Көпшіліктің көкейінде жүрген түйткілді мәселелер аз емес. Өзіміз ел болып, етек жапқалы ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық жобаларды толық жолға қойып үлгерген жоқпыз. Дегенмен, қу шөппен ауыз сүртуге тағы болмас. Бір іс басталса, екіншісі аяқталып, әу баста жобаланған іргелі жобалар ілгерілі-кейінді атқарылып жатыр. Солардың ішіндегі халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрмысына тікелей ықпал ететін автомобиль жолдарының жайын саралап көрсек.
2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасының аясында ауқымды жобалар қолға алынғаны әмбеге аян. «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Батыс», «Орталық-Солтүстік» және «Орталық-Шығыс» жобалары іске асырыла бастағалы көзге көрінетін жұмыстардың атқарылғанын аңғаруға болады.
Осы салаға жауапты министрліктің дерегі бойынша бірнеше мысалды келтіріп өтейік. Мемлекеттік бағдарлама аясында 7 мың шақырым автожолды салу және қайта жаңғырту, республикалық маңызы бар10 мың шақырым автожолды жөндеу жоспарланған екен. Осы мемлекеттік бағдарлама іске асырыла бастағаннан бері республикалық маңызы бар автожолдардың құрылысына, қайта жаңғырту мен жөндеуге 1,1 трлн.теңге бөлініп, ол толық игерілген көрінеді. Яғни, бұл аз қаржы емес және игерілгені қуантады. Ал, осы қаражатқа республикалық маңызы бар 2,4 мың шақырым автожол салынып, қайта жаңғыртылған және 7,5 мың шақырым жол жөнделіпті. Биылдың өзінде республикалық маңызы бар 4,6 мың шақырым автожол қайта жаңғыртылған. Сапасы қандай болғанын уақыт көрсетеді, әрине.
22 жоба бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. ОларТеміртау-Қарағанды, Орталық – Шығыс, Астана қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы, Щучинск-Зеренді, Қостанай-Денисовка, Бейнеу-Ақтау, Бейнеу-Ақжігіт, Жетібай-Жаңаөзен, Қордай кентінің айналма жолы, Астана-Петропавл, Ақтөбе- Мақат, Атырау – Астрахань, Үшарал-Достық, Күрті-Бұрылбайтал, Қалбатау-Майқапшағай, Қапшағай-Талдықорған, Талдықорған-Өскемен, Таскескен-Бақты, Осинов асуы, Меркі-Бұрылбайтал, Орал-Каменка және Ұзынағаш-Отар жобалары.
Орталық-Оңтүстік дәлізі бойынша Астана-Теміртау учаскесі аяқталды, келесі жылы Теміртау-Қарағанды және Қарағанды қаласын айналып өту учаскелері аяқталады.
Биыл Қарағанды-Балқаш-Бурылбайтал-Күрті (888 км) учаскелерінде жұмыс басталды. 2019 жылы Күрті-Қапшағай (67 км) учаскесінде жұмыс басталады. Орталық-Шығыс дәлізі бойынша Астана-Павлодар учаскесінде Шідерті-Қалқаман (115 км) учаскесін қоспағанда жалпы қозғалыс ашық. Тек көліктер 2 жолақ бойынша ғана жүреді.
Павлодар-Семей және Семей-Қалбатау учаскелерінде Павлодардан шыға беріс (13 км) жолдан басқа учаскелердің бәрі аяқталды. Орталық-Батыс дәлізі бойынша Қандыағаш-Мақат (299 км) учаскесінде жұмыстар жүріп жатыр. Республикалық бюджет есебінен биыл 120 шақырым болатын Атырау-Астрахань (60 км) және Қандыағаш-Ақтөбе (60 км) учаскелерінде жұмыстар басталды. Қалған учаскедегі (303 км) жұмыстар келесі жылы басталады. Сондай-ақ, Қостанай-Денисовка учаскесінде (114 км) жұмыс жүріп жатыр. Дәліз 2020 жылы толық аяқталады. Жалпы,барлық басталған жобалар 2019-2020 жылдары аяқталады, деп жоспарланған екен. Биыл жыл қорытындысы бойынша 528 шақырым жол қозғалысын ашуды көздеп отырмыз деді, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында жасаған баяндамасында.
Сонымен қатар, министр Орал-Тасқала – 73 км, Қордай кентінің айналма жолы – 40 км, Бейнеу-Ақтау – 60 км, Балпықби-Талдықорған және Сарқандты айналып өтетін – 40 км жол жобаларында жұмыстар толығымен аяқталғанын хабарлады. Бұған қоса, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізі, Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай, Көкшетау – Петропавл учаскелері толығымен аяқталғанын айта кету керек. Былай қарап тұрсаңыз, салынған жолдар мен жасалған жұмыстар аз емес. Дегенмен, әлі де құрылысы мен жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс мыңдаған шақырым жол бар.
Кейбір жобалар межеленген уақытында аяқталмай, салаға жауаптылар қалай ақталарларын білмей жатады. Иә, оған сылтау де жеткілікті. Жұмысты бастағанға дейінгі құжаттарды рәсімдеу процедуралары қанша уақыт алады. Бөлінген қаржыға келгенде арыстанның жемтігіне жармасқан құзғындарға ұқсайтын пенделердің кесірі тағы бар. Жолдың ақшасын жол-жөнекей жұлымдайтындар жұмыстың жүруіне тосқауыл болады. Бақылауды күшейтеміз дейтіндерді де бақылайтын біреу керек. Сыбайластарға сыр бермей, жемқорларды жолатпай атқаратын болса, жолдың жайы баяғыда-ақ шешіліп қалар ма еді. Қорыта айтсақ,жол құрылысына қатысты алдағы жұмыстар ойдағыдай атқарылса, мемлекет экономикасына үлес қосатын, халықтың игілігіне жарайтын инфрақұрылымдық жобалар мен жоспарлар іске асса болғаны.
Шолуды дайындаған журналист Қанат Тұрар.
Иллюстративное архивное фото - Анастасия Лебедева.