Бұл деректі Статистика комитеті келтірді, деп хабарлайды 24 kz. Бұған дейін министрліктегілер жұмыссыздық деңгейінің 2019 жылға дейін 5 пайыз мөлшерінде сақталатынын болжаған. Қараша айында 9 млн-ға жуық адам жұмыспен қамтылғаны белгілі. Олардың дені – жалдамалы қызметкерлер.
Жұмыспен нәтижелі қамтылғандар 89,7 пайызды, нәтижесіз қамтылғандар 10,3% екен. Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз шамасында. Дегенмен бұл көрсеткіш елде жұмыс көзі жоқ дегенді білдірмейді. Бір ғана HeadHunter сайтында 18 мыңнан аса бос жұмыс орны көрсетілген. Оның үстіне түрлі салада білікті мамандар тапшылығы жиі айтылады. Сайттан сауда, бухгалтерия, әкімшілік персонал, ақпараттық технология, инвестиция және лизинг саласында бос орындар көп екенін байқауға болады.
Ал өнер, көңіл көтеру, медиа, юриспруденция сынды салаларда жұмыс табу қиын. Ең жоғары жалақы «Ақпараттық технологиялар, интернет, телеком» саласында. 749 265 теңге. «Әкімшілік персонал» үшін 49 952 теңге ұсынылған. Бұл – ең төменгі көрсеткіш.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заң жобасының редакцияланған нұсқасы қолданысқа енеді. Оның аясында еңбек ету қабілетінен айырылғандар, асыраушысын жоғалтқандар және жұмыссыздарға төленетін әлеуметтік төлем көлемі 30 пайызға өседі. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған отбасыға әлеуметтік төлем төлеу көрсеткіші отбасы мүшелерінің құрамына қарап көбейтілмек. Ал жұмыссыздар алатын төлемақы 40%-ға артып, 6 ай бойы төленеді. Ол үшін жұмыспен қамту орталығына жүгіну керек.