Ақпан айында «Астана Операда» елордалық театрсүйер қауымның назарына вокалдық және аспаптық музыканың ғажайып кештері, жарқын опералық спектакльдер мен балаларға арналған қызықты бағдарламалар ұсынылмақ, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Сондай-ақ осы айда Камералық зал сахнасында Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» операсындағы Дәрігер Малатеста партиясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзовтің дебютін тамашалай аласыздар.
2 ақпан күні сағат 19.00-де «Қазақквартет шақырады» топтамасынан «Бела Бартокты ту етіп» концерті өтеді. Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті концерттерінің жаңа сериясы биыл әлемдік музыка қауымдастығы 140 жылдығын атап өтіп жатқан венгр композиторлар мектебінің ірі өкілдерінің бірі Бела Бартокка арналған.
5 ақпан күні сағат 19.00-де «Ұлы есімдер» топтамасынан симфониялық музыка концертінде жұртшылық назарына «Астана Опера» солистері мен симфониялық оркестрдің орындауында Йозеф Гайдн мен Людвиг ван Бетховеннің шығармалары ұсынылмақ, дирижер – Рақымжан Баспаев.
7 ақпан сағат 17.00-де театрдың опера солистері мен оркестр әртістері «Романс сиқыры» топтамасынан «Камин жанындағы кеш» концертінде өнер көрсетеді.
9 ақпан сағат 19.00-де Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов «Людвиг ван Бетховеннің барлық сонаталары» топтамасынан екінші кешті ұсынады. «Музыка құдайы қоныстанған opus…» концертінде фортепиано партиясын халықаралық байқаулардың лауреаты Салтанат Әбілханова орындайды.
12 ақпан сағат 19.00-де және 13 ақпан сағат 17.00-де елордалық театрсүйер қауымды Гаэтано Доницеттидің атақты «Дон Паскуале» комедиялық операсының жарқын қойылымы күтеді. 13 ақпан күні Дәрігер Малатестаның партиясында театрдың Камералық зал сахнасының төріне алғаш рет Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов шығады, бір күн бұрын бұл образды Ержан Саипов сомдайды.
16 ақпан сағат 19.00-де тыңдарман назарына Тек MOZART! атты вокалдық-симфониялық музыка концерті ұсынылады.
19 ақпан сағат 19.00-де «Глинкадан бастап Свиридовқа дейін – махаббатпен» атты романс кеші өтеді. «Астана Операның» Камералық залы сахнасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов (баритон), халықаралық байқаулардың лауреаты Елена Ганжа (сопрано), Ажар Қадырова (виолончель) және Алтынғаным Ахметованың жетекшілігімен «Астана Опера» театрының балалар хоры шығады.
20 ақпан сағат 12.00-де «Театрға саяхат» топтамасынан балаларға арналған «Үрлемелі және соқпалы аспаптар отбасы» концерті өтеді. Дирижер Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен үрлемелі аспаптар оркестрі және музыкатанушы Маржан Жәкенова балаларды әрбір аспаппен, олардың дыбысталуымен қызықты түрде таныстырады.
26 ақпан сағат 19.00-де «Үрлемелі аспаптар саяхаты» концертінде үрлемелі ансамбльге арналған трио мен квартеттер, сондай-ақ камералық музыка шырқалады.
Фото: театрдың баспасөз қызметінен.