Өтіп бара жатқан аптадағы толассыз ақпарат легінен екшеп алынған шолуымызды ұсынамыз.
Астана қаласындағы №54 мектеп-лицейде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов және оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы: академик Дихан Қамзабекұлы, РһD докторлары Мұхит Сыдықназаров, Азамат Дүйсенбаев және филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы, Әлеуметтік азаматтық даму департаментінің директоры Әлібек Мәдібек т.б. жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауы туралы кеңінен түсіндіріп берді, деп хабарлады университеттің баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы орта білім беру жүйесінде атқарылатын ең маңызды жұмыстар туралы айта келіп, Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс екенін, орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды екенін атап көрсетті. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты жаңа міндеттер белгілеп берді. Мұның бәрі Мемлекет басшысының білім саласына деген қамқорлығының айқын көрінісі, деді депутат Ерлан Сыдықов. 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланып отырғандықтан, олардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінгені абзал, ал тіл білген жастарға әлемде жол ашық!- деді Ерлан Сыдықов. Кездесуге қатысқан ақын әрі ғалым Серікзат Дүйсенғазы өлең оқып, жырдан шашу шашса, академик Дихан Қамзабекұлы, РһD докторлары Мұхит Сыдықназаров, Азамат Дүйсенбаев болашақ мектеп бітіруші жастарға бағыт-бағдар сілтеп, Жолдаудағы өзекті мәселелер туралы өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ жиын барысында Астана қаласындағы №54 мектеп-лицей мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасындағы өзара байланыстар жөнінде меморандумға қол қойылды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы Наурызбай аудандық фронт-офисінде цифрлық қызметтерді танымал етуге арналған акция өтті. Шараға эстрада және спорт жұлдыздары - «Музарт» тобының әншілері Мейрамбек Беспаев, Кенжебек Жанәбілов, джиу-джитсудан, жауынгерлік самбодан, жекпе-жектен спорт шебері, ISCP нұсқасы бойынша кәсіби панкратионнан әлем чемпионы, ММА бойынша NOFC Гран-При турнирінің жеңімпазы Ержан Естанов, ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы Османжан Касимов, әншілер Роман Майғазиев, Талғат Жорабаев, Райым Уайыс және т.б. танымал тұлғалар қатысып, Наурызбай аудандық фронт-офис келушілеріне қызмет көрсетті.Акция барысында азаматтарға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу, мобильді үкіметке тіркелу жолдары көрсетілді. Жұлдыздар электрондық кезек талонын ұсынып, мемлекеттік қызметтерді алу бойынша кеңес берді. Тұрғындардың цифрлық сауаттылығын көтеріп, электрондық қызметтерді үйден немесе жұмыс орнынан өз бетінше алуға, «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы көп сұранысқа ие анықтамаларды алуға үйретіп, смартфон, планшет арқылы бір реттік код көмегімен өз мәліметтерін тексеру қызметтерін кеңінен насихаттады.
«Әрбір адам өз уақытын үнемдеп, мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға үйрету мақсатында мұндай акцияларды университеттерде, сауда орталықтарында және т.б. адамдар көп жиналатын орындарда өткізіп жүрміз» - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының PR-менеджері Жаңыл Әпетова. Акция аясында азаматтарға цифрлық қызмет алу жолдары көрсетілген арнайы парақшалар таратылды.
8 қараша күні «Астана Опера» Үлкен залында «Мәңгі өшпес музыка» шырқалады. Театрдың Симфониялық оркестрі Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, сұранысқа ие дирижер Александр Титовтың (Санкт-Петербор) жетекшілігімен өнер көрсетеді. Солист – белгілі скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов.
Халықаралық сахнада Қазақстанның бетке ұстар туындысына айналған Т.Қажығалиевтің «Дала аңызы» сюитасынан «Қыз қуу» симфониялық скерцосымен концерттік бағдарлама ашылады. Керемет бояулар мен күш-жігерге толы тамаша пьеса түрлі ел тыңдармандарының жүрегін заманауи стиль мен терең ұлттық үннің үйлесімімен баурап алады, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы кеште «Астана Опера» Үлкен залының сахнасына алғаш рет маэстро Александр Титов шығады. Дирижер Санкт-Петербор консерваториясының профессоры, Мариин театры, ВВС Шотландия оркестрі, Ла Скала театры, Ресейд Үлкен театрының шақырылған дирижері болып табылады. 2007 жылы Петербор мемлекеттік академиялық симфониялық оркестріне жетекшілік еткен.
Шолу Qazir поштасына келіп түскен жаңалықтардан дайындалды.
Иллюстративное фото - Анастасия Лебедева.