Qazir : Шахмаран Жүрсінбекұлы, 60 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын. Сіздің өнегелі өмір жолыңыздың 30 жылын тәуелсіздікке дейін және 30 жылды тәуелсіздіктен кейін деп қарастырсақ, жетістікке жетуге, ел игілігіне қызмет етуге игі ықпал еткен жандар мен әсер еткен оқиғалар жайлы айтсаңыз?
- Қасиетті Ұлытау өңірінде дүниеге келдім. Сәтбаев қаласындағы № 14 мектепті бітірдім.Мектеп қабырғасында жүргенде алғаш математика мен физикадан ерекше қабілетімді байқаған ұстазым Дәрмен Оразбаев болса, ал 8 -класстан бастап математикадан сабақ берген Эльвира Васильевна Чудова мен физика пәнінің мұғалімі Наталья Александровна Раткеевич қалалық, облыстық олимпиадаларға дайындап, өзінің баласынан мені артық көріп , ерекше дайындады, білім берді. Оны айтып отырған себебім,біздің класста оқыған өз баласын емес, мені олимпиадаға дайындап, қатыстырды. Қазір бұл мүмкін бе? Өмірде ой салатын, сабақ алатын оқиғалар көп. Мектеп бітіретін 1978 жылы көкем( біз әкейді көке деп атайтын едік) кенеттен науқастанып, ауруханаға түсті.Сол кеншілерге арналған аурухананың келесі палатасында қалалық атқару комитетінің төрағасы Мұзараф Аханов жатыр екен. Мектеп бітіру емтихандарына дайындалып әрі әкемнің қасынан ұзамай қарап отыратын маған ол кісінің мейірімі түсті-ау деймін. Қандай мамандықты таңдайтынымды, қайда оқуға барғым келетінін сұрады. Өзінің кезінде Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық мектебіне (қазір БМТУ)түсуді армандағанын, оған жағдайы мен мүмкіндігі болмағанын, маған сондай елге қажетті техникалық мамандықты игергенің жөн деп ақыл-кеңесін айтты. Өзім де техника саласына барсам деп жүрген ойымды бекіткен, алысқа барып оқуға болады деп ақыл айтқан Мұзараф ағаның сөзі болды. Осылайша, қалаған мамандығым бойынша Қарағанды политехникалық институтының есептеу және автоматтандыруды басқару факультетіне құжат тапсырып, аттестатымда географиядан ғана төрт, қалғаны бес болғасын екі емтиханнан қажетті 9 балл жинап, студент атандым. Сәттілік деген осы болар, сол жылдары емтиханды жақсы тапсырғандар арасынан Мәскеу, Санкт-Петербург(сол кезде Ленинград), Новосибирск қалаларына ұлттық кадрларды дайындайтын бағдарлама бойынша («Болашақ»сияқты бағдарлама) оқуға баруға мүмкіндік болды. Мен үйге барып, қайтып келгенше БМТУ-ға баратын екі жігіттің құжаттарын жіберіп қойғандықтан, сол кездегі Ленинградтағы электротехникалық байланыс институтына оқуға аттандым. Бізді болашақ жоғары білімді ұлттық кадрлар ретінде мойнымызда үлкен жауапкершілік жүгі барын айтып, политехтың ректоры Әбілқас Сағынов, Евней Букетов,Шахмардан Есенов сияқты атақты ғалымдар сәт-сапар тілеп, шығарып салды. Ленинградта института өте жақсы оқып, жоғары стипендия алып жүрдім. 3 курста оқып жүргенде бізге Қазақ ССР Байланыс министрі Сәбит Байжанов келді. Біздің институттың түлегі әрі үздік бітіргесін ол кісінің суреті «Құрмет тақтасында» ілулі тұратын. «Жақсыдан шарапат» деген, менің үздік оқып жүргенімді естіген Министр неге Лениндік стипендия бермейсіңдер деп сұрап, қосымша қоғамдық жұмыстан жүктеме бергізіп, өзінің суретінің орнына менің суретімді ілгізіп кетті. Мен де өзіме артылған сенімді ақтап, А.Попов(радионы ойлап тапқан) атындағы стипендия алып, оқуымды қызыл дипломмен бітіріп, елге оралдым. 1978 жылы Алматыда энергетика институты ашылған, соған келіп , радиотехника және байланыс кафедрасына жұмысқа орналастым. Бір жылдан кейін Мәскеудегі электротехникалық институттың аспирантурасына түстім, оны бітіріп, ғылыми жұмысымды қорғап, техника ғылымдарының қандидаты атандым.
Qazir : Тәуелсіздікке дейін білім қуып, ғылым жолына түсіп, ғалым атаныпсыз. Сол алған білімді, ғылыми ізденістеріңізді өндірісте қалай жүзеге асырып, тәуелсіз елімізді дамытуға үлес қостыңыз?
