Халықтың мүмкіндігі шектеулі топтарына тірек-қимыл аппараты қызметі бұзылған, арбаға таңылған мүгедектер, көру қабілетінен толық айрылған және көзі нашар көретін, есту мүшесі бұзылған адамдар жататыны белгілі. БҰҰ-ның мүгедектер туралы есебі бойынша әлемде әр түрлі деңгейдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың жалпы саны 1 млрд-қа жетеді екен. Бұл жер бетінде өмір сүріп жатқан адамдардың 15 %-ы.
Ал Қазақстанда 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрып жатыр, бұл жалпы халық санының 3,5 пайызын құрайды екен.
2015 жылы Қазақстан мүгедек адамдардың құқығы туралы Конвенцияны ратификациялады. Соған сай, мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты халықаралық стандарттарға сәйкес міндеттерді қолға алды. Сонымен қатар, «ҚР мүгедектердің құқығын қорғауға қатысты заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң қабылданды. Сонымен қатар, 2012-2018 жылдар аралығында мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау және өмір сапасын жақсарту мақсатында бағдарлама қабылданды.
Мұның бәрі, түптеп келгенде мүгедектігі бар жандарға жағдай жасау, оларға қолжетімді орта құру, қоғамнан тыс қалмауына жіті көңіл бөлу ниетінен туындап отыр. «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады»,– деген-ді Мемлекет басшысы.
Осы орайда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы да мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетудің кешенді шараларын жүзеге асыруда. Барлық ХҚКО-ларда мүгедектер автокөліктері үшін автотұрақтар, пандустар, мүгедектерге арналған көтерілу құрылғылары, шақыру қоңыраулары, арнайы қабылдау үстелдері, көрсеткіш жазулар, браиль әріптерімен таныстыру тақталары, жол көрсету жазулары және т.б. құрылғылармен қамтамасыз етілген. ХҚКО мүгедектерді жұмысқа тарту, қызмет алуға келген мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы курстардан өткен мамандардың қызмет көрсетуі (ымдау тілінің аудармашысы), І және ІІ топтағы мүгедектердің үйіне барып қызмет көрсету сынды жұмыстарды жүзеге асыруда.
Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен мүгедектерді жұмысқа тұрғызу бойынша келісімшарт жасалған. Келісім бойынша филиалға мүгедектерді орналастырудың 3 пайыздық квотасын орындау үшін, мүгедек жандарды оқыту, кеңес беру және тестке дайындау жұмыстары жүзеге асырылады. Бүгінде филиалда 26 мүмкіндігі шектеулі жан қызмет етеді. Соның бірі - Үмітқазиев Жасұлан Сайынғазыұлы. Бірінші топтағы мүгедектігі бар Жасұлан Алматы қаласындағы Әуезов аудандық фронт-офисте 3 жылдан бері жұмыс істеуде. 2015 жылы «Тұран» колледжінің соңғы курсында оқып жүрген ол, ХҚКО-ға өндірістік тәжірибеден өтуге келген. Клиенттермен жұмыс істеудегі талпынысын ұнатқан басшылық, оны осында жұмысқа қалдырған.
Бүгінде ол анықтама бөлімінде жұмыс істеуде. Күніне алдынан 1000-ға жуық клиент өтеді.
«Менің ХҚКО-да екі айлық тәжірибеден өтуім, өміріме оң өзгеріс әкелді. Мен осында жұмыс істеп жүргеніме өзімді бақытты санаймын. Күніне мыңдаған адамға пайдам тиіп, келген жұмыстары бойынша бағыт беріп отырамын. Бұл жұмыс маған қуаныш сыйлайды, өзімді елімнің толыққанды азаматы сезінуіме мүмкіндік береді. Бірінші мамандығым әлеуметтік қызметкер болса, енді заңгерлік жоғары білім алудамын. Жұмыс істей жүріп, сырттай 4 курста оқып жүрмін. Іс жүзінде барлық мемлекеттік ұйымдардың қызметін көрсетіп отырғандықтан, теория жүзіндегі оқу да оңай болады екен. Оқуды тәжірибемен ұштастырсаң, білімің де нәтижелі. Қазір қызмет алушыларға талон беріп қана қоймай, мемлекеттік қызметтер жайлы кеңес те беріп отырамын», - дейді Жасұлан.
Ал фронт-офистің анықтама телефоны мен тұрғын үй мәселелеріне байланысты қызмет түрлеріне жауапты Мейіржан Белқожаев екінші топтағы мүгедек.
