«Шаһарларға саяхат» айдарынан Ертіс өзенінің жағасында орналасқан,еліміздің солтүстік өңіріндегі әсем қала Павлодар туралы мәліметтермен таныстырамыз.
1. Қала тарихынан бірер сөз.
Қала тарихынан сыр шертетін деректерге сүйенсек,ол 1720 жылдан басталатындығы жазылған. Осы уақытта Ертіс өзенінде Коряков форпосты пайда болуына және бұл атауға ие болу себебі Коряков өзенінде табылған тұзға байланысты делінген. 1838 жылы ол Коряков елді мекеніне айналады, ал 1861 жылдың сәуір айында Коряковка «Павлодар атты штаттан тыс қала» деген мәртебеге ие болған екен.
2.Шаһардың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті.
Қуатты өнеркәсіптік, экономикасы мен мәдениеті дамыған орталық болып табылатын Павлодар өзінің әлеуеті бойынша республикада жетекші орындардың бірін иеленеді. Павлодарда экспортты бағыты бар болат пен бүтін құбырларды жасап шығаратын металлургиялық кәсіпорындар, сондай-ақ, мұнай өңдеу, электрлік, электрондық және оптикалық жабдықтарды жасап шығаратын, қайта өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары жұмыс істейді.
3.Қаланың көлік саласындағы мүмкіндіктері
Теміржол мен автомагистральдар тоғысқан қиылыста орналасқан Павлодар қаласы облыстың барлық елді мекендерімен, Қазақстанның облыстық орталықтарымен, таяу және алыс шетел (Ресей Федерациясы, ҚХР, Германия) елдерінің қалаларымен транзиттік мүмкіндікке ие. Қала әуежайынан республика бойынша, сондай-ақ, Ресейге, Германияға, Түркияға, Қытай мен Араб Эмираттарына үздіксіз әуе рейстері ұшып тұрады.
4.Павлодардағы білім ордалары
Павлодар қаласының білім беру жүйесі түрлі бағыттағы оқу мекемелерінің желісі болып табылады. Оның ішіне мынадай білім беру мекемелері (49 жалпы білім беру мемлекеттік мектептері, 48 мектепке дейінгі ұйым, 27 колледж, 14 кәсіби мектеп пен лицейлер, 11 мектептен тыс ұйымдар және т.б.) кіреді.Қалада С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Павлодар мемлекеттік педогогикалық институты, Еуразия инновациялық университеті, арнаулы оқу мекемелері қызмет етеді.
5.Шаһардың спорттық мекемелері
Павлодар - спорт орталығы. Салауатты өмір салтын қалайтындар спортпен белсенді шұғылдануда. Қалада 5 стадион, «Астана» мұз сарайы, 8 спорт кешені, 9 жүзу бассейні, 133 спортзал, «Юность» жеңіл атлетикалық манежі, 3 шаңғы базасы және т. б. бар. Павлодарлықтар Қазақстанның бес мәрте чемпионы, республиканың премьер-лигасында ойнайтын - «Ертіс» футбол командасын мақтаныш етеді.
6.Қаладағы мәдени қызмет көрсету
Қалада Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық - драма театры және А. П. Чехов атындағы облыстық драма театрлары, 5 мұражай - Г. Н. Потанин атындағы облыстық өлкетану мұражайы, облыстық көркем - сурет мұражайы, Бұқар Жырау атындағы әдебиет пен өнер облыстық мұражайы, П. Васильев атындағы мұражай үйі, Шафер Үйі бар. Достық үйі пайдалануға беріліп,қалалық Естай атындағы мәдениет сарайы, «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы, «Космос» Жастар үйі және басқа мәдениет ошақтары үлкен үлес қосуда. Павлодарда 24 кітапхана және 3 кинотеатр жұмыс істейді.
7.Қаланың қазіргі келбеті мен сәулет ескерткіштері
Қалаға келушілер ең алдымен барып тамашалайтын Мәшһүр Жүсіп мешіті - архитектуралық ескерткіш. Мешіт 2001 ж. 5 қыркүйекте ашылды. Мешіттің бірінші қабаты сегіз қырлы. Бұл - Дешті Қыпшақтардың сәулет үлгісі. Сол заманда сегіз қырлы сарайлар салынғаны тарихтан белгілі. Оның үстіндегі сегіз қырлы жұлдыз түркі жұртының ортақ рәмізі. Күмбезі шаңырақ үлгісінде. Төрт мұнараның биіктігі Пайғамбар жасына орай - 63 м. Бір мезгілде бір жарым мың адам намазға жығылуға мүмкіндігі бар.Қала аумағында 33 тынымбақ, 5 бульвар және Ертіс өзенінің көріктендірілген Орталық жағажайы бар. Қаланың құрамына Ленин кенті, Мойылды, Павлодар ауылдары, Кенжекөл ауылдық округі сияқты елді мекендері кіреді. Қаланың аумағы 637,8 мың шаршы км. Қала халқының саны 334 мың 906 адам.
Қала жайлы мәліметтерді ашық ақпарат көздерінен жинақтаған : Раушан Бекмырзақызы.
Фото: Kapital.kz