«Шаһарларға саяхат» айдарынан Қызылорда облысындағы Арал қаласы жайлы мәліметтерді ұсынамыз.
1. Қала жайлы қысқаша мәлімет. Арал қаласы-Қызылорда облысындағы аудан орталығы. Арал теңізінің солтүстік шығысындағы Үлкен Сарышығанақ қолтығындағы шөл белдемінде орналасқан.Деректерге сүйенсек, іргесі 1905 жылы «Алтықұдық» деп аталынған шағын қыстақ негізінде қаланғаны айтылады.
2. Өткен тарихтан бір үзік сыр. Қала тарихы 1899-1905 жылдары басталған «Орынбор-Ташкент» темір жолының салынуымен тығыз байланысты. 1917 жылға дейін Арал жері Түркістан генерал-губернаторлығы Сырдария облысы Қазалы уезінің құрамында болады. Төңкерістен кейін станса кент мәртебесіне ие болып, Қазақ КСРА Арал ауданының орталығы болады.
3. Арал - балық шаруашылығымен танымал қала. 1921 жылы В.И.Лениннің Балтық жағалауындағы тұрғындарының ашаршылыққа ұшырауы жайлы хатына сәйкес, Арал балықшылары 14 вагон балықты Поволжье халқына жөнелткендігі өткен тарихтан мәлім. Осынау қиын-қыстау заманда қол ұшын бере отырып, ашаршылықтан Балтық жағалауы тұрғындарын аман алып қалды. 1925 жылы Арал балық комбинаты құрылса,кейіннен Арал кеме жөндеу зауыты іске қосылған.
4. Қаланың қалыптасу кезеңдерінен. 1930 жылы қала Қызылорда облысы Арал ауданының әкімшілік орталығы болып аталды да, 1938 жылы қала мәртебесіне ие болған.1970-жылдары аймақ экономикасы көтерілгенмен, Арал теңізі суының деңгейі төмендеген кезден бастап аймақтың да дамуы құлдырап,1990-жылдардан бастап қала «Арал маңы экологиялық апатты аймағына» енгені белгілі. Тек 2005 жылдан бастап Арал теңізінің солтүстік бөлігінің су деңгейі жаңа тоғанның көмегімен көтеріле бастайды. Бүгінгі таңда теңіздің тереңдігі 42 метрге жеткен.
5. Арал топырағында дүниеге келген қайраткерлер. Ауданнан екі Кеңес Одағының батыры, 16 Социалистік Еңбек Ері шыққан. Аты əлемге əйгілі суретші, жұмыстары Еуропа мен басқа елдердің, белгілі мұражайларында тұрған, Қазақстан Суретшілер Одағының, Қазақстан Қолөнершілер Одағының мүшесі, суретші-зергер Құлмамбетов Құдайберген Тағжанұлының туған жері. Сонымен қатар, Арал ауданында мемлекеттік қайраткер Шапақ Артықбаев, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, жазушы-ақын Зейнолла Шүкіров, Қазақстан Республикасының тұңғыш Үкімет басшысы Ұзақбай Қараманов, ғалым-профессор Нажмадин Күнқожаев секілді бүкіл әлемге белгілі қайраткерлер дүниеге келген.
6. Қаладағы әлеуметтік-тұрмыстық мекемелер. Темір жол көлігінің жұмысын қамтамасыз ету және тұрмыс қажетін өтеу кәсіпорындары, орта мектеп, мәдениет үйі, кинотеатр, өлкетану мұражайы, аудандық аурухана, санэпидстанса, газет баспаханасы, қонақ үй, мейрамхана, қоғамдық тамақтандыру мекемелері бар. Қала мен ауданды қосқанда 78 мыңнан аса халық тұрады. 37 емдеу мекемелері, жалпы білім беретін 50 мектеп, 30 мәдениет үйі мен ауылдық клуб, 39 кітапхана, 2 мұражай қызмет көрсетеді.
7. Аралдың алдағы даму жоспары. Арал қаласы шағын қала ретінде «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына» енгізіліп,қаланы кешенді дамыту жоспары жасалған. Аудан аумағынан Батыс Европа-Батыс Қытай автожолы, темір жол желісі өтеді. Арал арқылы Орынбор — Ташкент т.ж. мен Қызылорда — Ақтөбе автомобиль жолы өтеді. Қала тұрғындары елді мекендермен автомобиль жолы арқылы қатынасады.
Қала жайлы мәліметтерді ашық ақпарат көздерінен жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.