Австрия, Қазақстан, Ресей және тағы басқа елдердің музыкалық сыншылары «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балетінің әлемдік премьерасына орасан зор қызығушылық білдірді. Балет 14 және 15 ақпан күндері Нұр-Сұлтанда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Л.Бетховеннің 250 жылдығына орай әлемдік кеңістікте көптеген жарқын концерттік бағдарламалар жасалып, ұлы композитордың құрметіне музыкалық туындылар орындалып жатқандығы белгілі, алайда Қазақстанның бас театры – «Астана Опера» - асқақ өнер сүйер қауым назарына тың технология әсерлерімен жасалған мүлде жаңа балет – неміс хореографы Раймондо Ребектің «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» қойылымын ұсынбақ.
- Барша әлем Бетховеннің 250 жылдығын атап өтуде, еліміздің жетекші театры осынау айтулы оқиғадан тыс қала алмады, себебі Бетховен – адамзаттың ең атақты композиторларының бірі. Раймондо Ребек «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балетін қоюға ұсыныс білдірді, біз қуана келістік. Туынды алғаш рет жасалуда, бұл көшіру емес, балет арнайы «Астана Опера» сахнасы үшін қойылуда. Премьераны асыға күтудемін, бәрі ойлағанымыздай болғанын қалаймын. Сценографиялық, хореографиялық әрі музыкалық тұрғыдан бәрі керемет іске асады деп үміттенеміз, - деді «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова.
« Қызықты ойлар өте көп, бұл сценографияға да қатысты, мұнда бейнепроекцияға жарық сәулелері таратылады. Екінші бөлімнің басы көрермендерді тамсандырады, олар вена сарайын көмкеріп тұрған түрлі өлшемдегі аркаларды тамашалай алады», - деп атап өтті директордың көркемдік-өндірістік мәселелері мен ғимаратты пайдалану жөніндегі орынбасары Виктор Карере.
Сондай-ақ ол театрдың гастрольмен сапарға шығатын кез келген сахналық алаңына дайын болуы үшін спектакльдердің барлығы модуль түрінде жасалатынын хабарлады.
Фото: театрдың баспасөз қызметінен.