Сабырлы болу адам бойындағы ең бір ізгі тамаша қасиеттердің бірі. Қиындықтар кездессе оған сабыр ету болашақта адамға келетін нығметтердің, жетістіктердің басы деп қабылдау керек екен. Алманияның Кельн қаласында тұратын Еролдар отбасына қарап, осы сөздердің растығына көз жеткізесіз. Өзге елде тұрып ұрпағының бойына атажұртына деген сүйіспеншілік пен қазақтығын сақтап қалу үшін де тер төгіп жүрген өнегелі әулет жайлы толығырақ «Жырақта жүргендер» айдарында.
Ұлы Жаратушы сабырлы пендесіне мейірімін төгеді десе, сондай қасиетті осы отбасының әрбір мүшесінен кездестіресіз. Бұл өмірдің талай теперішіне төтеп беріп, сабыры қажыр-қайратпен ұштасып, ер бойындағы ар,ұждан,ынсап сияқты қасиеттерін сақтап,тағдырдың бір құдайдан екендігіне сеніп, әрбір қиындыққа сынақ ретінде қараған әулеттің үлкендерінің тәрбиесі екені даусыз.
Бүгінде тоқсан жасты еңсергелі отырған әулеттің үлкені Ыдырыс ақсақал (Рысбай қажы)балалық шақтан өмірдің сынағын сабырлылықпен қабылдап, төзімділікпен бастан өткере білуінің арқасында, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Ол өзінің өмір жолын былай еске алады:
«Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар» дегендей, біздің Алтайдан ауа көшуімізгеАқсайдағы дүнгендермен арадағы келіспеушілік себеп болыпты. Ауылдың бетке ұстар азаматтарын сөйлесуге шақырып алып кетеді екен де, олар қайта оралмайтын көрінеді. Күнде солай жалғаса бергесін, халық көшуге бел буады. Сөйтіп бір қауым ел 1937 жылы Үндістанды бетке алып сапарға аттанды. Мен ол кезде 7-8 жастағы баламын. Жолға шыққан көлігіміз ат, түйе, 18600 адам жаяу-жалпы Тибет, Гималайды басып өтіп, 1940 жылы Үндістанға жетіппіз. Үш жылда 15561 адамымыз шығын болып, 3039 адам Пәкістан жағына келіп қоныс тептік. Бұл жерде де күніне 4-5 адам түрлі аурудан дүние салып жатты. Содан бізді Үндістанның Бопал деген жеріне шатыр тігіп орналастырды. Күніне екі мезгіл тамақ береді. Осылай өмір жалғасып жатты. Алайда, 1942 жылғы соғысқа байланысты бізге беретін көмегі тоқтап қалды. Енді өзіміз әрекет етіп өмір сүруіміз керек болды. Қолғап, басқа киетін бөрік тігіп күнелттік. Сол жерде Қазақабад деген үй салып, қазақша мектеп ашып берді. Мен де сол мектепте және қосымша хинди тіліндегі мектепте оқыдым.
1947 жылы Делиге, одан кейін Пакистанға келдік. Саудамен айналысып, жағдайымыз жақсара түсті. Қазақтар қажыға бара бастады. Алғашқы жылы барған бес қажының құрметіне, дүниеге келген сәбиге Бесқажы деген ат берді. Бүгінде ол Францияда өмір кешіп жатыр... 1950 жылы Карачиге елші келіп, бізбен әңгімелесті. Біздің қолымызда ағылшынша «регистр» деген ақ қағаздан өзге құжат жоқ еді. Енді ары қарайғы өмірімізді ойластыруымыз керек болды. «Шарқи Түркістан» деген қоғам құрдық, Сөйтіп Америкаға, Түркияға пана сұрап хат жаздық. Екі жақтан да мақұл көрген жауап келді. АҚШ Техас штатында мал бағуды ұсынды, Түркия жағы шекараға дейін өз қаражатымызбен келуді, ары қарай өздері көшіріп алатынын хабарлады. «Өз түбіміз өлтірмес. Түркия түбі бір мұсылман бауырларымыз, сонда барайық» деп шештік. Басраға тоғыз күнде жетіп, ары қарай поезбен 1500 кісі Түркияға жеттік. Түрік ағайындар бізді екі жыл бағып, қағып, есімізді жиғызып, өзімізге келтірді. Мал бағам дегендерді Ниденің Тасылытобе деген жеріне, мал бақпаймын дегендерді қалаға орналастырды. Біз де мал бағамыз деп 160 отбасымен бірге сол Нидеге бардық. Қазақтар ол ауылды Алтайкөй деп атады. Сол жерде өмір кешіп, 3 ұл, 3 қызымыз дүниеге келді. 1957 жылы Түркия азаматтығын алдым, - дейді Ыдырыс ақсақал қиын-қыстау өмір жолын еске алып.
