Осыдан біраз бұрын әлемнің 11 елін мотоциклмен жалғыз аралауға бел байлаған Неаполь бейнелеу академиясының профессоры, мүсінші Розария Лазетта Астанаға соғып кетті. Жәй емес, әрине. «Сары жылқы эволюциясы» атты жобасы үшін отандық өнер саласындағы атақты әйелдермен сұхбаттасып, олардың әлеуметтік мәртебесі мен өз өміріне қаншалықты көңілдері толатынын біліп кетті. Бүгін осы сапар барысында қадірлі мейманның айтқан ой-пікірімен «Елорда дидары» айдарынан таныса аласыздар.
Розария Жапония үкіметінің гранты бойынша әрі Италия үкіметінің қолдауымен Токио өнер университетінің магистратурасын тәмамдаған. Қазір Неаполь бейнелеу өнері академиясында ұстаздық етуде. Өз туындыларында әлеуметтік мәселелерді бейнелейді. Оның айтуынша, өнер туындысы әлеуметтік қажеттіліктерге негізделіп, бұрын-соңды көтерілмеген өзекті мәселелерді көрсетуі тиіс.
- Әлемнің 11 елін мотоциклмен жалғыз аралауға не түрткі болды?
- Жапонияның қиыр шетінде жұмыс жасап жүрген кез. Италия мен Жапония бір-бірінен мүлде алыс жатқан мемлекеттер. Соған қарамастан, кейбір әлеуметтік мәселелерге келгенде ұқсас екенін байқадым. Осыған тереңірек үңілгім келді. Артынша Неаполь-Мориока сапарын жоспарлауға кірістім. Аталған екі қала тек морфологиялық тұрғыдан (Неапольда Везувий және Мориокада Ивате тауы) ұқсас емес, Еуропа мен Азияда жолдың басы мен аяғын білдіретін антиподтар. Әрі аталған қалалар екі экстремалды мәдениеттің мысалы. Осылайша Италиядан басталып Жапониядан аяқталатын сапарымда 11 елдегі 45 қаланы аралап, бейнелеу өнері саласында өз арманына жеткен әйелдермен сұхбаттасып жүрмін. Мұндағы мақсат: әйелдердің әлеуметтік мәртебесі мен өз өміріне қаншалықты көңілі толатынын саралау. Яғни «Сары жылқы эволюциясы» бұрынғылардан өзгерек жоба. Әлеуметтік мүсін. Бұл арқылы мен әртүрлі мәдени ортадағы ұқсас әлеуметтік өзгерістерді тауып, көрсетпекшімін. 45 қаладағы кездесулердің басым бөлігі алдын-ала жоспарланды. Сұхбаттар бейнетаспаға жазылады. Сауалдар негізінен олардың өнер жолын таңдауы және кездескен қиындықтары туралы болады. Сұхбаттар ағылшын тілінде жүргізіледі. Соңыра деректі фильм жасалып, субтитрлармен Азия мен Еуропада көрсетіледі. Бұл жас ұрпаққа қайырымдылық ретінде берілетін куәгер. Бұны әрі бейнелеу өнері саласындағы әйелдер қауымына жасалған қолдау сонымен қатар, осы саладағы жастарды қанаттандыру үшін жасалған қадам деп те қабылдауға болады. Себебі қазір оларды жігерлендіретін мысалдар аздық етеді. Әрі жалпы әйел құқығы әлі де болса толық қорғалған деп айту қиын. Менің ойымша, әйелдер әлі әлсіз. Себебі біз дәстүрлі отбасылық құндылықтарға сусындап өскенбіз. Біздің ұғымда әйелдің бақыты отбасыға байланған. Бірақ, өмірде отбасыдан басқа да маңызды нәрселердің бар екенін ішіміз сезеді. Сондықтан, ішкі дауысты тыңдағанымыз абзал. Қаншалықты қиын болса да өз жанымыздың қалауымен жүрген жөн. Өйткені өмір біреу әрі көп жағдайда біз өзгелердің айтқанымен жүріп, өзімізді ұмытып кетеміз. Мен бірде неге қазір бізде Микеланджело иә болмаса Леонардо да Винчи сияқты таланттар жоқ деген сауал төңірегінде біраз ойландым. Олар өз ішкі дауыстарын тыңдады әрі жаратушымен байланысты болды. Жастар өздерін жалғыз сезінеді. Сондықтан, алкаголь немесе есірткіге тәуелді. Яғни олардың рухы мықты емес. Студенттерім бұл жоба туралы естігенде қайран қалып, сұрақтың астына алды. Сол әңгімеден соң өз-өзіме студенттеріме арманымнан оңайшылықпен бас тартпайтынымды көрсетуге тиіспін деген сөз бердім. Қиын болса да, ақыр аяғында жолым болмай жобам аяқсыз қалса да бастысы, бас тартпадым, жолға шықтым.
- Неге мотоциклмен жүрсіз?
- Мүсін жасағанда бірнеше ай бойы тапжылмай студияда отыруға тура келеді. Бұл жолы кездесу мен түрлі қарым-қатынастардан тұратын әлеуметтік мүсін жасағым келді. 11 елді бірінен соң бірі мотоциклмен басып өту және кейіпкерлеріммен бетпе-бет кездесіп, сұхбаттасу метафора. Ал, мотоцикл сұхбаттасқан әйелдердің тәжірибесін бір қауымдастыққа біріктіруге қажетті құрал.
- Жобаның «Сары жылқы эволюциясы» аталуының сыры неде?
