Елордалық әртістер «Астана Операның» «Piccolo» камералық театры немесе «Кіші театр» жаңа жобасын Жастар жылы аясында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының сахнасында ұсынбақ, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Труппаның 25 маусым күні Көкшетау қаласында Дж.Россинидің «Жібек саты» бір бөлімді комедиялық операсымен өнер көрсетуі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың бір бөлігі болып табылады.
«Piccolo театры» бірегей шығармашылық жобасы жас әрі тәжірибелі вокалистердің күшімен жүзеге асырылады. Дж.Россинидің жалынды әзіл-сықақ операсында басты партияларды: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сүндет Байғожин (Джермано), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова (Джулия), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин (Дорвиль), Салтанат Мұратбекова (Лючилла), Рамзат Балакишиев (Дормонт), Евгений Чайников (Бланзак) орындайды.
«Астана Опера» камералық оркестрі спектакльдің қоюшы дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігімен өнер көрсетеді.
Театр жоспарына Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале», Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» опералары, Зағир Исмагиловтың «Құдаша» музыкалық комедиясының қойылымдары және т.б. енгізілген.
Фото: театрдың баспасөз қызметінен