27 және 28 ақпан күндері «Астана Операда» елорда тұрғындары мен қала қонақтарының назарына Жюль Массненің музыкасына Кеннет Макмилланның қойылымындағы ХХ ғасырдағы хореографиялық өнердің жауһары – «Манон» ұсынылмақ, деп хабарлайды Qazir. kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Спектакльдің екінші күні Манон және Де Грие басты партияларында театрдың Үлкен залы сахнасына алғаш рет Венгр ұлттық балетінің этуальдері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Танықпаева мен Дмитрий Тимофеев шығады.
Танымал балерина Әлия Танықпаеваның шығармашылығы Нұр-Сұлтан көрерменіне жақсы таныс: елордалық опера театрының сахнасында ол А.Аданның «Жизель» және П.Чайковскийдің «Аққу көлі» спектакльдерінде басты партияларда өнер көрсеткен. А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің түлегі Пермь мен Люксембургте өткен халықаралық балет әртістері байқауының лауреаты болып табылады, бірнеше рет жылдың үздік әртісі атанған.
Әлия Танықпаева 2012 жылы Венгр балеті труппасына енген, ол – 2013/14 және 2017/18 маусымдарының этуалі. Приманың ауқымды репертуарына И.Килиан, Дж.Крэнко, Дж.Ноймайер, Ф.Аштон, Р.Хинд сынды ХХ ғасырдағы айтулы хореографтардың балеттері, сонымен қатар көптеген классикалық қойылымдар мен заманауи балетмейстерлердің спектакльдері енген.
Венгр балетінің көрнекті премьері Дмиртий Тимофеев – Загребтегі халықаралық балет әртістері байқауының бірінші сыйлық лауреаты, көптеген айтулы жүлделер мен марапаттардың иегері. Ол А.Ваганова атындағы Орыс балеті академиясын тамамдаған, одан кейін Хорватия ұлттық театрында, Израиль балетінде жұмыс істеді, ал 2013 жылдан бастап Венгр театры балет труппасының құрамына енді, 2018/19 маусымының этуалі.
Шақырылған әртістермен бірге спектакльде «Астана Операның» жетекші солистері де өнер көрсетеді. Балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова.
Кеннет Макмиллан лондондық Ковент-Гарден театрына арнап қайсар әрі бірбеткей ару Манон туралы айрықша балет қойылымын жасаған. Драмадағы оқиғалар XVIII ғасырдың соңында Париж бен Жаңа Орлеандағы француз революциясының қарсаңында өрбиді. Бас партияда Алтынай Асылмұратова, Антуанетт Сибли, Линн Сеймур, Наталия Макарова, Сильви Гиллем, Диана Вишнева және тағы басқа әлемдік балет жұлдыздары жарқырай өнер көрсеткен.
Либреттосын Кеннет Макмиллан аббат Превоның «Кавалер де Грие мен Манон Леско оқиғасы» романының желісі бойынша жазған. Оркестрге арнап өңдеген және әрлеуін жасаған – Мартин Йетс, декорациялар мен костюмдер – Николас Георгиадис, қоюшы балетмейстерлер – Карл Бёрнетт, Патрисия Руанн. «Астана Опера» симфониялық оркестрі, қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев. Спектакльдер сағат 19.00-де басталады.
Фото: театрдың баспасөз қызметінен.