Бұл аптаның соңғы күндері Ата заң мерекесіне тура келгендіктен мәдени шаралар легі аз болмады. Сонымен, маңызды мәдени жаңалықтарға рет-ретімен тоқталайық.
Елордада өткен халықаралық поэзия кеші «Ақ ордалы Астана» деп аталды. Оған жергілікті ғана емес, финляндиялық, ресейлік, қытайлық танымал туындылардың авторлары бас қосты. Айта кетерлігі, қатысушылар тақырыпқа сай жазылған өз шығармаларын қазақ, ағылшын, орыс және Біріккен Ұлттар Ұйымы мақұлдаған ресми тілдерде жариялай алады. Негізгі мақсат – Астананың мәртебесін халықаралық деңгейде насихаттау. Сол арқылы «Әлем ақындары Қазақстанды жырлайды» атты шығармалар жинағы жарық көрмек.
Сонымен қатар, елордасында өткен тағы бір айта қаларлық шара- бұрынғы Семей ядролық полигоны жайлы британдық режиссер түсірген деректі фильмнің көрсетілімі болды. «Жел соққан жерде» деп аталатын туынды біздің елімізде көрермендерге алғаш рет көрсетілді. Бұған дейін ол АҚШ және Еуропаның бірнеше мемлекетінде көрермен назарына ұсынылған фильмде 40 жылдан астам уақыт жүргізілген сынақтар мен одан зардап шеккен жандардың өмірі баяндалған.
Ұлттық музейде Астана қаласының 20 жылдығы және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің 40 жылдық мерейтойына орай «Түркістан жауһарлары» атты көрменің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі республикамыздағы іргелі музейлердің бірі. Қорында 25 мыңға жуық жәдігері бар еліміздегі іргелі қорық-музейдің елорда төрінде көрмені өткізудегі мақсаты – Түркістанның тарихи орнын, оның мәдени-рухани келбетін ашып көрсету, тарихи жәдігерлерді насихаттау, мәдени байланысты кеңейту, музейлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Көрме осы жылдың 29 тамызынан 1 қазанына дейін жалғасады.
Жамбыл облысының орталығында «Қасиетті Қазақстан: Тараз тарихымыздың айнасы» атты ғылыми тәжірбиелік конференция өтті. «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы модернизациялау» бағдарламасының шеңберінде жергілікті тарих және аймақтың тарихи мұраларын зерделеген ғалымдар мен қоғам белсенділері өзара тәжірибе алмасты.Өлкенің өткенін білу – рухани тәрбиенің жаңғыруы.Осыған байланысты аймақта үлкен іс-шаралар жүргізілуде. Қазақстанның қасиетті 100 мекеніне Жамбыл облысының 8 мәдени және тарихи нысаны кірген. Ағымдағы жылдың қараша айында «Әулиеата қасиетті мекендерінің географиясы» кітап-альбомын шығару жоспарланып отыр.
Теміртау қаласының өлкетану мұражайында оқушыларға арналған "Мен патриотпын" интерактивті көрмесі ашылады.Музей директоры Наталья Скорикованың айтуынша,көрме үш бөлімнен тұрады. Бір бөлігінде келушілерге мультимедиялық экранда негізгі мемлекеттік белгілер туралы викторина сұрақтарына жауап беруді ұсынады. Екінші бөлімде – этнографиялық. Мұнда қонақтар арасында Қазақстан Ассамблеясына арналған экспонаттармен викторина жүргізіледі. Қатысушылар ұлыстардың сипаттамаларына негізделе отырып жәдігерлердің қай ұлтқа тән екенін бір-бірімен келістіру керек.Үшінші бөлік Қазақстанды әр жылдары талантымен немесе ерлігімен танылған адамдарға арналған. Көрме 1 қыркүйек ашылады және ай соңына дейін жұмыс істейді.
Грузияның Батуми қаласында алғаш рет «Жібек жолы жұлдызы» халықаралық музыкалық байқауы өтуде. Шарада 14 елдің өнерпаздары бақ сынайды. Олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстаннан қатысушылар бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль жыл сайын Ұлы Жібек жолы мемлекеттерінде ұйымдастырылатын болады. «Жібек жолы жұлдызы» байқауында Қазақстан намысын Мирас Жүгінісов қорғап жатыр. 18 жастағы әнші байқаудағы ең жас қатысушы ретінде мұндай халықаралық додада алғаш рет бақ сынауда.
Алда өтетін шаралар жайлы айта кетсек
8 қыркүйекте «Астана Опера» театрының Үлкен залында «Астана – асыл арманым» концерті өтеді. Кеште әйгілі опера әншісі, театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызы өнер көрсетеді, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметінен. Музыкалық шара аясында сахнаға: «Астана Опера» жетекші солисі, Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян (бас), шақырылған тенорлар Мұрат Қарахан (Түркия) және Родриго Поррас Гаруло (Германия) шығады. Концертке «Астана Операның» симфониялық оркестрі мен хоры да қатысады. Елорда тұрғындары мен қонақтары халықтың сүйікті әндерін, отандық және шетелдік опера классикасының жауһарларын орындайтын болады. Бағдарлама барысында Дж.Вердидің, Дж.Пуччинидің, Ж.Массненің, Х.Хименестің, Ф.Барбьеридің, И.Кальманның, Ф.Легардың, Д.Шостаковичтің, И.Дунаевскийдің, Н.Жигановтың туындыларынан ариялар, дуэттер, трио және опералар мен оперетталардан сахналық көріністер шырқалады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай,15 қыркүйекте Алматыда жаңа Халықаралық кинофестиваль шымылдығын түреді. Бұл шара қала әкімдігінің бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Almaty Film Festival режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмімен ашылады.Өздеріңізге мәлім, Канн киновестивалінде қазақстандық актриса Самал Еслямова осы кинотуындыдағы үздік әйел ролі үшін марапатталған болатын. «Бұл кинофестивальдің мақсаты – Қазақстан киноиндустриясына халықаралық жобаларды тартып, Алматының мәртебесін әлемге таныту» дейді ұйымдастырушылар.Сонымен қатар халықаралық кинофестиваль барысында «Тұлпар» ұлттық сыйлығы табысталады.
Шолуда пайдаланылған мәдени шаралар жайлы мәліметтер ашық ақпарат көздерінен алынды.