Астана әкімдігінің қолдауымен желтоқсанның 8-і мен 31-і аралығында елордадағы «Бигшанхай» базарында әлеуметтік азық-түлік жәрмеңкесі өтеді. Онда қала тұрғындары жаңа жыл қарсаңында ет-сүт өнімдерін, жеміс-жидек, көкөніс, макарон мен кондитерлік және өзге де азық-түлік тауарларын төмендетілген бағамен, тікелей өндірушілерден ала алады. Шараға шамамен 200-ге жуық отандық азық-түлік өндіруші кәсіпорындар қатысады деп жоспарланған.
Естеріңізге сала кетсек, мұндай әлеуметтік жәрмеңке 3 қарашадан- 3 желтоқсанға дейін «Алай Базары» көтерме-бөлшек сауда орталығының ғимаратында "Алтын күз" атауымен өткізілуде,- деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты. Онда Павлодар мен Ақмола облыстарының шаруа қожалықтары ет және сүт өнімдерін, сондай-ақ көкөністер, жемістер мен жармалар ұсынды. Қой етінің бағасы 1230 теңгеден басталса, жылқының еті 1400-ге дейінгі аралықта сатылуда. Әлеуметтік жәрмеңкеде картоптың бағасы келісі - 55 теңге. Павлодар облысынан 150 тонна картоп жеткізілген. Сондай-ақ сәбіздің бір келісін 45 теңгеге ала аласыздар. Ақмола облысынан 30 тонна ірі қара мал мен 7 тонна қойдың еті жеткізілді. Ірі қара малдың еті келісіне - 1300 теңге. Ал қой еті - 1250 теңге. Жұмыртқаның бағасы С-1 санаттық - 23 теңге, С-2 - 24 теңге.