Бүгінгі «Шаһарларға саяхат» айдарынан Орта Азия мен Қазақстан бағытындағы қақпа, тоғыз жолдың торабы саналатын Арыс қаласы жайлы деректермен таныстырамыз.
1. Қаланың өткен тарихынан. Арыс өңірі ертеде «Қазақ қырған», ал Арыс өзені «Үржі» деп аталыпты деген деректер де бар. Арыс өзені туралы айтсақ, белгілі жазушы І.Есенберлиннің «Алтын Орда» атты үш томдық тарихи кітабында Арыс өзенінің бұрын «Үржі» болып аталғаны жазылған. «Арыс» ұғымы мен атауының ерте замандардан бері қарай ру мен жер, су атауларын құрап келгенін аңғартады. Қаланың алып жатқан орнының өзі де тоғыз жолдың торабына ыңғайласып жатыр. «Жібек жолының» осы өңірден өтуі де бекер емес.
2. Қаланың қалыптасу кезеңдерінен. 1905 жылы теміржол құрылысы басталып,1907 жылы Арыс станциясы салынған.1928 жылдың 17 қаңтарында Арыс ауданы құрылды.1932 жылғы 11 наурызда Арысқа «Жұмысшы поселкесі» мәртебесі беріліп,1956 жылғы 31 шілдеде Арыс аудандық бағыныстағы қала мәртебесіне ие болды. Ол қазір Түркістан облысындағы белгілі Ташкент жолы бойындағы ірі қалалардың бірі. Арыс станциясы Ташкент темір жолы салына бастаған кезден пайда болды.Қаланың ескі бөлігі I-Арыс станциясымен іргелес, II-Арыс станциясымен байланысады. Қала көлемі жағынан өте үлкен болмаса да, оның маңызы зор. Арыс станциясы Ресей мен Орта Азия, Қазақстан, Батыс Сібір аймақтарын жалғастырып жатыр.
3. Көне тарихтың беттерінен. Өлкенің бай тарихына сүйенетін болсақ, аумақта 3000-ға жуық қорғандар орналасқан.Біздің эрамыздағы І-VІІІ ғасырларда жергілікті жерлерде қалалар мен қалышықтар салынған, шапқыншылық кезінде қалашықтар бұзылып қайта жаңғыртып салынып отырған. Қазіргі таңда қалашықтардың қалдығы археологтардың жүргізген қазба жұмыстарына сәйкес тарихи архитектуралық ескерткіштер ретінде қаралады.
4.Тоғыз жолдың торабы атанған қала мақтаныштары.. «Тоғыз жолдың торабы», «Орта Азия қақпасы» атанған Арыс жерінен темір жол саласындағы ерен еңбектері үшін Социалистік Еңбек ері атағымен Әуезхан Салықбаев, Әбдуәлі Балғынбаев, Сырлыбек Байжанов, Көпжан Мұхамеджанов, Задария совхозының өсіп өркендеуіне ерекше үлес қосқан Боранбек Шүкірбековтер есімін қала тұрғындары ілтипатпен атап,мақтаныш етеді.
5. Шаһардың әлеуеті қандай? 2017 жылы аймақта негізгі капиталға тартылған жалпы инвестиция көлемі 5 млрд. 831 млн. теңгеге жетті. Өнеркәсіп, шағын және орта кәсіпкерлік, туризм және ауылшаруашылығы салаларында іске асырылатын жобалардың есебінен 2018 жылы бюджеттік емес инвестиция көлемі 2 млрд. 864 млн. теңгеге жетеді деп жоспарланған.
«Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 3 жобаға қолдау көрсетілсе 2018 жылы аталған бағдарлама аясында 7 жобаға қолдау көрсетілмек.
6. Бойында Арыстың, өнермен жарыстың...Қаладан шыққан мәдениет және әдебиет қайраткерлері. Қазақстанның халық әртісі, жезтаңдай опера әншісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Ақжол Мейірбеков, талантты композитор, әнші Ержан Серікбаев, сәулетші Тілеуберді Бинашев және белгілі жазушы-сатирик, драматург Садықбек Адамбеков, жазушы, драматург Дулат Исабеков, жазушы Нұрғали Ораз, ақындар Қосжан Мүсірепов, Бекен Әбдіразақов, Нәмет Сүлейменовтер де Арыс қаласында өмірге келген.
7. Қаланың қазіргі тынысы. Арыс қаласының құрамына 6 ауылдық округі кіреді. Халықтың саны 74 429 адам. Арыс қаласы мен Ақдала ауылдық округіне қарасты Онтам елдімекенін және Қожатоғай ауылдық округіне қарасты Сырдария елдімекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 89 млн. теңге бөлініп, 3 кезекке бөлініп ЖСҚ әзірленген. 2025 жылға дейін қаланың 26 елді мекенін табиғи газбен қамту жоспарланып отыр.
Қала жайлы деректерді ашық ақпарат көздерінен жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.
Фото: maps.resurs.kz