Бүгінгі «Шаһарларға саяхат» айдарында Алматы қаласынан 70 км жерде орналасқан,туристік әлеуеті зор,жазда жағажай демалысына таптырмайтын мүмкіндігі бар - Қапшағай қаласы жайлы деректермен таныстырамыз.
1. Қала жайлы қысқаша мәліметтер
Қапшағай қаласы 1970 жылы құрылған. Қала туралы деректерге сүйенсек,1853 жылы топограф Сонин өзен арқылы өткел ретінде және әскери бекініс құрылысын салуда осы жерді таңдапты. Күзет және қызмет көрсету мақсатында гарнизон құрылса, кейіннен кентке айналған.Қапшағай шатқалында су электр стансасын салу идеясы сонау 1942 жылы басталса, 60-жылдардың басында «Гидропроект» бүкілодақтық жобалау-іздеу және ғылыми-зерттеу институтының қазақ филиалында Қапшағай ГЭС-інің жобалау жұмыстары толық аяқталған.
2. Қаладағы өнеркәсіп орындары
Қалада өнеркәсіптік кәсіпорындары 2018 жылға жоспарланған көлем 55000,0 млн.теңгеге жеткен.
«Кнауф Гипс Қапшағай», «Қапшағай Құрылыс Комбинаты», «Агро Фит Капшагай», «Пэноплекс», «Магнетик», «АЯМ», «Дорпласт-Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өндіріс көлемдерін арттыруда. Сондай-ақ, желэлектрстанциясы «АНАР», евротара өндіретін цех «Гамма» ЖШС, «АгроФитКапшагай» ЖШС, «Магнетик» ЖШС өндіріс көлемдерін кеңейтіп 237 жұмыс орнын ашып отыр.
3. Шаһардың туристік әлеуеті
Қапшағай қаласының туристік әлеуеті Қапшағай су қоймасының ресурстарына негізделеді. Қапшағай су қоймасы жағалауында жайлы коттедждермен, жазғы кафелермен, автотұрақтармен жабдықталған 230-дан аса демалыс базасы орналасқан. Қала аймағында 10 қонақ үй, 7 ойын орталығы мен 3 слот-клуб жұмыс істейді.
Қапшағай су қоймасы Іле өзенінің орта ағысында орналасқан жасанды су қоймасы болып табылады, оның ұзындығы 100 км, ені 25 км. Табиғи-климаттық жағдайларына байланысты, бұл жер Алматы қаласы және облысының тұрғындары үшін жағажай демалысына таптырмайтын орын болып саналады.
4. Қаладағы білім беретін мекемелер
«Балапан» бағдарламасы аясында қалада және аймақта 8 мемлекеттік, 8 жеке меншік мектепке дейінгі мекеме мен 7 шағын орталық жұмыс істейді.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша Заречный ауылында 40 орындық балабақша, Қапшағай қаласында 325 балаға арналған 5 мектепке дейінгі мекеме ашылды. Барлығы 6 мекеме ашылды. Барлығы 2650 бала мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеумен қамтылып, көрсеткіш деңгейі 97,5% құрады.
5.Қапшағай спортшыларының жетістігі
Спорттың 18 түрі бойынша қалада барлығы 163 спорт нысандары жұмыс істейді, оған 1488 адам қатысады. Спортпен тұрақты шұғылданатындардың саны 17527 адамды немесе қала тұрғындарының 28,5%. Қалалық саябақ аумағында спорттық алаң іске қосылды, оған келесі нысандар кіреді:124 орындық стадион, волейбол, баскетбол, боксерлік және роликке арналған алаңдар.2017 жылы 5 спорт шебері, 52 спорт шеберлігіне кандидаттар даярланды, 25 адамға 1 дәрежелі ересектердің спорттық және 124 – бұқаралық разряды тағайындалды. 124 спортшысы Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасына кірді.
6. Туристер баратын сүйікті орын
Қалада туристер ең жиі баратын жер – 1994 жылы арнайы итальяндық жоба бойынша салынған қалалық аквапарк. Бұл кешенде балаларға, сондай-ақ үлкен кісілерге арналған арнайы су атракциондары бар. Жасанды су қоймасының жағалауында 150-ден астам демалыс базалары орналасқан.Соңғы жылдары Қапшағай су қоймасының демалыс базаларына әр түрлі іс-шаралар, би кештері, спорттық жарыстар, түрлі акциялар кеңінен өткізілуде.
7.Қаладағы демалыс орындары
Жыл сайын Қапшағай төңірегіндегі қызмет көрсету саласы да кеңею үстінде. Бұл жерде мотоцикл, квадроцикл, су мотоциклы секілді экстремалды спорт түрлерімен айналысатындар үшін де, қайықпен суда серуендеуді ұнататындар үшін мүмкіндік қарастырылған. Бұған қоса тарихи орындар да Қапшағайдан алыс емес. Іле өзенінің оң жақ жағалауында, Қапшағайдан бес шақырымдай жерде жартастарға салынған 2 мың жылдық тарихы бар суреттер мен таңбалар бар. Сондай-ақ, әйгілі «Көшпенділер» фильмінің декорациясы үшін тұрғызылған «Түркістан» кешені де осы маңайда орналасқан.
Қапшағай қаласы жайлы деректерді ашық ақпарат көздерінен жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.