Өмірде қайырымды адамдар көп. Олар біздің арамызда жүр. Тек мұндай жандар өзі жасаған жақсылығын жаһанға жар салып айтпайды, үнсіз ғана өздеріне тиесілі істеріндей атқарып жүре береді.
Бүгінгі сенбілік «Қайырлы іс» айдарында қоғамымыздағы өзекті мәселелердің біріне көпшілікті жұмылдырып, жақсы істің бастауында тұрған кейіпкеріміз бен оның әлеуметтік жобасы жайлы сөз қозғамақпыз.
Қазақстанда, статистика бойынша жыл сайын дүниеге келген сәбилердің 10-12% шала (мерзімінен ерте) туады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) деректеріне сәйкес жыл сайын жер бетінде 15 миллионға жуық бала шала туады, орташа есеппен бұл өмір есігін ашқан әрбір 10-нәресте. Оның бір миллионнан астамы шетінеп кетсе, басым көпшілігі физикалық және неврологиялық ауруға шалдығады. Он жыл бұрын шала туған шақалақтардың тіршілікке қабілеттілігі 46 процент болса, 2017 жылғы қорытынды мәліметтер бойынша көрсеткіш 97 пайызға дейін артқан. Қазақстанда ДСҰ ұсынған арнайы критерий 2008 жылы ғана бекітілді, ол бойынша салмағы 500 граммнан басталатын балалар өмір сүруге қабілетті болып саналады.
Биыл фотожурналист Карла Нұрдың (Қарлығаш Нұржанова) әлеуметтік жобасы - «28 петель» клубына 6 жыл толады. Бұл клуб шала туған шақалақтардың өміріне араша түскен адамдардың басын қосқан .
«2012 жылдың жазында, «Vox populi» редакциясында жұмыс жасап жүргенімде неонатолог дәрігер Бектұрған Карина жайында фоторепортаж әзірлеуім керек еді. Түсірілім барысында стерильді саналатын инкубаторда жатқан нәрестенің аяғындағы көк жүн шұлыққа көзім түсті. Таң қалдым, білуімше, қатаң тазалықта ұсталатын жерде, жүннен тоқылған заттың жатқаны бір қызық болды. Дәрігерлерден сұрай келе жүннің терморежимді сақтап, жылу беретіндігін білдім. Оның үстіне таза жүннің қылшығының тері арқылы баланың жүйке жүйесіне беретін өзіндік әсері бар екен: жаңа туған сәбидің моторикасын үдетеді. Қылшық нәрестенің нәзік терісіне батқанда баланы барынша қимыл-қозғалысқа түсіреді, ал қозғалыстағы бала ұйықтап кетпей, жақсы тыныс ала бастадйды, салдарынан өкпе мен жүрек жұмысы жанданады. Бұл баланың аман қалуына жасалған керемет амал ғой.
Перзентханалардың бюджетінде жүннен тоқылған киім-кешекті сәбилерге арнайы сатып алуға қаражат қарастырылмаған, сондықтан дәрігерлер өз қаражаттарына иірілген жіп сатып алып, таныс әжейлерге тоқытып жүріпті. Осы жағдайды көзбен көре тұра журналист ретінде үнсіз қала алмадым. Бұл қалай? Дәрігерлердің емдеумен айналысуы керек, ал тоқылған заттармен қамтамасыз ету қалғанымыздың да қолымыздан келеді. Әрине, тілші ретінде өз материалымда жәрдем сұрап жар салып айта алмадым, бірақ сөз арасында перзентхана қызметкерлерінің қаражатына әжейлеріміздің шұлық тоқып жүргенін жаза кеттім. Оқырман қырағы емес пе, көмектің керектігін бірден түсіне қойған. Алғаш хабарласқан Анастасия Шестаева болды, Әлішер Елікбаев басқаратын ұйымның кеңсесінде кездесуге шақырып, аздаған ақша беріп, алғашқы біз бен иірілген жіп сатып алдым. Сол жылдың шілдесінде шамамен 30 шақты адам жиналды. Алғаш тоқылған 35 жұп шұлық Астана қаласының №1 Перинатальдық орталығына тапсырдық. Шала туған баланың аяғына дәл келетін, бізге терілген 28 ілмектен тоқылған шұлықтың сызбасы жасалып, клубымыздың атауы ретінде таңдадық. Қор ретінде ресми статусты 2014 жылы алғанбыз. Ал бүгін біз шұлық қана емес, тақия-телпек, кеудеше мен жаялық тоқимыз. Ал былтырдан бері таза жүннен иленген жұқа киіз киім-кешектер де әзірлейміз» - деп бастады әңгімесін фотожурналист Карла Нұр (Қарлығаш Нұржанова – ред.).
