Бұл материал Qazir почтасына түскенде,түннің ортасы ауып бара жатқан еді. Оқып отырып, айналамызда қайырлы іспен айналысып жүрген үлкен жүректі жандардың көп екендігіне көз жеткіздім. Шындығында Жаннаттың Ботагөзбен әңгімесінен қаншама жәйтті аңғаруға болады. Біз өз тарапымыздан ешкімде немқұрайлы қарауға тиіс емес қоғамдағы осы мәселеге оқырмандардың да назарын аударғымыз келеді. Ал Qazir алдағы өткізілер шараларға ақпараттық серіктес болуға әзір.
Тарыдай жақсылық қылып, таудай сауапқа ие бола алатын Рамазан айында жақсылылықты жар салмай-ақ жасап жүрген, әсіресе балалардың жанашыры деп танитын замандас Ботагөз Игенбаеваны Qazir.kz әңгімеге тартты.
- Сәлем, Ботагөз! Сенімен бұрыннан бергі таныстығымыз бар ғой. Ал бүгін «Қайырлы іс» айдары саған бірнеше сауал қойып, салмақты сұхбат алмаққа келді...
- Сәлем, Жәннат, саясат пен дін және жеке өмірден өзгесінің барлығын айта бер (күледі).
- Ботагөз, сені белсенді ерікті ретінде танимын, бірақ атқарып жүрген жұмыстарыңның бірін білсем, бірін білмеймін. Ерікті болу деген сен үшін не өзі? Қалай басталды бұл баян?
- Қай салада болмасын еріктілікпен айналысу ермек емес, бұл - таңдау, бұл - шешім, бұл - ұстаным.
Ерікті ретінде таңдаған менің еркін жолым 2012 жылы басталды. Ол кезде студентпін, жұмыс жасайтын едім. Қалай жол түскені есімде жоқ, шыны керек, әйтеуір бір жексенбіде бір топ адам болып балалардың психоневрологиялық орталығына бардық. Мен бірден қыз балалар бөліміне кеттім. Бір күндік тыныс-тіршілігімен танысып, әңгімелесіп қайттық. Не түсінем ол кезде, бардым, даму, ойлау, әрекет ету мүмкіндіктері шектеулі балаларды көрдім. Бір күн солардың арасында болып, көңілдерін көтеріп қайттым. Қайдан білейін кейіннен сол күні оң жағымда және сол жағымда отырған екі қыз баланың менің түсіме еніп, маза бермейтінін?! Содан, қойшы әйтеуір, сенбіден сенбіге жеткенше асығып, қалт жібермей апта сайын сол балалар мекеніне жеткенше жай таппайтын халге түстім ғой. Түсіме кірген сайын сол екі қыз көмек сұрайды. Түсініп болмадым түсті. Бара бердім, бара бердім, барған сайын таңдауым анықтала бастады - менің бұлармен бірге болуым керек. Өзінше өрбіп жатқан балалық шақтарын шырайлы ете түсуім керек. Ешкімге ұқсамайтын әлемдерін әсерлі етуім керек. Үн қатса құлақ, қорықса шырақ, құласа құрақ, сейілсе серуен, ашықса арқау, жыласа жұбаныш керек оларға. Мен не істей аламын? Ұйқыдан да, күлкіден де айырылдым. Алғаш рет таныстарымды, достарды жылап, жалынып жүріп жинап алып, сол балаларға мерекелік концерт бердік. Кейін рет-ретімен жасалуы керек қадамдар анықтала бастады. Міне, мен ерікті болғалы бес жылдан асса да бір сәтке де қынжылып, қабылдаған шешіміме өкінген емеспін.
- Бәрекелді, Ботагөз!
- Жылы сөз айтып, жетімді басынан сипап, кем-кетік жандардың жабырқаған кездерінде жанынан табылып, арқасынан қаға салу қай-қайсының қолынан келетін қайырлы іс емес пе?! Таңырқайтын түгі жоқ.
- Онда неге барлығымыз айналыспаймыз?
