Бүгінгі «Шаһарларға саяхат» айдарынан Қарағанды облысындағы өндірісті қалалардың бірі Балқаш көлінің жағасында орналасқан шаһар жайлы мәліметтерді ұсынамыз.
1. Қаланың қалыптасу тарихы. Балқаш көлінің жағасындағы ең ірі қалалардың бірі – Балқаш қаласы. Қала Қарағанды қаласынан 380 км қашықтықта орналасқан. Қала 1937 жылы Прибалхашстрой кентінің базасында құрылды. 1931 жылы Балқаш көлінің солтүстігінде 12 км жердегі Қоңырат мыс кен орны мен Қарағанды көмірінің негізінде жұмыс істейтін ірі мыс қорыту зауытының құрылысына байланысты салына бастады. Қала өткен жылы 80 жылдығын атап өтті.
2. Балқаш еліміздегі түсті металлургияның ең маңызды орталығы. Мұнда құрамында мыс және түсті прокат зауыттары, өндіріс газдарынан күкіртті натрий мен күкірт қышқылын алатын химия өнеркәсібі бар «Балқашмыс» акционерлік қоғамы жұмыс істейді.Оның өнімдері бірнеше шет елдерге шығарылады. 1928 жылы Балқаш қаласынан 12 шақырым жерден ашылған Қоңырат, одан кейінгі жылдары табылған Саяқ пен Шатыркөл секілді кен орындары әлі күнге дейін комбинаттың негізгі шикізат базасы болып табылады. 1967 жылы Балқаштағы кен байыту комбинатында өндірілген мыс Лондонда өткен түсті металдар биржасында ең таза металл ретінде тіркелген. Бүгінде комбинатта заманауи жаңа технология, автогенді мыс балқыту игерілді . Мұндай зауыт дүние жүзінде бес мемлекетте ғана бар.
3.Қаланың инфрақұрылымы туралы. Қалада тарихи өлке тану мұражайы, 2 спорт кешені, жүзу бассейіні, қазақ балық шаруашылық ғылыми-зерттеу институты, тау-кен металлургия техникумы, педагогика, медицина училищелері, Қарағанды политехникалық университетінің жалпы техникалық факультеті, музыка мектебі, 20 шақты орта және 8 жылдық мектеп, 2 халық театры, бейнестудия , т.б.мәдениет, денсаулық сақтау мекемелері бар.
4. Шаһардың көлік әлеуеті. Балқаш – ірі жол торабы. Әуе, темір және автожолдар қаланы Астана, Алматы, Қарағанды, Тараз, Шымкент қалаларымен, Мәскеу және Орталық Азия елдерімен байланыстырады. Балқаш көлінің батыс жағалауында халықаралық және республикалық маңызы жоғары Алматы – Екатеринбург тас жолы өтеді.Астанадан Балқашқа дейінгі арақашықтық 600,ал Алматыдан 640 шақырым.
5 Қала мақтаныштары.Балқаштықтар арасынан 5 Кеңес Одағының батыры,11 Социалистік Еңбек Ері ,24 мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары шықса, Балқаш топырағында туған тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы олимпиада чемпионы атанған,Баркер кубогының иегері Василий Жировты мақтан етеді.
6. Қаладағы туризмнің дамуы. Көл және көл маңындағы табиғат ескерткіштерінің (Бектау ата шатқалы, тоғайлы ормандар) рекреациондық потенциалы туристерді қабылдауға таптырмас мүмкіндік береді. Балқаш көлінің жағасында танымал туризм түрлері болып жағажай туризмі, спорттың су түрлері: желкенді қайық, байдаркамен және каноэмен есу, спорттық балық аулау табылады. Балқаш көлінің жағалауында жылына 4 мыңнан астам адам демалады. Аймақта орналасқан табиғи ескерткіштердің бірі – Бектау ата тау желісі. Мұнда өсімдіктердің жүзге тарта түрі кең таралған, олардың 45 сирек кездесетін болса, 8 Қызыл Кітапқа енгізілген.
7. Қаланың қазіргі келбеті. Бүгінде Балқаш қаласы – Қарағанды облысындағы қазіргі заманға сай инфрақұрылымы дамыған, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындар желісі, мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру нысандары заман талаптарына сай жабдықталған өндірістік орталық. Шағын және орта бизнес күннен-күнге өркен жаюда. Туристік кластердің дамуы да қарқын алуда. Көшелері көріктеніп, тұрғын үйлер салынып, жаңа әлеуметтік нысандар қатарға қосылуда. Қалада 73 мыңдай халық тұрады.
Қала жайлы мәліметтерді ашық ақпарат көздерінен жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.
Фото: orken-media.kz