Зымыран жылдардың қанатында жылжыған жылдар, аунаған айлар мен көшкен күндер тарих парағынан орын алған оқиғаларды күн санап алыстатып барады. Алайда, осы бір шежірелі парақтың бетінде қалған өмір шындығы адамзаттың жадында! Ананы баласынан, аруды сүйген жарынан, сәбиді әкесінен айырған жиырмасыншы ғасырдың қанды қасабы — Ауған жеріндегі соғыс. Қазақтың талай боздағының туған жерге қаралы табытпен оралғанын ұмыту мүмкін емес. Оған да 30 жыл болып қалыпты. Осыған орай Атырау облыстық Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігі мен облыстық газет ұжымы жаңа жобаны қолға алған болатын. Бұл жайлы бүгінгі «Замандас» айдарынан оқи аласыздар.
Талай тағдырларды талапайға салып, тұтас бір әулетті ұрпақсыз қалдырған Ауған соғысы өрімталдардың өмірін өксіткені анық. Арманы асқақ бозбалалар алдарында қандай сынақ күтіп тұрғанын білген де жоқ. Қандыкөйлек жолдастарымен бірге соғыстың тозағын өз көздерімен көріп, ауырпалығын арқалаған Ауған жерінен қан кешіп оралған ардагерлердің жадында ол ешқашан өшпейтіні де анық. Сол бір себепсіз балғын ғұмырларды отқа ораған қанды қырғынның аяқталғанына да 30 жыл уақыт өтіпті. Осы орайда ауған жауынгерлері антологиясын құрастырушы, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Ермекованы сөзге тартқан болатынбыз.
- Иә, қанша уақыт өтсе де сол бір жаралы жылдар елесі оны көрген адамдардың көңілінен көмескіленбейтіні шындық. Соғыс көріп, майданда қан кешкен жанның психологиясы, айналаға, өмірге де көзқарасы өзгеше болатыны айқын. Ауған ардагерлерімен үнемі байланыста болғандықтан, олардың отбасылық өмірлерінен де хабарыңыз бар шығар? Бәрі баспанамен қамтылған ба? Жанұялық өмірлері қалай үйлесуде?
- Сізге мен өз көзіммен көрген шындықтарды айтсам, сенбейтініңіз анық. Алайда, қанша ащы болса да шындықты айтқанның дұрыс екенін білгендіктен, алдыңызға бар жәйтті ақтарайын деп отырмын. Ауған даласынан тәндері ғана емес, жандары да жараланып, ауру азабын арқалап оралған жауынгерлерді елде де құшақ жая қарсы алмағанымыз белгілі. Көпке дейін олар өздерінің Ауған жерінде нағыз соғыс майданында болғанын да айтпады, айтуға рұхсат берілмеді. Одан кейін 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы килікті де, қазақ халқына деген көзқарас одан бетер қиындай түсті. Еліміз егемендік алған тұста да ауғандық жауынгерлерді елеген ешкім болмады. Еліміз нарыққа қадам басып, экономикамыз бен әлеуметтік жағдайымыз күрделеніп тұрған өліара кезеңде олар да өз бастары жайлы жұмған ауыздарын ашпағаны мәлім. Өйткені, олар - отан сарбаздары! Қандай қиын кезеңде де Отан алдында берген антқа берік болғандар, өздеріне берілген жоғарғы командованиенің бұйрығын бұлжытпай орындаған қатардағы солдаттар.
Әрине, заман өзгерді, Тәуелсіздік тұғыры биіктеді. Сөйтіп, кешегі Ауған даласында отқа оранған, аузынан ана сүті кеппеген, мұрты тебіндеп те үлгірмеген бозбалалар самайын ақ қырау шалған ел ағаларына айнала бастады. Осы кезде ғана Елбасына, Парламент депутаттарына жазған хаттардан қорытынды шығып, оларға жеңілдіктер қарастырылды. Алайда, әлі күнге баспанасыз жүрген ауған соғысы ардагерлері арамызда жүр. Мәселен, Хамидолла Ниязовтың әйелі қайтыс болған. Бес балалы әке. Екі ұлы үйленген. Қазір Контейнерный ықшам ауданындағы Миялы көшесіндегі 6-үйде тұрып жатыр. Екі ұлы үйленгендіктен, тар пәтердің бөлмелерін босатып, өзі кіреберіс дәлізде жатады. Бірақ, кеудесіндегі намыс оты ресми биліктегілерге алақан жайғызып, пәтер сұрап баруға жібермейді.
Майра Жазықбаева деген ауған соғысына қатысқан жалғыз ару бар. Анасы — тыл ардагері, 94 жаста. Тұрып жатқан үйін көрсеңіз, төбе шашыңыз тік тұрар еді. Бұзылып қалған ескі үйдің бір пәтерлік бөлмесінде анасы екеуі тұрады. Анасы тыл ардагері ретінде пәтер кезегінде, бірақ, кезек жылжымайды. Қаза айтып келмейді, анау 94 жастағы кейуана олай-бұлай болса, қай жерге қонағын күтеді? Майраның өзі жиналыстарға қақшиып келіп, сыр бермей жүргенімен, оның осындай қиын жағдайы бар. Оған кім қол ұшын созады? Нәзік болмысымен ауған соғысына қатысып, ерлік көрсеткен батыр қыздарымыздың бірінің жағдайы осындай.