- Әркімнің өз қалауы бар. Ерікті болу ең алдымен ерекше қалау (выбор). Бұл жарылқап, жақсылық жасау емес, бұл сананың саған беретін бұйрығы. Әрине, қатарымыздың көп болуы жақсы ғой, түрлі бағытта жұмыс жасайтын еріктілер жетерлік. Біреу баспанасыздарға, біреулер жалғыз басты аналарға, ал енді біреулер жан-жануарға қамқоршы, жалпы жер бетінде барлық жан мейірімді ерікті дер едім.
- Қалайша? Көңіл су сепкендей басылатын жағдайлар, жан түршігерлік тірлік жасағандар жетіп жатыр емес пе?
- Жәннат, қоғамымызда, өмірде түрлі оқиғалар болып жатады, білемін, бірақ жақсылықты ғана айтайықшы. Мысалы, біреу жол салады, біреу науқасты емдейді, біреу көлік жүргізсе, енді біреу әліппе үйретеді, шекараңды күзетеді, үйіңді жылытады, киіміңді тігеді. Кім немен айналысса да қайырым жасап жүр. Бірақ әркім әр түрлі амалмен.
- Солай да шығар, Ботагөз, өмір шіркін қызық қой...
- ...әрине, сүре білген адамға.
- Түсінбедім?
- Мынаны ғана айтып берейін: ерікті ретінде мүгедек балаларға арналған мерекелік шаралар ұйымдастырудан өзге ұдайы жүргізіп келе жатқан жобам бар. "Менің ерекше кездесулерім" деп аталады. Қазір біздің қоғамда қандай кемшіліктері болмасын, мүгедек немесе мүмкіндігі шектеулі демей, оларды мейлінше қатардағыларға қосып айту, "ерекше күтімді" қажет ететіндіктен "ерекше жандар" деп атау қалыптасқан. Бұл барынша оңды үрдіс. Менің де "ерекше кездесулерім" осыған арналған: балаларды тиімді әлеуметтендірудің амалдарын қарастыру, жан-жақты инклюзивті ортамен араласуына ықпалдасу. Адамның кейбір мүмкіндігі шектеулі болғанымен мен олардың өмірге деген құштарлықтары мен алға ұмтылу дағды, асқақ армандарына жетудегі құлшыныстың шексіздігін көремін. Балалардың бал-бұл жанған жүздері мен көздерінен атқан жалынды көргенде жүрегім елжіреп сала береді. Кең дүниенің кереметінің барлығын көрмесе де, күнделікті өмірлерін сапалы өткізсінші деген ой маған тыным бермейді. Міне, осы мақсатта мен "ерекше" бала тәрбиелеп отырған отбасылармен айына бір рет кездесіп тұрамын. Олар кездесетін тұрмыстық кедергілер, тәрбиедегі ерекшеліктер, күтім мәселелері жайында талқы жасап, сондай балалардың өмірінің бір күнін көпшілікке жеткізіп отырамын. Бір күндік тыныс-тіршілігімен танысып, түрлі мерекелермен, туған күндерімен құттықтаймыз. Себебі, "ерекшеліктен" еш сескенбеуіміз керек. Ерекше балалар өсіп жатқан отбасылар көпшіліктің назарына қанша жақын болса, кездесетін қиыншылықтарды жеңу де соншалықты жақындай түседі. Ал бұған ат салысу, септігіңді тигізу, ізгі ниетпен жәрдемдес болу күнделікті миссияңа айналса - осы өмірдің мәнісі.
- Жаңа айтып кеткен кездесу кейіпкерлерін қайдан іздейсің?