- Негізі өзім таңдаған байланыс саласында өндірісте жұмыс істеуге де, еліміздегі осы саладағы (Үкімет) шешімін табуға тиісті мәселелерді зерттеуге де, ғылыми еңбек жазуға, шәкірт тәрбиелеуге де атсалысуға мүмкіндік берген тағдырыма ризамын. Алматы энергетика институтына техника ғылымдарының кандидаты атағын қорғап, қайта оралғанымда институттың оқу ісі бойынша проректоры қазақ эстрадасында аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобының мүшесі Досым Сүлеев салалық министрлікпен келісіп, институтқа жұмысқа алып әрі тұрғын-үй мәселесін де шешіп берді. Өзімнің таңдаған мамандығым бойынша «Алматытелеком» қалалық телекоммуникация кәсіпорнында, «Алматы радиотелевизиялық хабар тарату станциясында» , «Қазақ хабар тарату корпорациясында» лауазымды қызметтер атқардым, «Қазтелерадио» ААҚ Басқарма төрағасы, «Қазақтелеком» ҰАК бірінші вице-президенті, президенті болып, еліміздегі байланыс саласын дамытуға атсалыстым. Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрдің орынбасарының , ҚР Премьер-Министрі бірінші орынбасары болған Нығметжан Қабатайұлы Есенғариннің кеңесшісі ретінде де мемлекетіміз тарапынан бағдарламалар қабылданғанда байланыс саласына қатысты мәселелерді зерттеп, негіздеме жасадым. Осылайша, өндірістегі тәжірибемді пайдалана отырып, байланыс саласының түйінді мәселелерін тарқатып, байланыстың экономикасы және мемлекеттік реттеу әдістемесі жайында докторлық диссертациямды қорғадым. Бұл мен үшін нәтижелі әрі сапалы жұмыс болды деп санаймын.
Qazir : Өткен жылы басталған пандемия біздің бұған дейінгі ауыз толтырып айтып, үлкен үміт еткен кейбір мемлекеттік бағдарламаларымыздың орындалуындағы кемшін тұстарды ашып берді, сөз бен ісіміздің бірдей еместігі қашықтан оқыту мен жұмыс істеуге көшкен кезде анық байқалды ғой, «Ақпараттық Қазақстан-2020» бағдарламасында межелеген көрсеткіштердің деңгейі де көрінді...
- Оған қатысты екі мәселеге тоқталып өтейін. Инфрақұрылымды дамытуға жауап беретін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі. Олар жоспар жасағанда негіз етіп, берілетін трафиктің көлемін алады. Мысал ретінде – трафик деген терминді анық түсіну үшін, елорда көшелеріне қанша көлік сыяды, қандай көлемде көлік трафигін болжап, қала көшелерінің кеңдігін жоспарлайды? Өзіңіз байқасаңыз таңертеңгі және кешкі қауырт кездерде трафик бар, бұл уақытта көшелерде көлік кептеліп тұрып қалады. Қалған уақытта ондай мәселе жоқ. Пандемия уақытында барлық оқушылар, университет студенттері, компаниялар қызметкерлері, Үкіметтегілер бәрі машинаға мініп көшеге шыққандай мәселе тудырды, трафик 6-8 есе өсіп кетті, байланыс саласындағы компаниялар ондай трафикті мүлдем болжаған емес. Ондай жағдай болады деп кім ойлаған? Пандемия болғанда бәрі бір уақытта онлайн білім беруге көшті, қашықтан жұмыс істеді. Тіпті бар білім беру мекемелері компьютерлерін Интернетке қосып сабақ жүргізді ғой. Онлайн білім беру технологиясы ол басқа, тек жіберген контентті қарау, ал таңертеңнен кешке дейін компьютерді қосып сабақ жүргізу деген бұрын болды ма? Ал ауылды жерлердегі Интернеттің проблемасы бұрыннан бар,сондықтан ешкім күтпеген жағдайда кем-кетікті түгендеп, кейбір жағдайлардан сабақ алуға себепші болған пандемия жалғыз байланыс саласына ғана емес, цифрландыру мәселесіне де айтарлықтай сынақ болды.
Елде жарияланған төтенше жағдайды ескерсек, бұл қалыпты дүние. Біз желілерді артығымен жобалай алмаймыз, бұл компаниялар үшін қымбатқа түседі және Интернет қызметтері тарифінің өсуіне әкелуі мүмкін. Барлығы ақылға қонымды, мақсатқа сай болуы керек.
Qazir : Сіз қайтадан білім беру саласына оралдыңыз. Елордадағы іргелі оқу орны –Л.Гумилев атындағы ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы болып, қызмет атқарып отырсыз.Дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін озық технологияларды енгізу, оны пайдалана алатын маман даярлау, тәрбиелеген шәкірттеріңіздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?