«Идеяластар қатары күн сайын артып келеді. Кәрі-жасы, үлкен-кішісі, студенті мен кәсіпкері, мемлекеттік қызметкерлер мен жай жұмыссыздары бар клуб бүгінгі таңда еліміздің 15 қаласында жұмыс жасауда. Клубымызда күзетші де, хирург та, сатушы да, сақшы да, мейірбике мен мұғалім де бар. Арамызда кезінде баласы мерзімінен бұрын туып қалып, перзентханадан біздің жүннен тоқылған жаялыққа оранып шыққан шақалақтарымыздың ата-аналары да аз емес.
Кейіннен Қазақстанға Дубай, Украина, Қырғызстан, Ресей, Молдова қосылды. Жеке кеңсеміз, арнайы бас қосатын жеріміздің жоқтығына қарамастан қыз-келіншектер, клуб мүшелері, еріктілер айына бір-екі рет дәмханаларда немесе қалалық демалыс орындарында бас қосады. Астаналық клуб әр сенбі сайын жиналады.Көпшілігі тоқуды клубқа келгеннен кейін үйренген .
2014 жылдан бастап 2017 жылға дейін бізбенАтырау қаласындағы УГ-157/11 әйелдер түзету колониясы жұмыс жасады. Бас бостандықтарынан айырылған азаматшаларды әлеуметтендіру бағдарламасына бастамашы болған PRI (Халықаралық түрме реформасы қозғалысы)шақыртуымен барып, түсіндіру-таныстыру жұмыстарын жүргіздім.Колониялықтар жоба жайлы естігенде өздерінің қоғамға әлі де болса пайдалы іс атқара алатындықтарына қатты қуанды, олар тіптен фабрика сияқты жұмыс жасады, айына 1000 жуық бұйым тоқитын. Әркім клубқа әр түрлі себеппен келеді, бірақ мақсатымыз ортақ – еліміздің кішкентай азаматтарына көмектесу.
- Клубтың жетістіктері қандай?
- Басты жетістігіміз бұл – бүгінгі таңда республикамыздың барлық перинаталдық орталықтары мен перзентханаларын тоқыма бұйымдарымен тегін қамтамасыз етуіміз.
Клубымыздың ресми сайты, Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде жеке парақшалары бар, сол арқылы Қазақстан қалаларынан ғана емес, бізге әлемнің түкпір-түкпірінен өтініштер келіп жатады, біз назарсыз қалдыра алмаймыз. Былтыр клуб тоқыған біраз топтаманы Африкалық, Пәкістандық шақалақтарға және Америкаға жөнелттік, алматылық клуб еріктілері Ганнаға жіберді .
2014 жылы «Ақ Мерген» қоғамдық байланыстарды дамыту саласындағы жыл сайынғы байқаудың «Әлеуметтік коммуникация және қайырымдылық» аталымы бойынша үздік болып танылдық .
2015 жылы республикалық «Үздік жоба» аталымы бойынша «Жылдың үздік еріктісі» болып танылдық.
2017 жылы клубымыз «Денсаулық сақтау саласына қолдау көрсеткені үшін» медицина саласына үздіксіз жасап келе жатқан қамқорлығы үшін «Алтын жүрек» сыйлығын иеленді .
2017 жылдың «17» қарашасында халықаралық мерзімінен ерте туған нәрестелер күніне орай клубымыз ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиевамен, Penal Reform International, Қазақстандағы Еуропа одағының өкілдігімен (European Union in Kazakhstan), Қазақстан неонатологтар конгрессі, ана мен бала ұлттық ғылыми орталығымен бірлесе отырып «MEGA Silk Way» СОО фотокөрме өткізді, мақсаты: көрермендер мен келушілерге шала туған балалар мен олардың хал-ахуалы жайында мәлімет тарату, неонатологтардың, медбикелердің және клуб қатысушыларының жұмыстарымен таныстыру болатын.
«Бұл жоба - біздің балаларға берер жылуымыз, тоқылған әрбір бұйымның әр ілмегінде әр қатысушының энергиясы, нәрестенің жылдам жетіліп кетуін тілеген шын ниеті, ізгі лебізі мен мейірімі бар. Бастысы – балалар аман болсын. Бала – біздің болашағымыз. Мерзімінен қанша ерте туса де өмір сүруге құқылы. Қолдан келген жылуды неге аяп қалайық...» - деп ойын түйіндеді Карла Нұр.
Әңгімені жазып алған : Жаннат Манасбайқызы
Фотосуреттер Карла Нұрдың жеке мұрағатынан