Адамның өмірін мәнді ететін еңбек. Осы бір көзге көрінбейтін кеселмен күрес кезінде қоғамда еңбек адамдарының орны айқын көрінді. Антына берік ақ халатты жандар қауіпті дерттен қаймықпай адам өміріне араша түссе, қорғаныс және құқық қорғау салаларының қызметкерлері күн-түн демей, елдің қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғап жүр. Күнделікті тіршілік ырғағын жылумен, жарықпен, сумен және азық-түлікпен қамтамасыз ететін жандардың бұл күндері жауапкершілік жүгі тіпті ауырлай түсті. Ел ішіндегі ерекше қамқорлыққа мұқтаж жандарға қажетті заттары мен дәрі-дәрмегін дер кезінде жеткізіп беретін еріктілердің еңбегі өлшеусіз.
Кәсіподақтар Федерациясының аумақтық кәсіподақ бірлестіктері қиын кезде халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандарға ризашылығын білдіріп, арнайы алғыс айту үшін «Еңбек адамдарына рахмет!» атты челленджін өткізді. Шымкенттен бастау алған, жақсылық жасаудан жарысқан жандардың еңбегін жарқырата жайып салуды мақсат еткен челлендж барысында талай еңбек адамының аттары аталып, көпшілікке таныстырылды. Мысалы, Шымкент дезинфекциялаушы мамандар қызметіне алғыс айтудан бастаса, Батыс Қазақстан кәсіподақтар аумақтық бірлестігі өзгелер үйде отырғанда тіршілік көзі сумен жабдықтайтын «Батыс Су арнасы» ЖШС-ның тәулік бойы уақытпен санаспай еңбек ететін айтып, алғыс жолдады. Алматы облыстық кәсіподақтар бірлестігі «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық филиалының 800 пошташысы 151 мың мерзімді басылым мен мыңдаған хаттарды,15 мың зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді үйлеріне жеткізіп салатындығына тоқталып, ризашылықтарын білдірді.
Олар басқалар сияқты қашықтықтан жұмыс істеп,үйлерінде алаңсыз отыра алмайды. Күн сайынғы жаңалықты жеткізіп,ақпарат майданының алғы шебінде жүрген журналистердің тынымсыз еңбегін Ақтөбелік кәсіподақтар орталығы айрықша атап өтті. Уақтылы халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп, дүкендерінде қауіпті елемей жұмысқа жұмылған жандарды Қарағанды кәсіподақтар орталығы назардан тыс қалдырмаса, Жамбыл облыстық кәсіподақтар орталығы 200-ден аса адам еңбек ететін ірі жолаушылар тасымалдайтын кәсіпорын «Әулиеата ТрансПасс» ЖШС жүргізушілеріне, Павлодар медицина және полиция қызметкерлеріне жүрекжарды жылы сөздерін арнап, алғыс білдірді. Қызылорда қала бойынша бес тосқауыл бекетінде тұрған барша жұмысшыларға ризашылығын жеткізсе, Нұр-Сұлтан қалалық кәсіподақтар орталығы «Қазақстан темір жолы - Жүк тасымалы» акционерлік қоғамы - «Ақмола бөлімшесі» мемлекеттік кәсіпорнындағы теміржол қызметкерлерінің еңбегі жайлы егжей-тегжейлі тоқталып, алғыстарын арнады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының 16 аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері атсалысқан «Еңбек адамдарына рахмет» челленджі аяқталғанмен, ел игілігі жолында басын қауіп-қатерге тігіп еңбек етіп жүрген жандардың тынымсыз еңбектері жалғасып жатыр.
Бибінұр Жансейіт .