«Мен 2015 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Көп мекемелер мүгедекітігі бар адамдарды жұмысқа алудан қашады. Мұнда еш кедергісіз орналастым. Жұмыс өте қызықты, өзіме ұнайды. Күнбе-күн қаншама адаммен араласамыз. Жұмысымыз бізден сабырлылықты, адамдардың көңілін таба білетін сыпайылықты талап етеді.Қызметалушылардың әрбір сұрағына дұрыс жауап беру үшін, көрсетілетін қызметтер туралы толық ақпараттар білуге тиіссің... Адамдардың алғысын алып жатамыз. Осының өзі көңілімізді өсіріп жатады»- дейді Мейіржан.
Орталыққа өз бетімен келуге мүмкіндігі жоқ І,ІІ топтағы мүгедек азаматтар мемлекеттік қызмет алу мақсатында қызметкерлерді үйге шақырта алады. Мүмкіндігі шектеулі адам мемлекеттік қызмет көрсету қажет болған жағдайда бірыңғай байланыс орталығына 1414 телефон нөмірі арқылы қоңырау шалып, өзінің деректерін хабарлап, қызмет алу үшін қажетті құжаттардың тізбесін біліп, өтінім қалдыруы керек. Бұдан кейін клиентке ыңғайлы уақыт келісілген соң, Мүмкіндігі шектеулі адамдардың үйіне бару үшін жедел топ құрылады. Жедел топтың мүшелері орталықта көрсетіліп жатқан қызметтер туралы кеңес береді. Егер қажет болса, клиенттің келісімімен «Электронды үкімет» порталы арқылы электрондық қызмет алу үшін сандық қолтаңба рәсімдейді. Сонымен қатар, фронт-офиске келуге мүмкіндігі жоқ зейнеткерлердің туыстары немесе жақындары филиал кеңсесіне өтініш қалдыру арқылы да үйге барып қызмет көрсету жеңілдігіне ие болады.
Сонымен қатар, есту қабілеті нашар жандарға ХҚКО-да қызмет көрсету үшін барлық бөлімдерде бір-бір инспектор арнайы «Ымдау тілінің аудармашысы» курсынан өтіп, сертификат алды. Бүгінде нәтижелі қызмет көрсетуде.
Мұның бәрі мүгедек жандардың қоғам өміріне кедергісіз араласуына мүмкіндіктер жасау талпыныстарынан туып отыр. Елімізде «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» ҚР Заңы іске асуда. Мүгедектердiң құқықтары туралы конвенцияны БҰҰ Бас Ассамблеясы 2006 жылдың 13 желтоқсанында қабылдаған болатын. Бұл құжатты 151 ел ратификациялаған. Конвенцияның адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарын мүгедектердiң толық және тең жүзеге асыруын қолдау, қорғау әрi қамтамасыз етуді көздейді. Оның негізгі қағидаттары – қадiр-қасиеттi, дербестiк пен тәуелсiздiктi құрметтеу; кемсiтпеушiлiк; қоғамға толық әрi тиiмдi түрде тартылу мен қосылу; мүгедектердiң ерекшелiктерiн құрметтеу және оларды адами алуантүрлiлiк пен адамзат бөлiгiнiң құрамдас бөлігі ретiнде қабылдау; мүмкiндiктердiң теңдiгi; қолжетiмдiлiк; еркектер мен әйелдердiң теңдiгi; мүгедек балалардың даму үстiндегi қабiлеттерiн құрметтеу және мүгедек балалардың өз даралығын сақтау құқығын құрметтеу. Сондықтан да, конвенция мүгедектердiң қоғамдағы азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтiк және мәдени өмiрiне қатысуын қамтамасыз етуге, мүгедектiк белгiсi бойынша кемсiтушiлiктi жоюға, сондай-ақ, мүмкiндiктерi шектеулi адамдардың құқықтарын қамтамасыз етудiң тиiмдi құқықтық тетiктерiн жасауға бағытталған. Мұның біздің елімізде де қабылдануы, Қазақстанда тұрып жатқан 627 мың мүмкіндігі шектеулі жан мен олардың отбасыларының конституциялық құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына кепілдік беріп, қам көңілдеріне қуат беріп, қуанышын үстей түскені сөзсіз.
Осылайша, айналамыздағы мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыра отырып, оларға біреуден көмек күту дағдысынан құтылуға мүмкіндік беруде Азаматтарға арналған үкімет корпорациясы ұжымы да шет қалмауда.
Жаңыл Әпетова,
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы баспасөз қызметінің басшысы.