«Шаһарларға саяхат» айдарында қазақ халқының тарихында ерекше бір орны бар шырайлы Шығыстың аядай ғана деп әнге арқау болған –Аягөз қаласы жайлы сыр шертеміз.
1. Қала тарихынан бір үзік сыр. