Бүгін 5 желтоқсан - экономикалық және әлеуметтік даму үшін еріктілердің халықаралық күні немесе Дүниежүзілік еріктілер (волонтерлар) күні.Бұл күн БҰҰ Бас Ассамблеясының 1985 жылы жасаған ұсынысымен жыл сайын аталып өтеді. Qazir бүгінгі атаулы күнге орай, жүрек жылуы мен қолынан келгенше көмегін өзге жандардың өмірін көрікті етуге , қоғамымыздағы өзекті мәселелердің шешімін табуға көпшілікті жұмылдырып жүрген қайырымды жандар жайлы жариялаған «Қайырлы іс» айдарындағы бірнеше кейіпкерлері жайлы қысқаша естеліктер ұсынуды жөн көрді.
Біздің алғашқы кейіпкеріміз, фотожурналист Карла Нұрдың «Клуб 28 петель» әлеуметтік жобасына биыл 6 жыл толды: « Бұл жоба - біздің балаларға берер жылуымыз, тоқылған әрбір бұйымның әр ілмегінде әр қатысушының энергиясы, нәрестенің жылдам жетіліп кетуін тілеген шын ниеті, ізгі лебізі мен мейірімі бар. Бастысы – балалар аман болсын. Бала – біздің болашағымыз. Мерзімінен қанша ерте туса де өмір сүруге құқылы. Қолдан келген жылуды неге аяп қалайық...» - дейді Карла Нұр « Жаныңды жылытқан жаялық» атты тілшімізге берген сұхбатында.
- Әркімнің өз қалауы бар. Ерікті болу ең алдымен ерекше қалау (выбор). Бұл жарылқап, жақсылық жасау емес, бұл сананың саған беретін бұйрығы. Әрине, қатарымыздың көп болуы жақсы ғой, түрлі бағытта жұмыс жасайтын еріктілер жетерлік. Біреу баспанасыздарға, біреулер жалғыз басты аналарға, ал енді біреулер жан-жануарға қамқоршы, жалпы жер бетінде барлық жан мейірімді ерікті дер едім. Бұл «Кішкентай батырларды бақытты ету үшін үлкен жүрек керек» ,- деп ағынан жарылған «Особые праздники» ҚҚ жетекшісі Ботагөз Игенбаеваның пікірі.
«Көпшілік ойлайтын шығар, кейде маған тіпті айтып жатады, әлеуметтік желілер арқылы жекеме жазып жатады «мүгедектердің, кем-кетік, жарымжандардың еңбегін пайдаланып жатырсың» деп. Алайда оңалту орталығы - бұл менің табыс көзім емес. Еңбек терапиясы мен үшін сүйікті ісіммен үздіксіз айналыса отырып игілікке қызмет етуге берілген мүмкіндік, ал науқастар үшін – оңалып кетудің ең қолжетімді амалы»,- деп ойын түйіндеген Денсаулық сақтау басқармасы жанындағы мемлекеттік психоәлеуметтік оңалту орталығының еңбек инструкторы Рахима Мұқышева.
- Бәрі өлшеулі бұл дүниеде. Қайырлы істі де әркім өз «өлшеміне» сай жасамай ма. Ал біреуге жақсылық жасағың келсе тәрбиеден, жылы сөзден баста. Егер қолыңнан еш қайыр келмесе онда дым болмаса мына дүнеге зияныңды келтірме. Менің ұстанымым осы. Әрбір тәрбиеленуші балаға тәлім көрсетпесем – аналығым қанеки, адал еңбектің Алла бұйыртқан нәсібімен бөліспесем – адамдығым қайда, тапқан-таянғаныңды қара басыңа ғана жұмсасаң –бизнесің бекер, жетім-жесірге жүрегіңнен бір жылу шықпаса – жер басып жүргенің құрысын. Айжан Шериева Qazir тілшісіне берген « Айжан мен Октава» аталынған сұхбатта өзекжарды ойын осылай жеткізген болатын.
