Бүгін әдеттегідей апта бойы елімізде өтіп жатқан мәдени шараларға шолуымызды ұсынамыз.
2018 жылғы 8 тамызда ҚР Ұлттық музейінде ХХ ғасырдың ең танымал және беделді шеберлерінің бірі – Пабло Пикассоның бірегей көрмесі ашылды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Пабло Пикассо. Воллористік Селестина мен керамика» экспозициясы Астананың 20-жылдығына орай өткізілді.Көрме барысында қала қонақтары мен тұрғындары көркем керамика мен Пикассо гравюраларының сирек көрсетілетін коллекциясын тамашалауға мүмкіндік алды. Құмыралар, табақшалар, сауыттар, ертегідегі құстар мен мифтік жаратылыстар – ұлы шебер Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тұрақтаған Францияның оңтүстігінің ғаламат шуақты пейзаждарындай көз тартады.Көрме 2018 жылғы 3 қарашаға дейін жалғасады.
Бүгін 19.00-де «Астана Операның» Камералық зал сахнасында «Музыкалық демалыс» концерті өтеді.Астаналық өнер сүйер қауымға әлемнің үздік музыкалық оқу орындарында білім алып жүрген дарынды қазақстандық студенттер, халықаралық байқаулардың лауреаттары өз өнерін ұсынбақ.
Концертке П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының шәкірттері Досхан Жексембай (бас-тромбон), Карина Измаилова (фортепиано), Ажар Қадырова (виолончель), сонымен қатар П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы Орталық музыка мектебінде оқып жатқан Әлия Асанова (фортепиано), Эльнура Русланбекқызы (скрипка) қатысады.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Сыр өңірінде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысы негізінде «Жастар рухани жаңғыру жолында» атты жастар керуені ұйымдастырылды.
2 тамыз күні Шиеліден бастау алған керуен аймақтың барлық аудандарын аралап келеді. Жастар керуенінің аясында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдірахманова, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшылары Әлима Әбдіхалықова, Гүлмира Әшірбекова бастаған топ жастармен кездесулер өткізуде.
Алдағы уақытта мұндай шаралар Қазалы, Арал аудандары мен Байқоңыр және Қызылорда қалаларында өткізілетін болады.
Түркістан облысында «Бұл — біздің таулар!» фестивалі басталды. Үш күнге созылатын іс-шара «Сайрам-Өгем» МҰТП аумағында өтеді. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен қолға алынған фестивальге Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан облыстарынан және Шымкент қаласынан 30-ға жуық альпинист арнайы келген.
Бұл іс-шараның мақсаты – ішкі, спорттық-экологиялық туризмді дамыту, облыстың туристік әлеуетін насихаттау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру. Биылғы фестиваль қазақ халқының ұлы қайраткерлері — Төле, Қазыбек және Әйтеке биге арналған. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 3 шыңға 3 бидің аты беріліп, альпинистер сол 3 шыңды бағындырады.
7-12 тамыз аралығында Македония мемлекетінде жыл сайынғы «Езерский бисер – 2018» фестивалі өтеді. Фестивальге 10-нан аса мемлекеттен талантты балалар қатысады. Атыраудың намысын қорғауға «Мирас» балабақшасының бишілер тобы мен «Дархан» өнер студиясының мүшесі Аяулым Қанатқалиева хореография номинациясы бойынша қатысады.
Бишілер 1-5 мамыр күндері Атырауда өткен «Almaly.kz» V халықаралық балалар өнер фестивальіне қатысып, Македониядағы байқауға жолдама алған болатын.
Қостанай облысының Лисаков қаласында ежелгі технологиялар және мәдени коммуникацияларының бірінші халықаралық фестивалі өтті. Ұлы даланың мәдени мұрасын зерттеушілердің бұл жерде басқосуына қола дәуіріндегі тайпалардың көптеген тұрақтары мен ескерткіштері осы Лисаков аймағынан табылғандығы себеп болып отыр. Андронов мәдениетіне жататын құмыра ыдыстар, қару-жарақ, тұрмыстық құралдар, әшекейлер жергілікті музейден орын алған. Фестиваль аясында адамзат баласы алғаш металды қалай өңдеп, тоқыма матаны қалай дайындағандығы нақты іс жүзінде көрсетілді.
Апта бойы еліміз бойынша өткізілген мәдени шаралар осындай. Шолуға өзек болған жаңалықтар ашық ақпарат көздерінен алынды.