Аптаның жұма күні еліміздегі маңызды мәдени оқиғаларға шолуымызды ұсынамыз.
Аптадағы ең маңызды оқиғалардың ішінде кеше елордамызда басталған Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізіп отырған «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форумын атап айтқан жөн.Оның мақсаты-Еуразия халықтарының көркем әдебиетін танымал ету, ұлттық мәдениет өкілдерінің арасындағы байланысты нығайту, бірыңғай еуразиялық әдеби кеңістікті қалыптастыру, сондай-ақ, жастар арасында таланттарды анықтау. Бұл ауқымды шара1973 жылдан бері араға 45 жыл салып өткізіліп отыр. Бұл биылғы жылдың интеллектуалдық ресурстарды жинақтайтын және халықаралық ынтымақтастық пен мәдени сұхбаттарды дамытуға арналған ең ірі әдеби жобасы.
XXI ғасырдағы жаһандық мәдениеттің күн тәртібіндегі мәселелері сөз болатын форумға Еуразия құрлығының түкпір-түкпірінен шет ел қаламгерлері (Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Латвия, Венгрия, Польша, Молдова, Армения, Украина, Болгария, Моңғолия, Әзірбайжан және өзге де мемлекеттер) қатысуда.
Көпшілікті елең еткізіп,көңіл төрінен орын алған тағы бір жағымды жаңалық - Оралда 1700 домбырашы бір мезгілде күй орындаған «Нағыз қазақ – домбыра» атты кең ауқымды акциясы болды. Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына орай өткізілген шараның мақсаты – күйші шығармаларын халыққа кеңінен насихаттау, асыл мұрасын жас ұрпаққа жеткізу. Тұңғыш Президент атындағы алаңға жиылған домбырашылар Құрманғазының халық арасында кеңінен танылған «Балбырауын» және «Адай» секілді күйлерін бірге орындап, рекорд жаңартты. Бұған дейін осындай игілікті шараны Атырау облысы өткізіп,онда 1017 орындаушы бір мезетте күй шерткен болатын.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Жезқазған қалалық қоғамдық келісім кеңесі, Жезқазған бизнес және көлік колледжінің ұйытқы болуымен өткен «Қазақстанның киелі жерлері – көненің көзі, тарихтың өзі» атты республикалық ғылыми конференция апта ішінде ұйымдастырылған айшықты шаралардың бірі болды.Конференция жұмысына «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, көрнекті алаштанушы Берік Әбдіғалиұлы қатысып,«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаруалар, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы туралы кеңінен баяндады.
20-21 қыркүйек күндері мемлекет басшысының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Ақтөбеде Аналар слеті өтуде. Оған республиканың барлық өңірінен 1200-ден аса әйел қатысса, олардың ішінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Клара Жұмабаева, ҚР балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтбаева, Ұлттық ғылым академиясының академигі Раиса Күзденбаева, этнограф Зейнеп Ахметова, белгілі ақын әрі журналист Марфуға Айқожина бар. Слет кезінде әйелдің қоғамдағы рөлі мен мәртебесін көтеру, демографиялық саясатты дамыту, қазіргі отбасылардың, ана мен баланың проблемалары сынды өзекті сұрақтар талқыланып, оларды шешудің нақты жолдары ұсынылмақ.
Ұлттық классика жауһары – «Абай» операсы тұңғыш рет Италияда қойылмақ.Астана Опера» театры Италияға гастрольдік сапармен жол тартпақ. Ұжым 8 және 10 қараша күндері атақты генуялық «Карло Феличе» театрының сахнасында өнер көрсетеді.Талғампаз көрерменнің назарына А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы, сонымен қатар Л.В.Бетховеннің №9 Симфониясы ұсынылады. Гастроль ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтеді. «Астана Опера» МОБТ қойылымындағы «Абай» операсы 2018 жылғы Әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылып, екінші кезеңіне өткенін айта кеткен жөн. Музыка сыншылары аталмыш сахналық қойылымның алыптығын, көпқырлылығы мен ауқымдылығын бірнеше рет атап өтті. Ол Қазақстанның опера өнерінің жаңа кезеңі болып табылады және әлемнің үздік сахналарында талай рет ұсынылатыны сөзсіз.
22-23 қыркүйек күні Астана қаласындағы «Жерұйық» саябағында Астана қаласының қоғамдық даму істері басқармасының тапсырысымен «Step Up» атты Астананың 20 жылдығына арналған жастар арасындағы байқауы өтеді.Оны Астана қаласының қоғамдық даму істері басқармасы мен Қазақстан студенттер альянсы ұйымдастырып отыр. Конкурстың мақсаты - Қазақстанның дарынды, талантты жастарын қолдау және таныту, жастар саясаты арасында саламатты өмір салтын насихаттау, Қазақстанның мәдени құндылығын сақтау және арттыру, жастарды төзімділік рухта тәрбиелеп, басқа да елдердің мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру.
Мәдени шолуға пайдаланылған жаңалықтар ашық ақпарат көздерінен алынды.
Иллюстративное фото: ticketon.kz