«Шаһарларға саяхат» айдарында бүгін біз еліміздің теңізге шығар қақпасы саналатын, жалғыз портты қала және өнеркәсіптік шаһар ретінде танымал әсем қала - Ақтау жайлы деректерді ұсынамыз.
1. Шаһардың бұрынғы атаулары
1961-1964 жылдары қала Ақтау поселкесі деп аталды. Одан бергі уақытта XIX ғасырдың ортасында Қазақстанға жер аударылған украин ақыны Тарас Шевченконың құрметіне Шевченко қаласы деп өзгертілді. Ал 1991 жылдан бері қазіргі атауымен аталады.
Ақтау – өнеркәсіптік қала. Өнеркәсіп қаласының құрылуына Кеңес одағы басшылығының, сол кездегі министр Е. П. Славскийдің басқаруымен елдің ядролық қалқанын жасау туралы шешімі әсер етті.
2. Қала жайлы деректер
Ақтау — Маңғыстау облысының орталығы (1973 – 88 жылдары және 1990 жылдан), қала, теңіз және әуе порты. Каспий теңізінің шығыс жағасында орналасқан. Қаланың шығысында 40 км жерде әйгілі Қарақия ойысы жатыр. Маңғыстау түбегінде мұнай, газ, уран, т.б. қазба байлықтарының ашылуына байланысты іргетасы 1959 ж. қаланған. 1963 ж. оған қала мәртебесі берілді. Ақтау біраз уақыт Шевченко аталып (1964 – 91), кейіннен тарихи жер атауы қалпына келтірілді. Ақтау қалалық әкімшілігінің құрамына Маңғышлақ және Өмірзақ кенттері кіреді.
3. Қаланың қазіргі келбеті
Ақтау қаласы ХХІ ғасырдың басында өз дамуының екінші кезеңін бастады. Оған дәлел жетерлік. Ақтау – бүгінде аймағымыздың орталығы, еліміздегі болашағы зор қалаларының бірі. Бұл күнде Ақтау Мұнайлы ауданымен бірге, 300 мың тұрғыны бар Ақтау агломерациясын құрайды.
Еліміздің теңізге шығар қақпасы саналатын Ақтау қаласы болашақта халықаралық ірі логистика кешені мен туризм және іскерлік байланыс орталығына айналмақ.
4. Ақтау-өнеркәсіпті қала
Ақтауда облыстың басты кәсіпорындары шоғырланған. Химия өндірісі дамыған, газ өңдеу, пластмасса зауыттары, металлургия комбинаты бар. Олардың негізгі өнімдері: минералдық тыңайтқыштар, күкірт қышқылы, жасанды аммиак, полистирол болып табылады. Тамақ, жеңіл өнеркәсіп, тұрмыстық қызмет кәсіпорындары жұмыс істейді. Қаланың құрылыс ұйымдары Ақтау өңіріндегі қиыршық құм қоспалары, құрылыс құмы, ұлутас пен керамзит шикізаты кен орындарын пайдаланады. Ақтауда 1972 ж. дүние жүзінде тұңғыш рет нейтрондарға негізделген БН-350 реакторы бар энергия комбинаты іске қосылды. Соның нәтижесінде қала мұнай өнімдерімен бірге, атом энергиясын да пайдаланады. Атом электр стансасының қуатымен теңіз суын пайдаланады.
5. Қаладағы білім мен мәдениет ошақтары
Ақтау республиканың батысындағы ғылыми және мәдени орталықтардың бірі. Мұнда Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясына қарасты Ботаника бағы, мұнай-газ ғылыми-зерттеу және жобалау институты, университет, Қазақ ұлттық техникалық университетінің бөлімшесі, арнаулы орта оқу орындары, музыкалық, спорт, жалпы білім беретін мектептер, Абай атындағы мәдениет сарайы, облыстық театр, тарихи-өлкетану мұражайы, телерадиостудия, кітапханалар, қонақ үйлер, медициналық мекемелер бар.
6.Теңіз жағасындағы әсем қала
Әсемдігі жөнінен қала Кавказдың Қара теңіз жағалауындағы көптеген курортты орындардан кем түспейді. Ұлутастан тұрғызылған көп қабатты үйлер өзінің сыртқы әдемілігімен және ішінің көркемдігімен көз тартады. Су тапшылығына қарамастан, қала жақсы көгалдандырылған. Көшелерде әсем бұталар көп, үйлердің аралығына шағын скверлер, гүлзарлар жасалған. Каспий теңізінің жағалауында профилакторийлер, әсем коттедждер, қоғамдық тамақтану, тынығушыларға мәдени қызмет көрсету орындары бар жақсы жабдықталған демалыс аймағы құрылған.
7. Ақтау несімен ерекше?
Ақтау қаласы Санкт-Петербург (Ленинград) қаласының үлгісі бойынша қаланған. Қалада екі көшенің атауы бар. Бірі Бірінші Президент көшесі, екіншісі Тәуелсіздік даңғылы. Қала ықшамаудандарға бөлінеді. Мекен-жайды атағанда аудан үй пәтер ретімен айтады. Мысалы 13-6-72. Қазіргі уақытта 31 ықшамаудан бар. Әрбір шағынауданда шамамен 50-70-дей үй бар, әр үйде орташа есеппен алғанда 60 пәтер бар.Каспий теңізіндегі Қазақстан Республикасының жалғыз порт-қаласы ретінде және ауқымды мұнай-газ өндіру аймағында орналасқан, инфрақұрылымы дамыған (көлік, энергетикалық, инженерлік, әлеуметтік) ерекше геосаяси маңызы бар заманауи қала. Қаланың жалпы аумағы - 29,36 мың га. Халқының саны 2015 жылғы деректер бойынша 185 мың адам.
Ақтау жайлы ашық ақпарат көздерінен деректерді жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.
Фото: ticketon.kz