- Шыны керек, мен жасырып қала алмайтын бір жайт бар. Мен оларды "кішкентай батырлар" деп атаймын. Балалардың да, олармен атқарылатын жұмыстардың да ерекшелігіне қарамастан көптеген жағдайда көмек балаларға емес, ата-аналарына керек болып жатады. Білесің бе, Жәннат, олардың өмірі, әр қимыл-қозғалысы, отырып-тұруы таусылмайтын күрес. Бәлкім қажитын шығар, шыдам таусылар, мүмкін қол қысқалық пен тапшылық қысатын шығар. Осындай жағдайда Қорымыздың шашбауын көтерісіп жүрген, әу бастан менің шешімімді қолдаған бірқатар азаматтарды атап кеткен жөн: Хафиза Негметқызы, Аружан Саин, Әсел Исанова-жігерлендіріп, бағыт-бағдар беріп отырды. Кейіннен Арайлым Кумаржанова ("Особы праздники" ҚҚ авторы), бұрын коммунистік партия қатарында әріптес болған Нұрдәулет Оразханов "Ерекше мерекелер" қоғамдық қорының идеясын қолдады, Айжан Шериева да қолдау көрсетті. Бахтияр мен Ынтызар қордың қамқорлық кеңесіне менің өтінішім бойынша енді, Динара логотип авторы, қордың жарғысын әділет департаментінде тіркеу үшін жарғысын өзің әзірлеп едің ғой, саған да рахмет (орайы келгенде айтып қалайын деп күлді), Айнагүл барлық шараның меншікті фотографы. Қорды қалыптастырудағы мақсат - жұмысты жүйелендіру болды. Оларға алғысым шексіз. Міне, осылайша ата-аналармен нысаналы жұмыс жасалып, жеке әңгімелесулер өткізіліп, пікір алмасу отырыстары ұйымдастырылып, психологиялық көмек-кеңестер беріле бастады. Сыйлықтар, көпшіліктің көмегімен алынған ең қажетті заттар табысталды, мәселен: арба, арнайы жабдықтар мен жаялықтар, арнайы тағам, ойыншықтар және т.б.
- Кейіпкер ретінде кездесетін кішкентай батырлар біздің қаламызда көп қой, соған қарамастан табыла бермейді. Мәселе неде?!
- Мәселе сондай балалардың өздерінің, көп жағдайда ата-аналарының сол баяғы сойыл - "жұрт не дейді"-ден жасқануында. Туған-туыстар, жора-жолдас, сол әлгі пікіріне бағына кеткіміз кеп тұратын социумның реакциясынан сескенуінде. Өкінішті, әрине, кейде тіпті сап-сау шақалақтарды, шіркін, тастап кетіп жатады, бұл қоғам індеті – өз алдына жеке әңгіме. Мен де белгілі диагнозы барын білгенде әкесі, анасы тастағандар бас тартқан балаларды білемін, бірақ, бауыр еті баласымен өмір-майдандарын күн сайын мерекеге бергісіз көретіндер көп. Әлеуметтік желі арқылы көбінесе хат алмасып, хабарласып жатамыз, артынан кездесеміз. Осы уақытқа дейін 70 жуық арнайы концерттік бағдарламалар, жәрмеңкелер, шеберлік сабақтарын, семинар мен тренингтер, бірталай "ерекше кездесулер" өткіздім. Міндетім: ол кездесулерім арқылы "ерекше жандарды" есіркеу, мүсіркеу емес, аяушылық танытып, тағдырын талқыға салу емес, керісінше, олардың кішкентай "қозғаушы күш" екенін, мүмкіндігі шектеулі бола тұра шексіз шабыт иесі, шығармашыл екендігін көрсету.
- Қай кездесуің есіңде ерекше сақталды?
- Мен әр кездесу кейіпкерін ерекше деп санаймын, бәрі ерекше, ешбірін бөліп-жармаймын. Әр кездесуді арнайы# арқылы ФБ парақшамнан оқуға болады (#мои особые встречи).
- Қандай қиындық жиі кездеседі?
- Қиыншылық, кедергі болмасын десең, онда түк бітірмей жатқан жөн. Ал жұмыс барысында бәрі болады. Ең бастысы: бір шара өткізе қалайын десек зал, аудитория, алаң іздеп әбігерге түсеміз, бүгінгі басты проблема осы. Ал өтетін орны бар, ұйымдастырылған шараға келіп өнер көрсетіп, ат салысатын әнші-бишілер, жыршы, күйші, суретші, қолөнершілер, т.с.с.қуана қатысады. Осы орайда Октава және Номад би ансамбльдерінің жетекшілеріне, Инсаниятқа, Айшаға алғыс айтамын, есімдерін атамай қалғандар болса өкпелемесін.
