Өтіп бара жатқан аптадағы толассыз ақпарат легінен екшеп алынған шолуымызды ұсынамыз.
Астана ШОБ бойынша алдыңғы орында. Еуразия кеңістігінің қаржылық, іскерлік, инновациялық және мәдени орталығына айналған Астана, шағын және орта бизнестің ЖӨӨ-дегі үлесінің көрсеткіші бойынша бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша көш бастауда. Бұл көрсеткіш 58 %. 2017 жылғы инвестиция көлемі 956,9 млрд теңге болып, рекордқа жетті. Осы жылдың 1 тамызындағы мәліметке сәйкес қалада 156 341 шағын және орта бизнес субъектісі бар. Ал 1 қазандағы мәлімет бойынша жұмыс жасап тұрған ШОБ субъектісі 107-ден астам. Бұл өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 9,8 % жоғары.
Қарағандыда жас кәсіпкерлер тегін оқытылады. Жас қарағандылықтар тегін түрде бизнес негіздерін оқуға мүмкіндік алды. Бұл мақсатта «Жас кәсіпкер мектебі» жобасы іске қосылды. Оны аймақтық Кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асыруда. Бұл мектепте 18-29 жас аралығындағы жастар дәрістер тыңдай алады. 35 адамнан құралған бірінші топ 17-ші қазаннан бастап оқуға кірісті. Дәрістер Қарағанды машина құрастыру колледжінің базасында өткізіледі. Сабақтарды бизнес-тренер Мұратбек Мұқатаев жүргізеді.
«Павлодар» АЭА әлемдегі үздіктердің қатарына кірді. Танымал британдық fDi Мagazine журналының нұсқасында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы «Үздік ресурстық-шикізаттық база – 2018» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. – fDi берген оң баға бұл тек басылым бетіндегі жол ғана емес, себебі журнал рейтингі бизнестің жаһанды элитасы және жетекші сарапшылары болып саналады, – дейді АЭА басшысы Айбек Тұрсынғалиев. fDiMagazine атынан номинацияға ие болу «Павлодар» АЭА аймағын кез келген бизнес және өндіріс түріне арналған қолжетімді және сапалы шикізат көзі бар, бизнестің дамуына қолайлы халықаралық инвестициялық алаң ретінде көрсетеді.
Маңғыстауда алғашқы электр қуаттандыру станциясы ашылды. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов электромобильдеріне арналған алғашқы электр қуаттандыру станциясының ашылу салтанатына қатысты. Есенов университетінің бас корпусының алдында орнатылған 2 Станция аталмыш оқуордасының ғалымдарының еңбегімен жасақталған. Олардың толық зарядтау циклі небәрі 3 сағатты құрайды. Электромобильде руниверситеттің ішкі пайдалануы үшін алынған.
Сыр елі өткен тарихын таразылады. Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «Руханиятты қолдау» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Туған жерге тағзым» жобасы аясында өтетін «Сыр өңірі ежелгі заманнан бүгінге дейін» тақырыбында тарихшылар слеті өтті.Слеттің негізгі мақсаты – «Өзгені тану үшін, алдымен өзіңді тани біл!» деген жалпыадамзаттық қағиданы басшылыққа ала отырып, мектептерде «Өлкетану» пәнін енгізу, оны оқытудың негізгі мәселелері төңірегінде және алғашқы астана саналатын Қызылорда қаласының көне замандардан бүгінге дейінгі тарихы туралы мәселелерді талдау болып табылады.
Отандық прокатқа жаңа анимациялық фильм шықты. Адам мен бүркіттің достығы туралы баяндайтын толықметрлі «Мұзбалақ» анимациялық фильмі отандық прокатқа шықты, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шəкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы өндірген. Қызықты оқиғаға толы фильм режиссер-аниматорлар – Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазының бірлескен шығармашылық еңбегінің жемісі. Фильмге адам баласының бүркітті қолға үйретуі арқау болған. Оқиға желісі бойынша адам мен құс бір-біріне сенім білдіре отырып, бауыр басады. Сонымен қатар, фильмде қазақтың саятшылық дәстүрі де суреттеледі.Фильмнің ұзақтығы бір сағат.
Шолуда пайдаланылған жаңалықтар облыс әкімдіктерінің ресми сайттарынан алынды.