- Мен осы білім саласына келгенде байқағаным, жоғары оқу орнының оқытушылары тек білім берумен ғана шектеліп қалған. Сенің дайындаған шәкірттерің ол сенің нарыққа шығарған өнімдерің сияқты , бейнелеп айтқанда.Сондықтан оған қалай білім беріп жатырсың, ол нарықта сұранысқа ие ме,бітірген студентіңнің жұмысқа тұруы, қабілеті мен құзіреті, жалакы деңгейі соның бәріне жауап беруің тиіс. Кейінгі кездері мұны «Атамекен» ҰКП бағалай бастады, бұрын ондай жоқ-тұғын. Олардың критерийлері сіздің оқытқан студентіңіз білім алып, тезірек мамандығына сай және біліктілігіне лайық жалақы алатын жұмысқа тұрса, онда сіз оқытқан білім бағдарламасы дұрыс, өзекті әрі сұранысқа ие. ( Қазір студент өзі университетті таңдайды және кез келген сәтте басқа университетке ауыса алатыны белгілі. Бұл жағдайда оның оқуына бөлінген мемлекеттік грант басқа университетке кетеді). Ол жұмыссыз жүрсе, сіз оқытқан бағдарлама онша емес. Бағдарлама жазу ол бір проблема. Білім беру мәселесі мүлде бөлек. Біз қазір білім беру саласына өндірістен мұғалімдер тартып жатырмыз. Қазіргі ақпарат саласына білім беру классикалық профессорды емес, жаңа технологияны тез меңгерген, жаңашылдыққа бейім жас ұстаздарды қажет етеді. Мен осында жұмысқа келгенде 4 жыл бұрын Ғылыми кеңесте баяндама жасап, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша болашақта цифрлық экономика, министрлікте цифрлық офицерлер, цифрлық экожүйе, жасанды интеллект болады,сондықтан бәріміз бәсекеге қабілетті болуымыз қажет дегенде гуманитарлық сала профессорлары оған үрке қарады. Ол кезеңге әлі талай уақыт бар деп ойлайды, ал ақпарат тасқындаған дәуірде технология да қарыштап дамып барады. Бізде ұялы телефондарды қолдану 1997 жылы басталды, кезіндегі пейджер өз-өзінен жойылып кетті,оны ешкім жапқан жоқ.Технология дамыған сайын бәрі өзгереді. Өз басым айфонның функцияларының 60 пайызын ғана қолдансам, жастар оның 100 пайыз функцияларын пайдаланады. Ақпараттық технологиялар Қазақстан, Ресейдікі емес, АҚШ, Корей, Қытайдікі.Ол алыптардың базары, оған сен кішкентай күрегіңмен, қамшыңмен кіре алмайсың. Мен өзім басқарып отырған факультетке үш компанияны шақырдым. HUAWEI(Қытай ),Cisco (АҚШ) Майкрософт (АҚШ) компанияларының технологияларын пайдаланып, олардың ыңғайына жығыламыз деген мақсат емес, олар өз білім беру платформаларын дайындайды, оны оқып, пайдалана алуға сертификат алсаңыз,кейін дипломмен қоса алған халықаралық сертификат арқылы «Казақтелеком», «Транстелеком», «Казтелерадио, «ҰАТ» АҚ, «МТҚ» АҚ басқа да салаларға жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары, шет мемлекеттерге барғанда да ол сертификаттың пайдасы тиеді. Факультетімізде 3мың 800 студент бар, бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша. Жыл сайын 800-900 студент бітіреді. Осында қызмет атқарғаныма 5жыл, өзіме сұрақ қоямын, қандай жаңалық әкелдім деп, біріншіден, біздің университет IT саласында «Атамекен» ҰКП рейтинг бағдарламада Қазақстан бойынша 1-2 орында тұр. Ол дайындайтын бағдарламаларымыздың деңгейін көрсетеді. Екіншіден, біздің түлектер қай жерде жұмыс істеп жатыр? Қандай жаңалық, қанша жаңа компаниялар ашты,үшіншіден, қандай жоғары жалақы алады? Осы үш көрсеткіш бойынша көңіліміз тоятындай жағдай бар. Өзім тікелей басшылық жасаған кезде бітірген түлектерден бір магистріміз Қорғаныс министрлігінде , «Қазақтелекомда», КсеII да екінші, үшінші позицияда жұмыс істеп жатқан шәкірттерім аз емес. Бұл әзірге жақсы көрсеткіш, кейін бұдан да биік шыңға шығады деген үміттемін.
Біздің қазақ халқы жаңа технологияны қолдануға бейім, генетикалық потенциал бар, жаңалықты жатсынбайды. Цифрлық технологиялар төңірегінде айтқанда, ауылдағы апаларға дейін ватсапқа қосылып, суретін жібереді, өлеңдер салады,каспи аударымдар жасай алады, бұл да бір үлкен жетістік. Технологияда үш шешуші фактор бар, бұл технологиялық даму, оның қолданатын құны адамның қалтасына салмақ салмайтындай қолжетімді және цифрлық сауаттылық болу керек. Жаңа технологияны меңгерген маман ғана нарықта бәсекеге қабілетті.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.
- Қоғамдағы үш анық