Тағы бір жайт-серіктестер сирек келісімге келеді, айтайын дегенім ақпараттық серіктер ғой. Былтыр mаmampapam.kz порталымен жұмыс жасаған едік, ал биыл Qazir.kz-ке мүмкіндікті пайдаланып қолқа салғым келіп отыр. Ақпараттық серіктестік қажет-ақ.
- Түсінікті, Ботагөз :) ойластыра жатар, басшылыққа жеткіземін.
- Уәде?
- Уаде, уәде (күліп). Ботагөз, қазір байдың да, кедейдің де тиын санап, қалтыраған заман екенін көзбен көріп жүрген жайымыз бар, демеушілік негізінен кімдер тарапынан?
- Білесің бе, көмек дегенде қаражат қана деп түсініп жатады көпшілік, бірақ, қайырлы іс тындыру үшін тарықпасаң болды, қаражат та, қауқар да ниетпен келеді.
- Бәрекелді. Ал енді алдағы жоспар қандай?
- (сәл жымиып): Жоспар жетеді. Жоғарыда айтылған ерекше кездесулерім республика бойынша болса деп армандаймын, бірақ ел аралауға қорымыз әлі қауқарсыз.
- Не алып-қосасың?
- Инклюзивті орта қалыптастыру және мүмкіндігі шектеулі жандарды, оның ішінде балаларды әлеуметтендіру шараларын мемлекеттік ұйымдар мен мекемелердің ғана назарда ұстауы жеткіліксіз. Оған барлығымыздың ат салысуымыз керек.
- Сонда нені меңзеп отырсың?
- Нені меңзейін, түсінікті ғой, мүгедектер мүддесінің теңдігін қамтамасыз ету үшін оларға деген көзқарасты, оларды мүсіркейтін халдегі адам деп қана қабылдайтын стереотиптерді санада сәл өзгерту керек. Ол үшін жұмысты ақпараттандырудан бастау керек. Статистика бойынша елімізде жыл сайын өмірге келетін балалардың 4000 астамы орта түрлі патологиялық өзгерістермен, сан алуан аномалиямен туады, оған туған соң мүгедектер қатарына енетіндерді тағы қос. Олардың барлығының өмір сүру сапасын жақсарту үшін жалпы орта білім беретін инклюзивті сыныптардың жұмысы, жылына бірер рет берілетін сауықтыру жолдамасы, ай сайын алатын жәрдемақысы жеткілікті ме? Олардың жан дүниесінің, рухани тыңайып өсуін, шығармашылық әлеуетінің дамуын кімнің қолға алуы керек? Жақында осы бағыт бойынша жобаларды іске асыру жоспарлануда.
- Іске сәт. Атқаратын жұмыс әлі алда демек. Енді өзің жайында: басқа немен айналысасың, хоббиің?
- Жалпы нені бастасам да аса қызығушылықпен бастаймын. Көңіл соқпаса мүлдем қолға алмаймын. Ерікті болу үшін де біраз тәжірибе, білім керек, бұл нәтижеге ықпал етеді. Соған байланысты жан-жақты ізденістен тынбаймын: көпшілік алдында сөз сөйлеп үйреткен Меруерт Жүнісбекке және Толқын Аманбекке, жұмыс барысында қажетті дағдыларды үйретуден жалықпайтын Наталья Перелехова-Рябкоға, Зулкия Еркенқызына алғыс айтамын. Менің ерікті болуыма еркін түрде еш аянбай үлес қосуда. Ал мамандық бойынша заңгермін, заң ғылымының магистрі атандым.
- Бәрекелді. Енді соңғы сауалым: басты 3 құндылығың қандай?
- Мәссаған (көп ойланып), оп оңай сұрақ сияқты еді, жауап беру қиын екен...
1. Жылы жүрек
2. Әділ баға
3. Қайырлы іс
- Рахмет Ботагөз. Сәттілік саған! Рахмет әңгімеңе.
Әңгімелескен : Жаннат Манасбайқызыь