүкенұлы, Сайдалы Сары Тоқа, Шашубай Қошқарбайұлы, Нарманбет Орманбетұлы, Қожабай ақын, Тайжан Қалмағамбетұлы, Болман Қожабайұлы, Маясар Жапақұлы, Қасым Аманжолов, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ақжан Машанов, Сахи Романовтың тиісінше мерейтойлары, сондай-ақ Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығына, Қазақтардың халықаралық бірінші құрылтайына, Сарыарқадағы құсбегілердің тұңғыш республикалық, халықаралық «Бүркітші қансонарда», «Салбурын» сайран - сайыстарына, атаулы даталарға, кәсіптік мерекелерге арналған шаралардың сценарийлерін жазып, ұйымдастырылуына тікелей басшылық жасап, олардың абыройлы өткізілуіне қоян-қолтық араласқаны жұртшылық жадында.
ҚайырбекСәдуақасов Жезқазған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, осы облыстың мәдениет басқармасының бастығы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры қызметтерін атқарған тұста бұл салаға ерекше мән беріп, көптеген игі істерді қолға алды. Атап айтқанда, ол Ұлытау тарихи-мәдени және табиғат қорығы, Ақтоғай -Қызыларай тарихи-этноархеологиялық ұлттық қорық паркі, Ортау-Дарат шығыры қорығының концепцияларын дайындады. Жезқазған облыстық тарихи-археологиялық музейінің, аталмыш Ұлытау республикалық қорығы, Жездідегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі, Ақтоғай аудандық тарихи-археологиялық-этнографиялық, С.Сейфуллин атындағы Жаңаарқа аудандықәдеби-мемориалдық музей-кешені, Шортанбай атындағы Шет аудандық тарихи-этнографиялық музейлерінің ұйымдастырылып ашылуына белсене араласты. Ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімін мәңгілікке сақтау үшін Жезқазған облысындағы музейлердің ол жайындағы тақырыптық экспозициялар жасалуына, сонымен бірге Павлодар облысының Баянауыл аудандық музейінің Жезқазған өңірінің минералдары және экспонаттарымен толықтырылуына септесті.
Мұның сыртында Қайырбек Изатбекұлы жыл сайын дәстүрлі өткізіліп отыратын «Ұлытау үні», «Байқоңыр дауысы» фестивальдерінің, ең алғашқы наурыз бен өзге де мерекелердің концепциялары мен сценарийлерін дайындап, режиссураларын басқарды. Фестивальдердің арқасында көптеген әнші, күйші, бишілер, суретшілер, сазгерлер, қолөнер шеберлері аймаққа, республикаға кең танымал өнерпаздар атанды. Осылайша талай бұлақтың көзін ашты, арнасын кеңейтті. Бейнелеп айтсам, ол шілденің аптабы мен аңызағында саясында сан адамды паналатқан өнер дейтін ғаламат әлемдегі ғажап бәйтерекке айналды.
Сәдуақасовтың айрықша сүйсініп араласқан істерінің бірі - айтыс өнері. Ұлтымыздың осындай бірегей де асыл рухани мұрасын жандандыру, қалпына келтіру, дамыту, бұрыннан бойында осындай қасиеті бар жасамыс ақындарды тарту, жас дарындарды баулу ісімен ынта-ықыласпен айналысты. Сол тұста өз заманының зейіні зерек теңдессіз журналисі, көсемсөзші Камал Смайыловтың қолдауымен, барша алашқа танымал ақын, журналист Жүрсін Ермановтың өткен ғасырдың 80- жылдары ұйымдастыра бастаған теле - айтысы қазақтың айтыс өнерінің қайта өрлеген ренессанс дәуірінің бастау бұлағына айналды. Сол жылдары тек оқушы-жастардың Жезқазған облыстық айтысына 40-тан астам жасөспірімнің қатысқан кездері болды. Сондай-ақ, жыршы-жыраулық, термешілік өнер де қоса өркендей бастады. Осы кезеңде әйгілі ақын, жырау-термеші, «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» Шынболат Ділдебаев бастаған Жезқазған облысының айтыскер ақындары өз еліміздегі тұңғыш рет өткізілген республикалық командалық айтыстың жеңімпазы болуы өлкенің айтыс өнеріндегі әлеуетінің мығым екендігін нақты дәлелдеп, жас буын ақындардың терең іздене бастауына үлкен себепкер болды. Қазіргі елге танымал айтыс майталмандардың, жас берен талапкерлердің көпшілігі Орталық Қазақстан түлектері. Олардың алдыңғы буынының біразы бүгінде айтулы ғалым, белгілі журналист, танымал қоғам қайраткері болып жүр.
Иә, мына өмірде қалай дегенмен де тынымсыз еңбек жеңіс береді, ақыл-ой бағаланады, талант танылады.Өмір жолы бай Қайырбек Сәдуақасовтың өнер өлкесін өзгелер өсірмеген өзгеше гүлмен көмкерген көп жылғы қиын да қастерлі еңбегі, халқына жасаған адал қызметі үкімет наградаларымен – «Ерен еңбегі үшін», «Тың игерудің 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медальдерімен, Қазақстан Республикасы Премьер- Министрінің Құрмет грамотасымен арнайы аталып өтті. Ол«Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» атағына ие болып, «Тіл жанашыры» Құрмет белгісімен марапатталды.Қайырбек Изатбекұлы – Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы.
Шу бойының сүлейі, «Құтты біліктей» рухани биік қазына иесі Жүсіп Баласағұн «Қадірлі кісі қартаймайды» деген екен.Дәл осы сөз Қайрекеге арнап айтылғандай. 75 деген мерейлі жасқа қадам басқан сәтінде де ол жұмыстан қол үзген жоқ. Бүгіндері Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің баспасөзге мониторинг жасау жөніндегі кеңесші. «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Рухани қоржынында сан алуан жүк теңдері бар және бола да бермек. Олай болса, сексеннің ауылына қарай керуен тартқан көшіңіз көлікті болсын, құрметті Қайреке!
Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанушы,
«Құрмет» орденінің иегері.