Ал, Еуропаға баруын былай баяндайды: «1957 жылы Германия Түркиядан жұмысшы алуға байланысты келісім жасады. Сол келісім негізінде 1966 жылы Түркияның Алтайкөй ауылынан Батыс Берлинге жұмыс іздеп 3 қазақ бардық. Арыстан Тосын, Бекей Сарбас және мен. Алғашында Германиядағы танымал «Саротти» щоколад жасау фабрикасында жұмысшы болып істедік. Екі жарым жылдай істеген соң Кельн қаласына ауысып, сондағы «Форд» машина жасау зауытына келдім. Сол зауытта 25 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шықтым. Бүгінде жарым Рахима екеуміз 6 баладан 18 немере, 18 шөбере көріп, бақытты өмір сүрудеміз. Аллаға мың да бір шүкір дейміз».
Иә, өмірдің бар теперішін көрсе де мойымаған ақсақалдың өмір жолы ұрпағына өнеге. Жасы 89-ға келсе де әлі тың, сабырлы, әрбір ісін жеті өлшеп, бір кеседі. Өзінің жеке көлігі бар, әлі күнге дейін өзі жүргізеді екен. 84 жастағы жары Рахима апа екеуі балаларынан бөлек тұрады. Үйінен үш шақырым қашықтықтағы мешітке күніне бір рет велосипедпен барып келеді. Қалған уақытында бәйбішесі екеуі немере, шөберелерімен уақыт өткізеді.
Өсіп-өнген Еролдар әулеті, бүгінде Түркия мен Еуропада тамырын жаюда. Аға буыны алғашында немістің зауыт, фабрикаларында қарапайым жұмысшы болып, елмен бірге еңбек етсе, кейінгі жылдары балаларын оқытуға ден қойды. Немерелері жоғары оқу орындарын бітіріп, ресми орындарда, мемлекеттік қызметте істей бастады.
Ақсақалдың үлкен ұлы Түркияда, екіншісі Парижде тұрады. Тағы бір ұлы Шұғайып Ерол және қызы Сайма Қаражақ өзімен бірге Кельн қаласында тұрады. Ыдырыс ақсақалдың тағы бір қызы Сания Германия ішкі істер министрлігіне қарасты шетел азаматтарына виза беру бөлімінде қызмет істейді.
Еролдардың бірі Шұғайып мырза, біраз жылдар Кельндегі қазақ мәдени орталығын басқарды. Содан болар, ол Қазақстандықтарға етене таныс. Кельнге бара қалған қазақты құшақ жая қарсы алып, қонақ етіп құрақ ұшатын да осы Шұғайып мырза. Кельндегі қазақтардың тамырынан айырылмай, қазақтығын сақтап қалу үшін де тер төгіп жүрген, жастардың тегін тектеп, тілін ұмытпауы үшін де Шұғайып мырзаның еңбегі зор. Ол өз өмірі жайлы былай дейді:
«1958 жылы Түркияның Алтай ауылында дүниеге келдім. Кішкентай кезімізде түрік тілін білмейтін едік. Мектепке бірыңғай қазақ балалары бірге бардық. Сонда бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімізде түрік тіліне тезірек жаттықсын, үйренсін деп қазақша сөйлегенге он тиын айыппұл салатын. Сол кезде қазақтың «ақсүйек», «асық ату» секілді ойындарын жиі ойнайтын едік. Онан кейін саба пісіп, аналарымыз құрт қайнатып жататын еді. Қозы жайып, қой қайырдық. Жергілікті үкімет қазақтарға жақсы көмектесті ғой. Үй салып, егіндік жер бөліп берді. Әр үйдің 30-40 қойы болды. Он алты жасыма дейін сондай ортада өстім.
