Тәуелсіздік таңы атып, ел еңсесін енді көтере бастаған тұста егемендігімізді алғашқы болып мойындап, қолтығымыздан демеп, біртуғандығын көрсете білген Түркия болатын. Танымы ортақ, түбі бір түркіліктің негізінде қос мемлекет достық пен бауырмалдылықтың үлгісін көрсетіп келеді. Қатпарлы қалың тарихқа үңілсек, сайын даланың әр тасы сыр шертеді.
Білім мен мәдениет егіз ұғым. Қазіргі жаһандану заманында онсыз қарға адым жер басу мүмкін емес. Түркия мен Қазақстан арасында білім, ғылым саласында атқарылып жатқан іргелі істер өз алдына бір төбе. Еліміздің жастары 1992 жылдан бері Түрік елінде білім алуда. Сонымен бірге түрлі бағдарламалар арқылы білімін жетілдіріп, өзара тәжірибе алмасып келеді. Қазіргі кезде Түркияның барлық оқу орнында отандастарымыз бар деп толық айта аламын. Мәселен, өзім білім алып жатқан Астанадағы Еуразия ұлттық университеті әлем елдерінің 260-тан астам университетімен тығыз қарым қатынаста. Соның ішінде Түркияның 29 ЖОО-мен ынтымақтастық орнатқан.
Ғылыми тағылымдамамен (докторантура) Анадолыға табан тірегенімізге бір апта болды.Денизлі қаласы Памуккале университетінің Түрік тілі мен әдебиеті бөлімінде ғылыми жетекшіміз профессор Мұстафа Арсланның қол астында тәжірибе жинақтаудамыз.Түрік туғандар Ата жұрттан жеткен бізді Ана жұртта құшақ жая қарсы алды.
Біз білім алып жатқан оқу орны Денизлинің іргесіндегі осы қаланың атымен аталады. Памуккаленің (Мақта қала) жылы арасан сулары түрлі дертке шипа. Сол себептен де бұл жерге ем алу мақсатында келетін жандар да көп. Мақта секілді аппақ жартастары ерекше көз тартады. Қала Рим империясының Иераполис қаласының (Қасиетті қала) аумағында орналасқан.
Мұнда б.д.д 2-1-ші мыңжылдықтарға тиесілі ежелгі Рим өркениетінен қалған шаһардың орны, моншалар мен зираттар барлығы 2 мыңға жуық тастар бар. Көне дәуірді көзбен көргендей әсер аласыз.
Бауырлас түрік елімен байланыс орнатқанымызға ширек ғасырдан асты. Екі ел арасындағы саяси, экономикалық, мәдени, білім, ғылым т.б. салаларындағы байланыстар күн өткен сайын артып келеді. Тарихы сонау Түрік қағанатына барып тірелетін діні ортақ, тілі ұқсас мемлекеттердің болашақтағы қарым-қатынасы бұдан да тереңдей түсетініне сенемін!
Сұңқарбек Батанұлы
Л.Гумилев атындағы университеттің докторанты