Әр аптаның жұма күні әдеттегідей ел өміріндегі маңызды мәдени шараларға шолуымызды ұсынамыз.
«Астана Балет» театрының труппасы Италияның Милан қаласында өнер көрсетті.Бұл гастрольдік сапары «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Нуово театрының тарихы өткен ғасырдың 38-жылынан басталса,ежелгі сахна төрінде әлемдегі әйгілі труппалар өнер көрсетіп келеді. «Астана Балет» театрының әртістері де сондай танымал театрлар қатарында көрермендер назарына «Астана Балет Гала» бағдарламасын ұсынды.
Қазақтану» жобасы шеңберіндегі іс-шаралар легі Сыр өңірінде жалғасуда. Оның аясында еліміздің салт-дәстүрі, рухани құндылықтары, мәдениеті мен әдебиетінен сыр шертетін түрлі көрмелер мен танымдық сабақтар өткізу жоспарланған. Басқосуға қатысушылар қазақ халқының тарихын, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеу тұрғысындағы ойларын ортаға салды. Сондай-ақ 3 күнге белгіленген бағдарлама аясында лекторлар облыс орталығында, Шиелі, Тереңөзек, Жосалы кенті және Байқоңыр қаласындағы оқу орындары мен мекемелерде дәріс оқиды.
Ақтауда Каспий жағалауы елдерінің ІІ халықаралық театр фестивалі өтуде. Бұл шара қазақтың кино және театр саңлағы Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдығына арналған. Оған Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Түркіменстан мен Иран елдерінің өнер ұжымдары қатысады. Шараның шымылдығы Татарстаннан келген Мензелин мемлекеттік татар драма театрының «Ібіліс» трагедиясымен ашылды. Фестиваль 17 қыркүйекке дейін жалғасып,төрт күні бойы ақтаулықтар үздік туындыларды тегін көруге мүмкіндік алады.
Алматыда мүсіндер мен шағын архитектуралық пішіндер-діӊ PARK FEST халықаралық фестивалі басталды. Қала күні мерекесі қарсаңында алғаш ұйымдастырылып отырған шараға көптеген танымал өнер шеберлері қатысты. Фестиваль аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті маңындағы «Достық» саябағында «Сәлем, Көршілер» атты мәдени шара өтті. Онда интерактивті арт-нысандар орнатылып, түрлі ойындар ойнатылды. Мәдени шараға Беларусь, Ресей және Қырғызстан мүсіншілері де қатысты.
Шетелде танымал болған қазақстандық суретшілер Елордаға жиналды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Astana Art Show шарасының өткізілуіне қатысты өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Мәдени шара аясында 15 қыркүйек пен 28 қазан аралығында үш көрме өтеді. Бұл көрмелер осындай форматта алғаш рет ұйымдастырылуда. Көрменің алғашқысы «Metamorphosis» тақырыбымен ұсынылған және 15 қыркүйекте ашылады. Жоба қатысушылары ретінде шетелде есімдері танымал болған қазақстандық жас суретшілер қамтылып отыр.
Шолуға пайдаланылған мәліметтер ашық ақпарат көздерінен алынды.