Маусым айында «Астана Опера» Камералық залында вокалдық әрі аспаптық музыканың қызықты да тартымды концерттері тыңдарман назарына ұсынылмақ. Залдың жазғы репертуары классикалық өнерді сүйіп тыңдайтын үлкендерді де, сондай-ақ елорданың ең жас театрқұмар жеткіншектерін де қуантатын болады, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1 маусым сағат 15.00-де және 10 маусым сағат 11:30-да Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Балалар театрға шақырады» мерекелік концерті өтеді.
«Астана Опера» балалар театрлық студиясының жас әртістері – хор және балет студиясының оқушылары жеке әрі ұжымдық нөмірлер ұсынбақ.
2 маусым күні сағат 15:00-де көптен күткен жазғы демалыс күндерінде театр өнерін сүйетін ең жас қауым назарына жаңа жоба – «Алақай, демалыс!» топтамасынан «Өнерлі жастар тартуы» концерті. «Астана Опера» Камералық залы сахнасына болашағынан зор үміт күттіретін музыканттар – Қазақ ұлттық өнер университетінің, сондай-ақ қалалық музыка мектептерінің тәрбиеленушілері шығады. Олардың көпшілігі беделді халықаралық байқаулардың лауреаттары болып табылады әрі Қазақстанның өнерін шетелде табыспен көрсетіп жүр.
6 маусым күні сағат 19:00-де Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті «Қазақквартет шақырады» топтамасынан «Классикамен үндескен күй» концертін ұсынады. Бұл кештегі ұжымның қонағы – саусағынан бал тамған домбырашы Әділжан Толықбаев, ол Қазанғаптың «Жем суының тасқыны» күйін өз өңдеуінде орындайды.
8 маусым сағат 18.00-де П.Чайковский атындағы Х Халықаралық жасөспірімдер байқауының лауреаты скрипкашы Ақбике Алғидың жеке концерті өтеді. «Сенбілік классика» концертінде И.С.Бах, М.Равель, А.Хачатурян, Ф.Лист, С.Рахманинов, Ф.Шопеннің туындылары мен қазақстандық сазгер Ғазиза Жұбанованың шығармалары орындалады.
12 маусымда сағат 19.00-де «Музыкалық бояулар» концерті өтеді. «Астана Опера» театрының жетекші солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова мен Жан Тапин, сондай-ақ «Шабыт» фестивалінде Гран-при иеленген TURAN жастар ішекті аспаптар квартеті вокалдық әрі аспаптық музыкаға деген өзіндік талдауын ұсынады.
20 маусым күні сағат 19.00-де өтетін «Квинтет және одан да көп» деп аталатын концертте елорда тұрғындары мен қонақтарына түрлі камералық-ансамбльдік музыка ұсынылатын болады. «Астана Опера» Камералық залы сахнасында Дияр Қасенов, Шолпан Манкеева (скрипкалар), Біржан Өтеулиев, Леонид Мысовский (альттар), Бағжан Есіркеп (виолончель), Алмас Тоқпанов (кларнет), Қалқаман Дүйсембаев (валторна), Ұлан Құлмаметов (фортепиано) өнер көрсететін болады.
25 маусымда сағат 19.00-де Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының Камералық хоры «Мәңгілік мұра» концерттік бағдарламасымен өнер көрсетеді. Осы кеште қазақ хор классикасының туындылары – көпшіліктің сүйікті әндері, Құрманғазы, Ақан сері Қорамсаұлы, Біржан сал Қожағұлұлы, Естай, Үкілі Ыбырай, Абай, Сегіз сері, Мұхит Мерәліұлы, Майра Уәлиқызы сынды көрнекті қазақ композиторларының шығармалары ұсынылатын болады.
Фото: театрдың баспасөз қызметінен.