- Ауған ардагерлеріне әлеуметтік көмек қарастырылған. Осы көмекке қолы жетпей жүргендер де бар ма араларында?
- Негізі Атырау облысындағы ауған ардагерлеріне жыл сайын емдік санаторийлерге 170 жолдама бөлінеді екен. Соның тек 22-сі ғана игерілген, яғни 22 ардагер ғана барыпты былтыр. Үкімет бөліп отырған тегін жолдама неге оларға берілмейді? Бұл сұраққа жауап тым тереңде. Өйткені, біз сөз етіп отырған жандар — майдан даласынан контузия алған, ақыл-есі жарымжан, мүгедек, жүйкесі сыр берген адамдар. Олар жолдама сұрап әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне бармайды емес, барады. Ондағылар ВТЭК-тен мүгедектігін анықтайтын, ЦОН-нан тұрғылықты мекен жайына және басқа жерлерден толып жатқан анықтамаларды әкелулері керектігін айтады. Олар анықтама алу үшін мекемелердің табалдырығын тоздырады, сөйтіп жүргенде біреуінің куәлігі жарамсыз, екіншісінің анықтамасының уақыты өтіп кеткен деген сылтаулар көбейеді. Өздері жүйкесі жұқа сырқаттар оған шыдамай, қолдарын бір-ақ сәлтейді. Сондықтан, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдерінде ауған ардагерлеріне қызмет көрсететін адамдар отырса, қағаздарын ың-шыңсыз реттеп берсе деген ұсынысым да бар.
Сонымен қатар, дәріханаларда оларға дәрілерді жеңілдіктермен беру қарастырылса. Өйткені, Атырау облысында 800-дей ауған жауынгерлерінен қазіргі таңда 421 адам ғана арамызда жүр. Үлкен көрсеткіш емес қой. Кәсіпкерлер арасынан қолдаушылар болса. Банк, вокзал, аялдама, аурухана, қоғамдық көліктерде де оларды қолдап, жеңілдіктер жасаса ешкім кеміп қалмас еді ғой.
- Айгүл Әміржанқызы, Сіздің бастамаңызбен Атырау облысындағы ауған соғысына қатысқан жауынгерлер антологиясы жарыққа шықты. Оған қанша адам қамтылды? Қалып қойғандар бар ма? Бүгінде ешкім тегін қызмет жасамайды. Бұл қадамыңыз арқылы қоғамға не айтқыңыз келді?
- Аталған кітапқа 546 адам енгізілді. Анықталғаны — 680. Солардың 69-ынан жеке сұхбат алдым, жүзден аса мақала, сұхбат, репортаждар антологиядан орын алды. Негізгі көңіл бөлгеніміз — соғысқа барып, оралмай қалғандар, Ауған даласынан жаралы болып келіп, қайтыс боп кеткендер, жанұя құрмай қаза тапқандар. Оларды сұрайтын, еске алатын да адам жоқ болғандықтан, есімдері ең болмаса, кітапта тұрсын деген ниеттен туындады. Мәселен, Құрманғазы ауданынан Өмірбек Қадырбаев, Берік Құбаев сияқты жігіттер із-түзсіз кетті. Олар қандай жасөспірімдер еді?
Берік Құбаев пен Бауыржан Бегалиевтің Ауған даласына бір шамадан кітабын арқалап барғандарын қарулас жолдастары айтады. Оқуға түсуге әзірленіп жүрген, білімді, алдына арман-сақсатын қойған жастар еді. Армандары Ауған даласында отқа өртенді. Өкінішті.
Әрине, қазір арамызда жүрген ардагерлер туралы да деректер бар. Өмірлері оңай болмады, арманы мен үміттерін мүгедектікке, ажалға айырбастады. Ауған жерінен оралғаннан кейін жүйкелері сыр берді, денсаулықтары нашарлады. Өздерін-өздері қатарға қосқан олар кештеу үйленді, балалары да жас. Балаларын оқытуға кейбірінің шамасы да жетпейді. Осыны қоғам түсінсе екен, мәрт азаматтар қол ұшын берсе екен тілек қой мендегі.
Антологияға енбей қалғандар да бар. Соларды енгізіп, толықтырып шығарғым келеді, қаржы болса, шамамыз жетсе. Осы еңбекті мектептер, жоғары, орта оқу орындарына тарату да ойымда бар. Өйткені, әр мектептен неге «Ерлік даңқы» бұрышын ашып, соған қоймасқа? Тарих, Алғашқы әскери дайындық пәндерінде ауған соғысына қатысқан жерлестері туралы мәлімет берсе, жас ұрпақты отан сүйгіштікке тәрбиелеу осыдан басталады емес пе? Осы орайда патриоттық тәрбие жүргізуде ауғандық жауынгерлерді де ұмыт қалдырмай, жас ұрпаққа насихаттап жүрген Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылындағы Ж. Мырзағалиев атындағы мектепті, Ақтоғай орта мектебі, Атырау қаласындағы агроколледжді атап айтар едім. Осындай оқу орны басшылары, әскери дайындық пәні мұғалімі, тарихшылар көп болса, шіркін!
- Әңгімеңізге рахмет. Алда Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толу тарихи датасы тұр. Соған орай Сізге үн қосатын азаматтар табылатынына сенгіміз келеді.
Qazir үшін материалды дайындаған Атыраудан Гүлзада Ниетқалиева