- Тарихқа сенсек, Ивата әкімшілік аумағының жылқылары жүйрік болған екен. Жапонияның солтүстігіне тән осы ерекшелікке елдің назарын аудартқым келді. Жарқын болсын деп сары түсті қостым. Бірақ, бұл тек менің мотоциклмнің түсі емес. Сонымен қатар, қараңғыда қалып қойған маңызды мәселелерге сәулесін шашатын жарық пен бақыттың белгісі. «Эволюция» сөзінің мағынасын бәрі біледі деп ойлаймын. Яғни бұндағы ой осы сапар барысында санаға сіңген жаңа түсініктерге сай жаңаруға шақыру. «Сары жылқы эволюциясы» әлемдегі әйелдер қауымдастығының бірігуіне сеп болады деген үмітім бар.
- Қай елдерді аралап жүрсіз сонда?
- Менің сапарым маусымның жиырма жетісі күні туған жерім Неапольдан басталды. Одан кейін Словения, Хорватия, Босния және Герцеговина, Сербия, Венгрия, Украина, Ресейді басып өттім. Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Қытай, Оңтүстік Кореяны аралап, Жапонияға барамын.
- Қазақстан қандай екен?
- Қазақстанда тұрмыс құрып, ана болған жас әйелдер көп екен. Бұл әрине, жақсы. Бірақ, бұл өз арманы ма, әлде отбасы мен қоғамның ықпалы ма?! Әңгіме осында. Италияда жағдай басқаша. Әйтеуір күйеуге шықсам болар деген жоқ. Міндетті түрде жақсы жігітке шығуға тиіссің. Сондықтан, біз басқа проблемамен бетпе- бет келіп отырмыз. Айтпағым, Италиялық еркектер әйелдерге қарағанда кеш ақыл-ой тоқтатады. Әйелдер еркектерге қарағанда мықтырақ. Бірақ, соған қарамастан бізде әлеуметтік тұрғыдан алшақтық бар. Мәселен, әлі күнге әйелдердің мүмкіндігі аздау, жалақысы төмендеу. Тағы бір байқағаным, Қазақстан Азия емес. Мен көзіммен көргенімді әрі жүрегіммен сезгенімді айтып отырмын. Азияда негізінен әйелдер еркектің айтқанымен жүреді. Ал, сіздерде әйелдердің ойы тәуелсіз. Бұл потенциялдың жоғары екенін білдіреді.
- Бізде белсенді әйелдерге түрлі деңгейде қолдау бар.
- Италияда да әйелдерді қолдайтын саясаткерлер аз емес. Бірақ, ол тек имидж. Шынтуайтына келгенде, кейбір салаларда әйелдерде мүмкіндік анау айтқандай көп емес. Мәселен, менің студенттерімнің басым бөлігі қыздар. Бірақ, қанша әйелдің мүсінші иә болмаса профессор болуына мүмкіндігі бар?! Олар қаншалықты өздеріне сенімді?! Біздің өзімізге деген сенімнің жоқтығы отбасына байланысты болып көрінеді. Біздің ата-анамыз өзімізге сенімді болуды үйретпейді.Сондықтан, өмірде өз жолымызды табу оңай емес.
- Өзіңіз ше? Сіздің отбасыңыз таңдауыңызға қаншалықты ықпал ете алды?
- Менің әкем әскери салада қызмет еткен кісі. Көзі ашық, көкірегі ояу. Соған қарамастан, ұлдарына көбірек сенім артты. Мүсінші болуды әкеме бола таңдаған да шығармын. Мен үшін сурет салу аздық етті. Бәлкім, мүсін жасау арқылы еректерден артық болмасам кем емеспін дегенді айтқым келген шығар, бейсаналы түрде. Уақыт өте келе әкеме алғыс білдіруім керек екенін түсіндім. Себебі өнерге әкемнің арқасында келдім.
- Ал, ол сіздің таңдауыңызға қуана қарады ма?
- Ол мені профессор болғанда ғана мойындады.
- Біраз уақыт кеткен екен.
- Иә. Бірақ, менде таңдау болды. Сол үшін ата-анама алғысым шексіз. Жиырма екі жасымда Жапония үкіметінің грантын ұтып алып, қиыр шетке оқуға кеттім. Ешқайсы қалауыма бөгет болып, бетімнен қақпады.
Ой түйін.
Алыстан ат арылтып келген қонақты Астанада «EXPO&Woman» халықаралық ұйымының атқарушы директоры Ләззат Асқарова, Астана қаласы суретшілер одағының төрағасы Жанұзақ Мүсәпір, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақ Елі» монументінің авторы, мүсінші Сембіғали Смағұлов, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, суретші Ақтоты Смағұлова, «Хас Санат» өнер галереясы өкілдері бәріміз бірлесіп, құрметтеп күтіп алдық. Әңгіме-дүкен құрдық. Артынша Астана қаласының суретшілер одағы «қуыс үйден құр шықпа» деген салт-дәстүрмен естелік ретінде сый-сияпат көрсетті. Қазақтың «қырықтың бірі қыдыр» деп кез-келген жолаушыны құдайы қонақ ретінде қабылдап, төрін беріп, барын алдына тосатын салт-дәстүріне Розария басын шайқап, таңданысын жасыра алмады. Жол бойы қазақтың осындай қонақжай мінезіне куәгер болған ол «бұл азиялықтардың бәріне тән емес. Менің бағамдағаным, Қазақстанды Азия деу қиын. Шынтуайтында, сіздер Азия емессіздер»,-деп аттанды.
Qazir үшін сұхбатты дайындаған: Зейнет Мұсабаева