«Елорданың дидары» айдарында астаналық кәсіби фотограф Қуанышбек Дүйсенбековтың жұмысымен таныс болыңыздар.
Қуанышбек Дүйсенбеков – Кентау қаласынан 15 жасында келіп болашағын Елорадамен байланыстырған кәсіби фотограф. Фотосуреттері бірнеше рет «National Geographic Qazaqstan» журналында жарияланған.
Qazir: Астананың қандай жерлерін суретке түсірген ұнайды?
Қуанышбек: Байқап қарасам, фотографтар 2010-2014 жылдары Бәйтерек, ҚазМұнайГаз, Отан Ана монументі жақты жиі түсірген. Ал 2014-тен 2017 жылдары фотографтардың ең көп суретке түсірген жерлері – Пирамида, «Астана опера» театры, «Парижский квартал» сияқты орындар. Қазір мен үшін қаламыздың барлық жері әдемі. Тақырыпқа байланысты түсірем.
Qazir: Жас жұбайлардың Астанада дәстүрлі түрде фотоға түсетін жерлері?
Қуанышбек: Көбінесе Пирамиданың айналасы, Ақорда, Астана операның алды, «Ғашықтар» саябағы.
Qazir: Телефон арқылы қалайша әдемі кадрлар жасауға болады? Нені ескеру керек?
Қуанышбек: Ең бірінші талап, артқы фон көлеңке болу керек, сонда фото анық, әдемі шығады. Ал егер күнге қарсы түсірсе, жан-жағының бәрі қараңғы болып қалады. Жалпы, жарықты ескеру керек. Жарық жетіспесе, фотоның сапасы нашарлап қалады. Фокусты да естен шығармаған дұрыс.
Qazir: Ең көп кадр жасаған кезің?
Қуанышбек: Time-Lapsе түсірген кезде. Бұл дегеніміз 3000-4000 кадр жасайсың, сосын сол фотолар бірінен кейін бірі тізіліп видеоға айналып кетеді. Былайша айтқанда, фотодан құрылған видеоролик. Ал тойларды түсіргенде, әдетте, бір күнде камераға 2500-3000 фото түседі.
Qazir: Қазақстанда фотографтарды асырайтын тойлар екені рас. Той кезінде жиі қандай оқиғаға тап боласың?
Қуанышбек: Ия, ол рас. Өздеріңіз білетіндей, той-думанның қызыған шағы көктем шыққаннан қара күзге дейін созылады. Сол кездерде оқиғаның түр-түрін көреміз. Көбіне, біздің менталитетке сай әдет пе қалай, өздері белгілеген кездесуге уақытында келмеу және, ең қынжылтатыны, «ағам басқа фотографпен келісіпті» деп дәл той күні айтып тұратындар да бар. Той иелері бізге ескертпей жоспарларын бір сәтте өзгерте салуы мүмкін.
Qazir: Керемет кадр үшін нағыз фотограф бәріне дайын. Сен қандай экстримға бардың?
Қуанышбек: Бурабай жерінде фотосессия өткізгенмін. Сонда тік жарда өсіп тұрған ағаштың басына міндім. Маған сол жерден ашылған табиғат көрінісінің ұнағаны сонша, ағаштан түсіп келе жатып аяғымның астына қарасам, тым биік екен, ал ағаш дәл жардың шетінде өсіп тұрды.
Qazir: «National Geographic Qazaqstan» журналына қандай суреттерің шықты?
Қуанышбек: Оқырмандарға арналған бетінде жарнамалық фото, далада отырған әженің суреті және АЛЖИР мұражайын фотоға түсіргем, сондағы адам жанына мұң ұялатар атмосфера.
Qazir: Кәсібің несімен ұнайды?
Қуанышбек: Көп адаммен танысасың, адамдар жұмысыма шынайы қызығып қарағанда сөзбен жеткізбейтін сезімде боламын. Күні бойы жүріп шаршап тұрған кезде, камераға кадрлар сәтті шығып жатса қызығып кетем, шаршағаным жайымен қалады.
Сұхбаттасқан Мақпал Аманбай