Мына өмірдің қызықтығы соншалық, сел соғып жатса да, соқыр болсаң да сұлулықты сезінуге, аңғаруға болады. Мылқау, не мүгедек болсаң да толғанысқа бөлейтін әндерді шырқап, тепсіне билеп, толғана жырлап жіберуге болады. Қаланың, жалпы еліміздің мәдени өмірінің әсерлірек, әдемірек, жан-жақты және қол жетімді болуына неге ат салыспасқа? Қоғамның «қалыпты» мүшелері мен «ерекше» мүшелерін жіктейтін, бөліп-жаратын жағдайлар түбегейлі жойылуы керек. Бұл «Өнеріңнің өзгеге қайыры» тақырыбында жарияланған сұхбаттың кейіпкері «ДОС-ART» мәдени-сауық клубының үйлестірушісі, көркемдік жетекшісі және вокал бойынша педагогы Әділбекова Жанардың ой толғамы.
Осы жерде айта кетейік, жақында Жанар Испаниядан елімізге үлкен олжамен оралды. Темірбаев Азамат пен Әділбекова Жанар Ллорет де Мар қаласындағы испаниялық мемлекеттік театр шаңырағында Коста Брава қаласының мэриясы мен мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен Халықаралық «TALENT INTERNATIONAL» байқауына қатысып, бақтарын сынап қайтты. Бар еңбек зая кеткен жоқ: жеке орындау бойынша А.Темірбаев ІІ санатты лауреат, Ж.Әділбекова І санатты лауреат атанды. Ал қосыла шырқаған әндері байқаудың Бас жүлдесін бұйыртты,- деген жағымды жаңалықты да оқырмандарға жеткізген едік.
«Бір нәрсені анық білсек екен: біз кемтар емеспіз, біз ерекшеміз. Тағдырлас қанша жан бар, айтып кеттік қой. Қоғамның сізге көзқарасы қалай өзгермек, егер сен болмасаң, мен болмасам, біздің потенциалды көрмесе, қолымыздан не келетінін білмесе, мүгедектер мемлекетке алақан жайып отыра береді дегендердің пікірі қалайша өзгермек? Стресстегі адамның суға батқан сүйріктей күй кешетіні рас, бірақ біздің ортаға бейімделуімізге мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалған, кім сол мүмкіндікті қалай пайдалана білсе, жетістігі сондай болмақ.»
«Сорым бес елі болса да,бақытты болуға лайықпын»- деп тағдыр тауқыметіне мойымаған Сағатбек Сиюовтың өзгеге үлгі болған, үміттерді сөндірмеген, мұқалған жандарды мінбелерге жетелеген құлшынысы, идеялары мен жобалары, дербес жетістіктері жайлы сұхбат біздің оқырмандарымызға ерекше ой салып,қаншама жандар Сағатбекке арнаған жылы лебіздерін әлеуметтік желіге жазып, біздің поштамызға да жолдаған болатын.
- Анада қандай арман болсын? Мүгедектік, кемшілік кімнің басына да келе салатын жағдай. Аяқ астынан келеді. Айтпай келеді. Өмірі басымызға салмайтын тауқымет сияқты мүгедектерді танығымыз келмейтін еді бұрын, басыңа салғанда көреді екенсің, шын бақыттың қандай тәтті екенін. Ең алдымен ортамыздың төзімділік, сыйластық және шыдамдылық танытуы керек. Әсия Тикеевамен сұхбат «Бақыттың тәттісі,сынақтың қаттысы» деп аталып талай аналардың болашаққа деген үмітін оятқан. Жақында «Мама про» қоры «Таным» республикалық сыйлығына ие болғанын да айта кеткеніміз жөн.
Осылайша,біздің портал жарты жыл ішінде қос тілде 40-тан аса жасаған жақсылықтарын жар салып айтпай, маңайына шуағын шашып, қайырымдылық істері арқылы талай өзекті мәселелердің шешімін табуға атсалысқан ерікті жандардың қайырлы істерін оқырмандарына таныстырды. Атаулы күнде аттары аталмаса да, жақсылық жасаудан жарысып,қайтарымсыз қайырымдылық арқылы қоғамның қозғаушы күші болып жүрген еріктілер естеліктері өзгелерге де ой салса дейміз.
Кейіпкерлер естеліктерін топтастырған: Жаннат Манасбайқызы.
Иллюстративное фото - Анастасия Лебедева.