Бүгінгі «Елорданың дидары» айдарынан білетіндеріңіз: Мәскеудегі Данилов базарына ұқсас жаңа гастрономиялық базар қайда салынады? Автобус жүргізушілерінің еңбекақысы 500 мыңға өсетіні рас па? Астанаға адамдар қай жақтан көшіп келіп жатыр?
Мәскеудегі Данилов базарына ұқсас жаңа гастрономиялық базар Астанада қай жерде салынады?
ҚазАқпарат хабарлағандай, бүгінгі күні Мәскеудегі Данилов базарында 30-дан астам мейрамхана мен дәмхана бар. Онда азық-түлік сатып алумен бірге түрлі ұлттардың асханасынан дәм татуға болады. Астанада ашылатын жаңа гастрономиялық базарда да түрлі өнімдер мен тағамдар сатылады. Жаңа базар жергілікті табиғи таза өнімдермен бірге әлемнің түкпір-түкпірінен деликатестерді ұсынады деп жоспарлануда. Басты ерекшелігі - сатып алған азық-түліктен кез келген тағамды дайындатып базардың басында жеуге болады. Орналасқан жері: Сарыарқа ауданында Ш.Айтматов көшесі мен 189 көшенің қиылысында. Базар 2019 жылы ашылады.
Астанадағы қоғамдық көлік жүргізушілерінің еңбекақысы 500 мың теңгеге өсетіні рас па?
БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында «Астана LRT» ЖШС-ның баспасөз хатшысы Науат Азанбаева: «Қазіргі кезде тасымалдаушылар бәсекелік талаптар бойынша еңбекақыны белгілейді. Кейбіреулері оның деңгейін 400 мың теңгеге қойса, қалғандары 500 мың теңге төлеуге әзір екенін айтуда. Сондықтан автобус жүргізушісі орнына үлкен конкурс болады. Осындай еңбекақы алу үшін штатта жұмыс істеп, өзінің табысын ашық көрсетуі тиіс», - деп мәлімдеді.
Қай облыстардан Астанаға көптеп көшіп келіп жатыр?
Елорада әкімдігінгің хабарлауынша, 2018 жылдың қаңтар-мамыр аралығында келгендер 21322 адам, кеткендер 16424 адамды құрайды. Астанаға көшіп келгендер: Ақмола облысынан - 19,4%, Оңтүстік Қазақстаннан - 14,2%, Қарағандыдан - 9,8%, Шығыс Қазақстаннан - 8,9%, Алматы қаласынан - 8,2% және басқа облыстардан 39,5%.
Сонымен қатар Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия, Ұлыбритания, БАӘ, АҚШ, Сауд Аравиясы, Испания, Чехия, Қытай, Жапония, Литва, Түркия, Малайзия, Монғолия мемлекеттерінен келгендер бар.
Материалды дайындаған Мақпал Аманбай.
Фото және мәліметтер ашық ақпарат көздерінен алынды.