Бүгінгі «Шаһарларға саяхат» айдарында Орал қаласы жайлы тарихи деректермен танысасыздар.
1. Орал қаласы жайлы тарихи деректер.
Қазіргі Орал жайлы алғашқы мәліметтерді іздей қалсаңыз, ерте орта ғасырларға ой жүгіртуге тура келеді. 2001 жылы Орал қаласынан 12 шақырым жерде XIII — XIV ғасырлардан қалған көне қалашықтың орны табылса, оны археологтар өзеннің қазақша атауы негізінде шартты түрде «Жайық» деп атады.
Көпжылдық зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, 13-14 ғасырларда Алтын Орданың күшеюі кезінде пайда болған бұл шаһардың ірі әскери-әкімшілік және сауда-өнеркәсіптік қала болғанын айғақтайды.
2. Оралдың қала болып қалыптасуы.
Ол Орал губерниясы құрылған1868 жылғы әкімшілік-аумақтық реформалардан басталады. Дәл осы уақытан бастап Орал қаласы Қазақстанның батыс өңіріндегі әкімшілік, экономикалық және мәдени орталыққа айналды. Қала экономикалық байланыстардың белсенді дамуы нәтижесінде өскен. Бір жағынан Орал шаһары жалпыресейлік нарыққа шықса, екінші жағынан мұнда дала мен қаланың қарым-қатынасының бірыңғай әлеуметтік-экономикалық жүйесі қалыптасты.
3.Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Орал шаһарының жаңа келбеті
1991 жылдан бастап Орал қаласы тарихының жаңа, жарқын парағы ашылды.
Орал қаласы Европа мен Азия шекарасында орналасқан. Қаланың географиялық қолайлы орналасуы қала экономикасының дамуында маңызды рөл атқарады. Еуропа мен Ресейден, Түркиядан Қытайға көлікпен тауар тасымалы Орал арқылы өтеді. Бұл өз кезегінде жергілікті өнеркәсіптің өркендеуіне, шағын және орта бизнестің дамуына үлкен әсерін тигізіп отыр.
4.Тарихы терең бойлаған,Оралда кімдер болмаған...
Орал қаласына 1833 жылдың қазанында келіп, А. С. Пушкин Емельян Пугачев көтерілісі туралы мәліметтер жинады.Деректерге сүйенсек, В.И.Даль, В.А.Жуковский, Л.Н.Толстой, В.Г.Короленко, М.А.Шолохов сынды орыс әдебиетінің көрнекті өкілдері де Жайық жағасындағы қалашықта болған.
Алаш Орда қозғалысының тарихы да бұл өлкемен тығыз байланысты. Б.Қаратаев, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Ж.Досмұхамедов секілді қазақ зиялылары либералды-демократия бағыттағы идея ұстанды.
5.Оралда туған тұлғалар
Орал өңірі Құрманғазы, Дәулеткерей, Мұхит, Дина сынды қайталанбас дарын иелерінің, Хадиша Бөкеева, Роза Жаманова, Ғарифолла Құрманғалиев сынды талантты әртістердің, Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, Қадыр Мырзалиев, Сағынғали Сейітов, Жұбан Молдағалиев секілді қарымды қаламгерлердің, өзге де көптеген тума таланттарымен мақтана алады.
6.Оралдың өндіріс орындары. Орал қаласындағы өндіріс орындары ел аймағынан тысқары жерлерге де кең танымал. Каспий теңізінде шекара күзеті мен қорғанысты қамтамасыз етіп жүрген кемелер Оралдағы «Зенит» зауытында құрастырылады. Танымал кәсіпорындардың қатарында өрт сөндірушілер мен коммуналдық қызмет үшін арнайы техника шығаруға машықтанған «Оралагрореммаш» АҚ-ы, мұнай мен газды өндіру мен тасымалдауға арналған жоғары технологиялық жабдықтарды өндіруші Батыс Қазақстан машина жасау компаниялары да бар.
7.Оралдың қазіргі жағдайы
Орал қаласы – Батыс Қазақстан облысының орталығы. Ол Қазақстанның солтүстік батыс аймағында орналасқан. Ресей Федерациясының Астрахань, Волгаград, Саратов, Самара, Орынбор облыстарымен және Қазақстанның Атырау, Ақтөбе облыстарымен шекарасы бар.Каспий ойпатының солтүстік беткейінде орналасқан. Орал қаласы жақын маңдағы елді мекендерді қоса есептегенде 700 шаршы км астам жер көлемін алып жатыр .Қалада екі тоғай мен үлкен бақ бар.Қала халқының саны 300 мыңға жақындаған.
Ашық ақпарат көздеріндегі шаһар жайлы мәліметтерді жинақтаған: Раушан Бекмырза.
Фото: Тикетон