Апта бойғы мәдени оқиғаларға шолуымызды ұсынамыз.
Ұлытау әлемдік қауымдастыққа таныстырылды. 2018 жылғы қыркүйек айының соңғы аптасында Токиода өткен «Tourism EXPO Japan» дүниежүзіндегі сыртқы және ішкі туризм индустриясы саласының өкілдері қатысатын әлемдегі ең үлкен көрмеге биыл 130 дан астам елден 1500 ұйым қатысты. Оған қазақстандық делегация да барып қайтты. Ұлттық біріңғай стендте «Ұлытау» ұлттық қорық-мұражайы әлемдік қауымдастықты Қазақстанның тариxи және географиялық орталығы, қазақ xалқының алтын бесігі - Ұлытаумен таныстырды.
«Мәдениет тұрғысынан Ұлытауды тек ұлттық қана емес сонымен қатар, жаһандық ауқымдағы құндылық деп те қарастыруға болады. Әрі осы тұрғыдан Ұлытаудың Қазақстан туризмінің күретамырына айналуына әлеуеті жеткілікті. Қазір қасиетті мекенге мемлекет тарапынан ауқымды қолдау жасалып жатыр. «Ұлытау» ұлттық қорық-мұражайының «Tourism EXPO Japan» көрмесіне қатысуы осы қолдаудың арқасында мүмкін болды. Бұл біздің төл мәдениетімізді әлемдік қауымдастыққа бірінші рет таныстыруымыз емес. Бұған дейін де бірнеше рет өзге елдерде осындай халықаралық көрмелерге қатыстық. Соның арқасында Ұлытаудың танымалдығы артып, Қазақстанның осындай тарихи-қасиетті жерлерін көргісі, білгісі келетін шетелдік туристтердің саны артып келеді»,-дейді «Ұлытау» ұлттық қорық-мұражайының директоры Бақтияр Қожахметов.
Қорық-мұражай «Tourism EXPO Japan 2018» көрмесінде өз стендін үш тілде ұсынды. Тиісінше барлық көрнекі құралдар, жарнамалық буклеттер үш тілді яғни қазақша, ағылшынша және жапонша болды. Ұлытауға қызығушылық танытқан потенциалды туристерге қорық-мұражайдың брошюралары таратылды. Сонымен қатар, басқа қатысушылардың тәжірибесін көріп-білу үшін фото және бейне түсірілімдер жасалды.
Елордасында ел тарихын таныстыруға бағытталған мәдени шара өткізілді. Астанада қазақтың батыры Бөгенбайдың ескерткішіне гүл қою салтанаты өтті, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты. Іс-шара "Қазақ батырларының өмірлеріне шолу" атты тақырыптық кештердің бір бөлігі және "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Шара "Жас ұлан" республикалық мектебінің оқушылары әскери сап түзеп Бөгенбай батыр ескерткішіне гүл қою рәсімімен басталды. Шараның мақсаты кезінде бас қолбасшы болған Бөгенбай батырды еске алу, ұрпақ тәрбиесіне үлгі ету, ел тарихын ұлықтау және мәңгі есте сақтау. Сондай-ақ, оқушыларды және қала тұрғындарын қазақ халқының қилы тарихымен таныстыру, қала тұрғындарының бойында ескерткіштер мен монументтерге ұқыпты қарау әдетін қалыптастыру болып отыр.
Астанада халықаралық фестиваль өткізілмек.5 қазан күні «Астана Опера» Камералық залында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезін өткізу аясында «Астана – Әлем дауысы» халықаралық фестивалінің салтанатты ашылуы өтеді. Кештің қанық та қызықты бағдарламасын Мәдениет қайраткері, профессор Гүлмира Құттыбадамова жетекшілік ететін Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының Камералық хоры ұсынады,-деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметінен.
Концерт ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Рухани жағыру» бағдарламасының аясында тарихи-мәдени мұраларды сақтау, дамыту және насихаттау мақсатында өтеді. Кеш Елорданың 20 жылдығына орайластырылған.