Мұғалімдер қағасбастылықтан босатылып, 5 құжат қана толтыратын болады, жалақы қаншаға өседі, сұранысқа ие болмай қысқартылған мамандықтар жайлы толығырақ «Қоғамдағы үш анық» айдарынан біле аласыздар.
Мұғалім беделін өсіруге бағытталған бетбұрыс басталды ма?
1.Жаңа оқу жылында педагогтар толтыруға тиіс құжаттар тізбесі
Вице-министр Асxат Аймағамбетовтың айтуынша,бұл бес құжат – журнал, күнделік, балаларды сумативті-формативті бағалау, күнтізбелік және пәндік жоспар. Мұғалімдерден бұдан басқа құжаттар толтыру талап етілмейді, мектеп басшылығы мұғалімге жүктемеден артық жұмыс берсе, арыз түсіруге болады. Сонымен қатар, министрлік биылғы жаңа оқу жылынан бастап оларды ҰБТ-ға қатысу міндетінен босатуды қолдайды.
2.Мұғалімдердің жалақысы қалай өседі?
Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 205 мың мұғалімнің жалақысы 30%-ке көбейді. Биыл педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Бұл біліктілік санаттары үшін лауазымдық жалақыға 30-дан 50%-ке дейін қосымша үстеме ақыны қарастырады. Ведомство басшысының мәліметіне сүйенсек, аттестаттауға мамыр айында 60 мыңға жуық мұғалім қатысып, олардың ішінен 36 мыңнан астамы аттестациядан өтті. Олар 63%,осы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа аттестация тәртібінен өткен мұғалімдерге категорияларына сәйкес қосымша ақы төленеді. Ал аттестаттаудан өтпеген мұғалімдер болса, оны ағымдағы жылғы қарашада қайта тапсыра алады.
3. Сұраныс жоқ мамандықтар қысқартылды
Биыл республика бойынша 17 мамандықтың лицензиясы кері қайтарылған. Бұдан былай жоғары оқу орындары нақты бір салаға мамандана бастайды. Сондай-ақ университет, академия және институт дәрежесін беру жұмысы қатаң бақыланады. Қазірдің өзінде кәсіби-техникалық білім саласында бірін-бірі қайталайтын, ешбір сұранысқа ие емес 109 мамандық қысқартылған. Нәтижесінде, 66 колледждің салалық бағыты өзгеріп, 20 оқу орны бір-біріне қосылды.
4. Латын әліпбиіне көшуге дайындық қандай?
Келесі жылдан бастап 0-ші сынып тәрбиешілері мен мұғалімдерді дайындау жұмысы қолға алынады. Одан бөлек, латынша «Әліппе» және кириллицада «Букварь» базалық оқулықтарын дайындау жұмысы жүріп жатыр. Оқулықтар 2020-2021 оқу жылына дайын болады. Астананың 5 мектебі мен 3 колледжі пилоттық режимде латын әліпбиіне көшіріледі. Астанада мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған жаңашыл сынып ашу көзделуде. Жобаның идеясы орыс тілінде білім алатын сыныптарды кезең-кезеңмен мемлекеттік тілдегі сыныпқа айналдыру. Осы мақсатта Астана әкімінің тапсырмасымен №60 мектеп-лицейі негізінде ашылады. Сондай-ақ қыздарға арналған «Білім инновация» лицейінде енгізіледі.
5. Әкімдер білім саласындағы өзгерістерді құптай ма?
Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев елорданың білім беру жүйесіне қатысты негізгі жеті бағытты атап өтті:елорданың бүгінгі даму қарқынына жауап бере алатын мектеп инфрақұрылымын дамыту; сапалы білім алуға қажетті жағдай жасау; білімнің деңгейін көтеру; озық технологияларды жетілдіру; мамандар әлеуетін арттыру; оқу сапасын жақсарту; қамқоршылық кеңестер құру.
« Қазір біз халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қаланы дамытудың мастер-жобасын әзірлеп жатырмыз. 2 млн адамды қамтитын сол жоба аясында есігінің алды таза, баратын жолы жайлы мектептер саламыз. Қазір инфрақұрылымы ыңғайлы деген 47 мектептің орнын дайындадық. Жалпы, 2020 жылға дейін осы мәселені толық шешеміз", – деді елорда әкімі Астанада өткен тамыз кеңесінде.
Ақтөбеде білім беру саласына облыстық бюджеттің 40%, 85 млрд. теңге жұмсалады екен.Соңғы үш жылда жаңа мектептерді пайдалануға беру қарқыны едәуір өсіп, 2006 жылдан 2015 жылға дейін облыс бойынша 69 мектеп салынса, ал 2016 жылдың басынан бастап осы уақытқа дейін 48 жаңа мектеп ашылған.
- Біздің мақсатымыз 2020 жылға дейін барлық апаттық мектептер мен үш ауысымды оқытуды жою. Тұрақты экономикалық жағдайдың және халықтың әл-ауқатын жақсартудың арқасында халықты жыл сайын 10-12 пайыз деңгейінде табиғи өсіммен қамтамасыз етеміз, - деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.Оның айтуынша, 2017-2018 жылдары 25 мектеп жабылып, 9 қайта құрылды. Бұл 110 млн. теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берген. Республикамыздың өзге өңірлерінде де білім саласына басты назар аударылып отыр.
Жаңа оқу жылы қарсаңында дайындалған шолуымызда келтірілген ақпараттар республика бойынша өткізілген тамыз кеңестеріндегі жарияланған материалдардан алынды.
.