Аптаның жұма күні толассыз ақпарат легінен екшеп алынған шолуымызды ұсынамыз.
Қазақстан бизнес жүргізу рейтингінде биыл 8 сатыға жоғарылады. Doing Business 2019 (Бизнес жүргізу 2019) рейтингінде Қазақстан Республикасы 28-орында тұр. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің баяндамасынан мәлім болды.Былтыр 36 орында болған еліміз , биыл бірден 8 сатыға жоғарылаған.Ал,биылғы рейтингтің үздік ондығында Жаңа Зеландия, Сингапур, Дания, Гонконг (Қытай), Корея Республикасы, Грузия, Норвегия, АҚШ, Ұлыбритания және Македония сынды елдер тұрса, соңында Сомали орналасқан. Қазақстан биылғы тізім бойынша Испания, Ресей, Франция, Түркия, Жапония, тіпті Қытай секілді алпауыттарды артқа тастап отыр.
Алматының Түрксіб ауданында мүмкіндігі шектеулі балалар үшін «Мейірім» атты ерекше реабилитациялық орталық ашылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алматылық кәсіпкер Қайрат Боранбаев құрылысқа 2 млрд. теңге жеке инвестициясын салды. «Мейiрiм» атты жаңа орталық церебралды паралич ауруына және басқа да сырқаттарға ұшыраған, интеллектуалдық дамуы төмен, сонымен қатар Даун синдромына шалдыққан 3-тен 15 жас аралығындағы мүмкіндіні шектеулі балаларға есептелген. Мекеменің бір ерекшелігі, мұнда әр бала үшін коррекциялық және реабилитациялық дамудың жеке әдісі жасалған. Балалар коррекциялық-даму сабақтарына қатысады, оларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі, емдеу физкультурасы, массаж, физиотерапия, әлеуметтік-еңбек реабилитациясы, музыка, көркем және ойын терапиясы жұмыс істейді.
Маңғыстаулық меценаттар 39 жобаны іске асырды. Бұл мәліметтер Маңғыстауда облыс әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын салтанатты құттықтау рәсімі барысында айтылды. Маңғыстау облысында жергілікті кәсіпкерлердің еңбегі мен өз өңірінің өркендеуіне үлес қосып жүрген жұмыстарын бағалап 2-ші жыл қатарынан қорытынды жасалды. «Атамекен» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылдың бастапқы 10 айында жоспарланған 85 іс-шараның 39 жобасы меценаттардың көмегімен іске асырылды. Облыс бойынша, 12 спорт кешендері мен алаңдары, 4 мектеп жанында жылыжайлар, 100 орындық отбасылық жатақхана салынды, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін 11 пәтер берілді, 18 тұрғын үйлер жөнделді және 4 балалар ойын алаңы салынған.
Сонымен қатар, 2018 жылы тағы 40 жобаны іске асыру басталды,жылдың соңына дейін 22 жоба аяқталады деп жоспарланған.
Қызылордада облыс жастарының арасында «Байқоңыр Start-up 2» бизнес-идеялар конкурсы өткізілді. Оған 18 бен 29 жас аралығындағы 70 жас қатысып, бақ сынасты.
Нәтижесінде жүзден жүйріктер анықталып, үздік жобалар марапатталды. Жүлделі бірінші орынды Қызылорда қаласынан Дастан Айтбайдың «Инновациялық құлаққап «Safe headphones»» жобасы жеңіп алды. Оған арнайы диплом мен 300 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Дастанның жобасы көпшілікті таңғалдырды. Дастан құлаққап ішіне қауіпсіздік сигналын орнатқан. Көлік, жол көлік қызметкерлерінің, жедел жәрдем көліктерінің сигналы іске қосылғанда құлаққаптағы әуен автоматты түрде тоқтайды. Мұндай құлаққап 15 метр қашықтықта көліктің дабылын қабылдап, музыканы ажыратуға қабілетті. Жас дарынның айтуынша, қазіргі кезде облыс әкімдігі мен Қорқыт ата атындағы ҚМУ-мен бірлесіп жұмыс жасауға ұсыныс түскен. Бүгінде мұндай құлаққаптың бір данасы ғана жасалған.
2025 жылы Түркістанға келетін туристер санын 5 миллионға жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Орталық коммуникациялық қызметі ұйымдастырған брифингте мәлімдеді. «Облыстағы қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштер бойынша 21 бағытта туристік маршруттар ашылды. Түркістан өңірімен мен Қазақстанның киелі жерлері картасына енген нысандар туралы бірнеше тілде арнайы роликтер және «Ontustik TourAudio» мобильді қосымшасы әзірленуде. Одан бөлек, киелі жерлер туралы ақпарат алудың қолжетімділігін, туризм саласының әлеуетін арттыру мақсатында туристердің жиі баратын 35 туристік нысанда QR-кодтар орнатылды. Кеше ғана тарихи шахарымызға миллионыншы турист аяқ басты. Бұл көрсеткішті өткен жылмен салыстырсақ, 57,2 пайызға өскенін аңғарамыз. Ал, алдағы межеміз, 2025 жылға қарай қаламызға келетін туристер санын 5 миллионға жеткізу көзделіп отыр», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Апталық шолуға арқау болған жаңалықтар ашық ақпарат көздерінен алынды.
Иллюстративное фото - Анастасия Лебедева.