16 және 17 қараша күндері Камералық зал сахнасында «Астана Операның» ең танымал жобаларының бірі – «Экран әуендері» ұсынылатын болады, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сүйікті кинофильмдердің жан жадыратар ескі әндері әрдайым балалық, бозбалалық және жастық шақтың бақытты сәттерін жадымызда жаңғыртады. Музыкалық кештің авторы Әлихан Ыдырысов таңдамасын жасаған экран әуендері шырқалмақ.
- Жобаның негізі қаланғанына 7 жылдай болып қалды, әр концерт бір-біріне ұқсамайды. Осы жолы да жұртшылықты қызықты тосынсыйлар күтуде. Музыкалық кештің тұжырымдамасы үш бөлімнен тұрады: қазақстандық, кеңестік және шетелдік әуендер. «Астана Опера» балалар студиясының жас өнерпаздары тәжірибелі хор әртістерімен бірге жарқын нөмірлер дайындауда.Концертке арқау болған негізгі идея – ретро-терапия: көрермен қауым риясыз күлкіге кенеліп, жан дүниесімен тыныға алады. Залда отырғандар вокалистерге қосылып ән салғанда қашан да жағымды әсер туындайды, осындай сәттерде нағыз көңілдердің тоғысуы орын алады.Бағдарлама 1 сағат 40 минутқа есептелген. Барлық шығармалар менің өңдеуімде шырқалады, олармен мен жарты жыл бойы жұмыс жасадым,– дейді жоба авторы Әлихан Ыдырысов.
Тыңдармандарға көптеген жаңа дүниелер: музыкалық туындылардың прмьералары, күлдіргі нөмірлер, ерекше сценарийлер ұсынылмақ. «Ойыншық», «Джентльмены удачи», «Балалық шағымның аспаны», «Три орешка для Золушки», «Королек – птичка певчая» кинофильмдерінен музыка және тағы басқа әуендер орындалады.
Концерт сағат 18:00-де басталады.
Фото: театрдың баспасөз қызметінен.