1974 жылы ата-анамызбен бірге біржола Германияға қоныс аудардық. Түркияда жалпы білім алғаныммен арнайы бір мамандықты оқыған жоқпын. Содан осында келіп екі жыл тіл үйрендім. Ол кезде зауыттарда еңбек күші аз еді. Сондықтан мені 1976 жылы«Ford» компаниясының Германиядағы зауытына автобөлшектерді жеткізуші - тасымалдаушы етіп қабылдады. Содан табан аудармай 42 жыл қызмет етіп, алпыс жасымда зейнетке шықтым. Жұмыс ауыр болмады. Жақсы болды. Сол кезде бір бөлімде жиырмаға жуық мұсылман жұмыс істедік. Бізге намаз өтеп тұратын арнайы бөлме де берді. Жұмыс істеуге өте қолайлы болды. Жұмыс істей жүріп ұрпақ тәрбиесіне араласып, қазақтардың бір-бірімен байланысын үзбеуі үшін қоғамдық жұмыстар атқардық. Қазақ мәдени орталығының жұмысына араласып, соңғы жылдары оның тізгінін қолыма алдым. Мәдени орталықты жеті жыл басқарып, осы жылдың басында ғана басқа бір жігітке орнымды босатып бердім. Орталықтың басты мақсаты-жергілікті қазақтардың бірлігін сақтау ғой. Сондықтан осындағы жиын-тойларды қазақша өткізу, жастарға қазақтың дәстүрін, музыкалық аспаптарын үйрету, қазақ жастарының басын қосып кеш өткізу секілді жұмыстарды ұйымдастырады. Өйткені жастардың көпшілігі қазақ тілін аз біледі.
Қазір қазақ жастарына ана тілін үйрететін жексенбілік мектепті ұйымдастыруға мүмкіндік болмай тұр. Мен өзім орталықтың жетекшісі болып жүрген кезде Қазақстанның консулдығы арқылы қазақ тілін үйрететін кітаптарды да алғызған едім. Балаларды тілге және домбыраға үйрететін бір оқытушымыз да бар еді. Өкінішке қарай ,ол кісі денсаулығына байланысты жұмысын тоқтатты да қазір жексенбілік мектебіміз тоқтап қалды.
Мұнда 200-ге жуық қазақ отбасы тұрады. Олардың ішінде 140-тай отбасы - Түркиядан, Түркия арқылы Ауғанстан пен Пәкістаннан көшіп келгендер. Осында Түркиядан алғаш жұмыс іздеп келген қазақтардың 80 пайызы автозауытта түрлі жұмыстар істеді. Қазіргі балалар ондай өмірді көрмеді ғой. Бірақ өткенді ұмытпасын деп аталарымыздың Алтайдан ауа көшкен кездегі басынан кешкен тағдыры мен тарихын үнемі айтып отырамыз.
Біздің мақсатымыз- қазақтың ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ойындары арқылы атажұртқа деген сүйіспеншілік сезімді арттырып, тығыз қарым-қатынас орнатуға ықпал ету болып отыр. Ата-бабаларының кіндік қаны тамған жерге деген қызығушылықты ояту. Қазақстанмен арадағы байланысты күшейту», - дейді Шұғайып мырза.
Биыл ертерек зейнеткерлікке шығып, Түркиядан үй сатып алды. Ондағы мақсаты, ұрпағы Еуропаға сіңіп, мүлдем тамырынан ажырамаса дейді. Түбі бір түрік тілін білсе, ана тілінен аса ажырай қоймас, мұсылмандығын сақтар деп үміттенеді.
Жары Мина екеуі Жәнібек, Асқар атты екі ұл мен Айгүл атты бір қыз тәрбиелеп отыр. Олардан үш немере бар. Әзірше бәрі де қазақша сөйлейді. Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын берік меңгерген. Себебі, төрінде қазыналы қариясы отыр, жол көрсететін ұлтжанды ата-анасы отыр. Одан кейінгі ұрпақ қалай болмақ. Осы үрдіс сақтала ма, сақталмай ма. Шұғайып мырзаныкі – одан кейінгі ұрпақтың қамы.
Үмітіңіз ақталсын, Шұғайып мырза! Әулеттің үлкендері еккен қазақи рух туын жықпай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін! Сіздердей ата-анадан тәрбие көрген ұрпақ, қазақы тамырынан ажырамас деп сенейік!
Інжу Алтайқызы.