«Шаһарларға саяхат» айдарынан Қарағанды облысындағы Абай қаласы жайлы мәліметтермен таныса аласыздар.
1. Қала жайлы қысқаша мәлімет. Ресми деректер негізінде алып қарайтын болсақ, шаһардың іргетасы Шерубай кенті ретінде 1949 жылы қаланған. Қала мәртебесін 1961 жылы иеленген. Шаһар арқылы Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда автомобиль жолы, Қаратас кентінің жанынан Жартас су құбыры өтеді. Қалаға ең жақын темір жол стансасы Қарабас 7 км жерде орналасқан.
2. Шаһардың өткені жайлы. Нарық кезеңінде еліміздегі өзгерістер бұл қаланың тыныс-тіршілігіне де өз әсерін тигізді. Көптеген мекемелер мен кәсіпорындар жабылып, бұрын жұмыс істеп,қалыпты еңбек ырғағын сақтап тұрған 4 шахтаның біреуі ғана нарыққа төтеп бере алды. Бұған дейін өнімдері үлкен сұранысқа ие құрылыс саласындағы ұйымдардың өзі жұмыстарын жолға қоя алмай тұралап қалған кездері болды.
3. Қаладағы кәсіпорындар. Соңғы кездері шаһарда шағын және орта бизнес жақсы дамып келеді. Қазір жеті ірі бизнес,36 орта бизнес және 127 шағын бизнес кәспорындары жұмыс істейді. Олардың қатарында «Қазақмыс» корпорациясының «Абай жылу жүйесі» ЖШС, жоғары коксты көмір байытатын «Восточная» байыту фабрикасы, жеке меншік кәсіпорындар арасында «Эдельвейс» өндірістік кооперативі, агроөндірістік ұн комбинаттары бар.
4. Шаһардағы әлеуметтік-мәдени мекемелер. Қаладағы 1980 жылы ашылған Абай Құнанбаевтың мұражайы мұнда келушілер үшін мәдени-рухани орталық болып саналады. Сонымен қатар Абай спорт мектебінің спортшылары қаланың ғана емес, республикадан асып, әлемдік деңгейдегі жарыстардан жүлделі орындарға ие болуда. Абай қаласы аталған ауданның орталығы болғандықтан,ауданда 3 емхана, 2 аурухана, 11 селолық фельдшерлік амбулатория, 22 фельдшерлік-акушерлік пункт,13 дәріхана,2 туберкулезге қарсы диспансер халыққа қызмет көрсетіп келеді.
5. Абай есімін әлемге әйгілеген мектеп түлектері. 1966 ж. құрылған Олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған мектебі бокстан Еуропа чемпионы С. Нұрқазовты, халықаралық спорт шеберлері Б. Аманбаев, Д. Мұңайтпасов, Әлем чемпионы С.Сапиевты тәрбиелеп шығарса, олар шаһардың атын өз жетістіктері арқылы әлемге танытты.
6. Қаланың ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етілуі.
Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары ет, сүт, жұмыртқа, картоп, көкөніс өндіруге бейімделген. Ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жер аумағы 611,7 мың га (2006). Оның 48%-ына дәнді дақылдар, 3%-ына картоп пен көкөніс, 49%-ына жем-шөп дақылдары егіледі. Мал шаруашылығы саласы бойынша ірі қара, жылқы, құс өсіру мен 8 кәсіпорын, 1 құс фабрикасы, 1 арнайы шаруашылық бірлестігі, агрофирма-техникум шұғылданады.
7. Қаланың қазіргі тіршілік тынысы. Абай ауданының орталығы болып саналатын шаһар Сарыарқаның орта тұсында, қуаң дала белдемінде орналасқан. Кен байлықтарынан тас көмір, барит, әктас, т.б. құрылыс материалдары кездеседі. Мұнда көмір өндіретін 5 шахта, «Шығыс» кен байыту фабрикасы, темір-бетон бұйымдар зауыттары, құрылыс материалдары мен құралымдар комбинаты, тігін фабрикасы, нан зауыттары, тұрмыстық қызмет көрсету комбинаттары, құрылыс және көлік мекемелері; «Испат Кармет» АҚ-ның шикізат базасы, әктас кеніші жұмыс істейді. Қала тұрғындарының саны 28 мың 261.
Қала жайлы мәліметтерді ашық көздерден жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.