Жезқазған жастары жаңашылдықтың,жақсы идеялардың жанында ғана емес,қайырымдылықтың,қайырлы істердің басы-қасынан да табылады. Жасы ұлғайған,жалғызілікті қариялар жалын атқан жас қайрат қыз-жігіттердің қолдауына, демеуіне әрдайым зәру. Осы орайда жезқазғандық жасотандықтардың ізгі істері туралы сөз қозғаймыз.
- Жасотандықтардың аймақ бойынша қолға алып отырған қандай атап өтерлік жұмыстары бар?
- «Ардагерлерді ардақтайық» деген арнайы жобамыз бар.Жалғызілікті қарияларға қолғабыс етеміз.Қыс болса ауласының қарын күреп,жаз болса бау-бақшасына көмектесеміз.
Аталар мен әжелер,әрине қол көмекке мұқтаж екені рас,дегенмен олардың көпшілігі ас-судан гөрі әңгімелесетін,өміріндегі қызықты оқиғаларды,бастан кешкендерін айтып сыр бөлісетін адам іздейді. Тыңдайтын құлақ болса,өнегелі сөздері аз емес.Кейінгі жастардың бәрі бірдей ақпарат пен технологияның соңында жүргендер емес,қызықты хикаялар мен әсерлі әңгімелерді неге тыңдамасқа! Осы орайда олар ой-пікірі бір жерден шығып жатса,өзара қуанып та қалады.Қажет болса,көлікке отырғызып,дәрігерге де көрсетіп қайтады.
Сонымен қатар, «Кедергісіз келешек», «Сәтті қадам» деген жобаларымыз да бар. «Самади» секілді сауда дүкендеріне арнайы еріктілерді бөлеміз.Қаламыздағы қайырымды жандар мұқтаж адамдарға арнап азық-түлік сатып алып арнайы бөлінген сөрелерге қойып кетеді.Міне,біздің еріктілерміз осы сөредегі азық-түліктерді жинап көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға таратып береді.Сондай-ақ,балалар үйлеріне де барып тұрамыз.
Өткен жылы бізге бір отбасы хабарласты. Баласы ДЦП –мен ауырады екен. Баласын емдетуге қаражат керек. Біз өз тарапымыздан қолымыздан келетін шаруаны ойластырдық.Солайша, жергілікті әншілердің күшімен қайырымдылық концертін қойдық. Билеттің құны 1 мың теңгеден болды. Біраз билет сатылды.Одан бөлек,осы мақсат үшін арнайы жәрмеңкені де ұйымдастырдық. Онда «Жас Отанның» белсенді қыздары өз қолдарымен тәтті тоқаш,дәмді нан пісіріп сатты.Бұл істеріміз зая кеткен жоқ. Қорытындысында 620 мың теңге қаражат жиналды. Біздің осындай істерімізді естіп,көріп-білгеннен кейін басқа да мұқтаж жандар хабарласа бастады.Бірақ, біздің ниетіміз оң болғанмен,шамамыздың да жетер-жетпейтін жері бар.Қаражат жинаймыз деп қайта-қайта қайырымдылық концертін өткізе бермейміз ғой,өйте берсек,халықты шаршатып аламыз. Сондықтан мұндай шараның түрін де,форматын да өзгертуге тырысамыз. Бір жолы жаппай колледжерде «Тәтті жәрмеңке» немесе домбыра-пати өткізіп, елді қайырымдылыққа қаражат салуға тарта білуіміз қажет.
- Жақсы идеялар мен тың бастама айта келетіндер көп пе?
- Бар. Біз оларды талдап,сарапқа салып,іске асыруға болады-ау деген жобаларды тиісті орындарға ұсынамыз.
Мысалы, Ұлытауда жастардың бірнеше күндік демалысы ұйымдастырылса деген ұсыныс болды. Ол 10-15 адамнан тұратын әр топқа бірнеше күндік демалыс. Біз жастардың осы ойын пайдаланып қазақтың салт-дәстүрін,ұлттық-тұрмыстық ерекшеліктерін танытатын жақсы бір мүмкіндік туғызуға болады деп ойладық.Киіз үй тігіп,қымыз пісіп,ұлттық ойындар ойнатылса нағыз демалыс сол болар еді. Екінші, Жезқазған қаласындағы оқу орындарында Сәтбаев қаласынан қатынап оқитын жастар өте көп. Ал,олардың бәрінде бірдей келіп-қайтатын көлігі жоқ. Қыз-жігіттер «Бізге арнайы автобус бөлінсе жақсы болар еді. Тіпті жол ақысын өзіміз төлейміз,тек бәрімізге ыңғайлы уақытта жүріп тұрса болғаны» деген еді.
Мен осы екі ұсынысты да қала әкімінің алдына қойдым. Әкім қабыл алды. Алдағы уақытта іске асады деген ойымыз бар.
- Жұмыссыз жастарға қандай көмектерің бар?
- Дәл біздің қолымыздан келетіні - жұмыс іздеген құрбы-құрдастарыма қалалық жұмыспен қамту орталығына баруға кеңес береміз. Ол жерде не қоғамдық не салалық жұмыстармен қамту немесе оған оқыту мүмкіндігі бар.
Шынымен жұмыс істеуге ықыласты болса бірде болмаса, бірде жұмыс табылады.Кейбір жастар өздеріне лайық бизнес-жоспарларын ала келеді. Оларды бәріміз бірге отырып,талқылаймыз. Іске асыруға болатын болса,қолдауға,көмек беруге тырысамыз. Немесе, бәріміз отырып,жетпейтін жерін толықтырамыз,ширатамыз.
«Жас Отан» осылайша өз тарапынан қолымыздан келгенше,шамамыздың жеткенінше жастарға, яғни замандастарымызға шын ықыласымызбен көмектесіп, бірге өсіп,бірге өркендеуге дайынбыз. Біздің бұл мақсатымызға биылғы жарияланған Жастар жылы да үлкен серпін болды.
Сұхбаттасқан Бибінұр Жансейіт.