Қалада туризмнің барлық бағыты, оның ішінде медициналық туризм қарқынды дамып отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Астана Конвеншн Бюро» ЖШС-де белгілі болғандай, Астананың туристік әлеуеті айтарлықтай өсті. Осы жылы Астанаға 500 мыңнан аса адам келген. «Қала брендінің қарқынды дамуы мен ілгерілуі елордада жыл сайын ірі конференциялар, көрмелер мәдени және спорттық іс-шаралардың өткізілуіне ықпалын тигізді.
Бүгінде Астана Орталық Азиядағы жаһандық мәселелерді шешуге арналған маңызды диалогтік алаңдарды құру орнына айналды. Қазіргі таңда елорданы Орталық Азиядағы, содан соң әлемдегі басты туристік бағыттың бірі болуына мүмкіндігі бар»- дейді «Астана Конвеншн Бюро» маркетинг департаментінің бас менеджері Әйгерім Бейсембаева.
Оның айтуынша, Астананың іскерлік туризм индустриясының әлеуеттік күші бар, қалада 130-ға жуық кез келген күрделі деңгейдегі шараны өткізетін әлеуетті локациясы бар.
- ЭКСПО-2017 көрмесі үшін арнайы салынған нысандардың бірі – «Нұр Әлем» шары. Ол басқа елдердің туристерінің қызығушылығына ие, көрменің дәл осы бөлігін көру үшін тек елорда қонақтары ғана емес жергілікті тұрғындар да жиі келеді.
«Астана сонымен қатар посткеңестік кеңістікте медициналық туризмнің де алғашқы дестинациясы болуға әлеуеті жеткілікті. Мамандандырылған емханалар, әлемнің жоғары оқу орындарында білім алып, тәжірибеден өтіп келген жоғары білікті мамандар аймақтық деңгейде ғана емес, алыс шетелдермен де бәсекелесе алатындай жақсы база құрылған. Қазіргі кезде әрбір медициналық орталық медициналық туристерді тарту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр», - деді Әйгерім Бейсембаева.
Қазақстан астанасы беделді «Бейбітшілік қаласы» дәрежесін алған, посткеңестік кеңістіктегі үшінші қалаға айналды, WTCF (World Tourism Cities Federation) қатарына кірді және ТМД елдері арасында бірнеше рет ең үздік қалалар рейтингіне енген.
Иллюстративное архивное фото - Анастасия Лебедева.