Жезқазғандық жастар арасында өз кәсібін ашып, шағын шаһардағы жас буынды спортқа баулуда өзіндік қолтаңбасы бар Нұрбек Бейсетұлымен Qazir тілшісі жолығып, сұхбаттасқан еді.
- Кәсіпкерлікке бет бұрған жастардың ішінде спорт саласын дамытуға ден қойған екенсіз, бұның сыры неде?
- Өзім Жаңаарқа ауданында өмірге келгенмін. 1989жылғымын. Отбасымызбен Сәтбаевқа көшіп келіп сонда оқып, мектепті бітірдім. 2007 жылы орта мектепті бітірісімен Алматыдағы спорт және туризм академиясына түстім, кейін Жезқазған университетіне ауысып, денешынықтыру мен спорт мамандығы бойынша бітіріп шықтым. 2009 жылдан бастап жаттықтырушы болып жұмыс істей бастадым. Спорт саласында жұмыс атқару үлкен ерік-жігерді қажет етеді. Шығыны көп,нәтижесін ұзақ күтуіңе тура келеді. Залды жалға алу,қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу,жастарды спортқа баулитын мамандарды тарту,айта берсең осылардың өзі аз шаруа емес. Біздің орталықтың ресми тіркеуден өтіп жұмыс істей бастағанына екі жыл толды. Басты мақсат- жастардың бос уақытын тиімді өткізу,спортпен айналысуына жағдай жасау. Әрине жастарды ғана емес,жаттыққысы келген олардың ата-аналарына да келуіне болады. Мені таңқалдыратыны қандай спорт клубтарына,фитнес орталықтарына барсаң да өзге ұлт өкілдерін көптеп кездестіресің, ал жергілікті өзіміздің жастар спортпен айналысуды аса қажет ете қоймайтындай сезіледі. Спорттың қай түрін алып қарасаңыз да ол денсаулыққа пайдалы, шыныққан,сымбатты болып өскен жасқа кім қызықпайды?! Ата-ана бізге баласын жаттығуға әкелгенде өздері құр босқа күтіп отырмай спорттың қалаған түрімен айналысуына жағдай жасағымыз келеді.
- Орталыққа келушілер саны осы уақыт ішінде көбейді ме, жалпы жас буынның спортпен айналысуға ынта-ықыласы қандай?
- Қазір бізде 100 баладай жаттығып жүр. Әлі мұнда толық құрал-жабдықтарды алып біткен жоқпыз. Қаржы жағы қолбайлау болып тұр,алда өткізілетін байқауларға қатысып,гранттар ұтып алсақ деген жоспарымыз бар. Қазір каратэ мен бимен айналысу үшін екі секция жұмыс істейді. Жаттықтырушыларды атай кетсем Нұрлыханов Ақылбек, Нұрлыханов Асылбек, Искаков Салықбек деген жігіттер бар.Ол мамандарды өзің баулып,тәрбиелеуің керек,бапкерлердің бәрі өзімнің шәкірттерім деп айтсам болады. Көбіне жастар 9 сыныпты аяқтасымен Қарағанды, 11-ді бітіргесін Астанаға оқуға кетіп жатады. Жастарды туған жерінде тұрақтандыру жағы қиындау. Туған жеріңе қызмет етуге,соңыңа ерген жас буынды спорт арқылы жетістікке жетуге тәрбиелеу үшін жас мамандарды ынталандырып жұмыс тауып беріп,айлық төлеп үгіт-насихат жүргіземіз.
Әр жаттығуға келген бала ай сайын 6 мың 500 теңге төлейді,содан жаттықтырушыларға айлық төлеймін,сондай көп демесем де шағын қалада өмір сүрулеріне жетеді деп ойлаймын.
- Сіз кәсіпкер ғана емессіз,шәкірт тәрбиелеп отырған бапкерсіз ғой, орталықта жаттығып жүрген оқушыларыңыз жоғары деңгейдегі жарыстарға қатысып жүрген болар?
- Жақында Астанада каратэ-кекушинкайдан өткен республикалық турнирге қатысып қайттық.Бір оқушым Иранға барып келді.Сәуір айында Көкшетау қаласында өтетін жарысқа дайындалып жатырмыз.Бұл спорт клубымыз аймақтық деңгейде Сәтбаев,Жезқазған қалаларында болса,болашақта әрбір аулаларда да ашу жоспарымызда бар. Көп қабатты үйлердің жертөлелерінен ашуға мүмкіндік бар ғой,балалар алысқа бармай-ақ өз үйінің ауласында жаттығып жатса жақсы емес пе?
Жұмыспен қамту орталығы іске асырып жатқан мемлекеттік «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде грантқа ие болдым. Сол қаржыға жаттығу залын жабдықтадым.Біздің каратэ орталығының ерекшелігі- қала бойынша 4 жасқа толған балаларды да қабылдайтынымызда.
- Кәсіпкерлікті бастап,орталықты ашқан сәттен қазірге дейінгі екі жыл уақыт несімен ерекшеленді, қандай кедергілерден өтуге тура келді?
Кез келген істі бастағанда бірден үлкен нәтиже бере бермейді, оны табандылықпен соңына дейін жеткізуің керек. Кәсіпкерлік дегенде белгілі бір өнім шығарып сату бір басқа да,ал спортпен айналысатын жастарды баулып,қанаттандыру, үздік нәтижеге жеткізуге ынталандыру мүлде басқа. Көп істер атқарғың келеді, басқа республикалық деңгейдегі ұйымдастырылып жатқан жарыстарды көріп келесің, өзіңнің де іштей сан идеяң болады,бірақ оны тез арада жүзеге асыруға қаражат жағы қолбайлау. Кәсіппен айналысамын деген жастарға арнайы гранттар, пайызы аз несиелер берілсе,бастаған ісін жолда қалдырмай, көздеген межеге жетуге болады. Уақыт өткен сайын бұрын түсіне бермеген мәселелерге байыпен қарайтын боласың, қаражатыңды үнемдеуге үйренесің, жолыңда кездескен кедергілердің себебіне үңілесің,оны жеңу жолдарын ішкі түйсікпен сезінесің... Жастардың белсенді болғанын қалаймын, жастық шақта алға ұмтылып,ойлаған мақсатқа жету жолында ерік-жігеріңді бағыттап, спортты жанына серік етсе деймін.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы .