«Шаһарларға саяхат» айдарында Павлодар облысындағы ірі көмір алабымен әлемге танымал - Екібастұз қаласы жайлы баяндайтын боламыз.
1.Қала атауының сыры. Болжамдарға сүйенсек, шаһардың осылай аталуының сыры тұзға қатысты да айтылады екен. Бірнеше нұсқалардың ішінен 1886 жылы геолог-үйренуші және кентанушы Қосым Пшембаевпен (оның атымен қалалық музей аталған) бұл жерде көмірдің пайда болу орны табылғандықтан солай аталған дегенді негізгі нұсқа ретінде қарастырады.Павлодарлық өлкетанушы Д. П. Багаевтың айтуынша,Екібастұздық көмір қазбасының пайда болуы Қосым Пшембаевтың көмір жатқан жерді табуымен XIX ғасырдан басталады. Табылған орынды екі тұз кесегімен белгілеп, орынға атау берілген 1886 жыл деп топшылайды.
2.Қаланың өткен тарихынан. Екібастұз –Павлодар облысының оңтүстік-батысында орналасқан. Іргетасы 1898 жылы қаланған деген дерек бар. Қала мәртебесін 1957 жылы алған. Тас көмір кені ашылғанға дейін тұзды көл «Екібастұз» аталғаны жайлы мұрағатта сақталған құжаттарда жазылған. Кейін бұл жерден тас көмір кені табылғаннан кейін оның жанына орнаған қалашық та,қала да осылай аталған. Екібастұз қаласы алып кәсіпорындарымен де танымал.
3.Кеншілер мен энергетиктер қаласы-Екібастұз. Бұл қаланың аты аталған кезде ең алдымен әлемдегі бай тас көмірі жайлы еске алсақ,ол сонымен қатар жылуэнергетикалық кешенінің де ірі орталығы болып саналады. Бүгінгі таңда үш бірдей – «Богатырь», «Солтүстік» және «Шығыс» кеніштерінде көмір өндіріледі. Екібастұз көмірі Қазақстанның, Орал, мен Батыс Сібірдің электр станцияларының жұмыстарын үздіксіз қамтамасыз етіп отыр.
4. Қаланың аймақтың серпінді дамуындағы орны.Ол географиялық орнымен ғана емес,сонымен қатар тарихи ерекшелігіне байланысты ерекше маңызы бар қала. Екібастұз көмірі мен электр қуаты арқылы бүкіл аймақтың кәсіпорындары: Павлодар химия, мұнай өңдеу, алюминий, трактор, Ақсу ферроқорытпа зауыттары өркендеп отыр.
5.Қаланың көлік байланысы. Еліміздегі ірі көмір алабы ретінде танылған шаһардың жанынан Павлодар-Астана теміржолы,Ертіс-Қарағанды каналы және Павлодар-Қарағанды автожолдары өтеді. Көлемі 155 шаршы шақырым. Дүние жүзіндегі аса ірі көмір кендерінің бірі болып табылатын көмір алабында Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны жұмыс істейді.
6.Рекордтарға толы шаһар. Алғаш рет 1980 жылы ашылғанына бір жыл толғанда «Богатырь» көмір кеніші 5 миллион көмір өндіріп әлемдегі ең ірі кен орны ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген.Қалаға қарасты Солнечный кентіндегі МАЭС-2 мұржасы әлемдегі ең зәулім электр станса мұржасы ретінде рекордтар кітабына тіркелген. Биіктігі 420 метр. Ал Екібастұздан шыққан әйгілі желаяқ Марат Жыланбаев Сахара шөлін жүгіріп өтіп жеті рет рекорд жаңартқан.Бұл да қала тарихындағы ерекше айтуға тұрарлық жетістіктер.
7.Бүгінгі қала тынысы. Осынша ауыз толтырып айтарлық көмір алабымен аты шыққан қала моноқалалар тізіміне енген. Қаланың білім беру жүйесінде 48 жалпы білім беру ұйымдары және медициналық қызметті 7 мемлекеттік ұйым көрсетеді,26 кітапхана,3 мәдениет үйі, 1мұражай және 1 мұрағат, 1 кинотеатр жұмыс істейді. 5 балалар спорттық мектебі бар.Қала халқының саны 153 мың.
Шаһар жайлы мәліметтерді ашық ақпарат көздерінен жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.
Фото: ашық ақпарат көзінен.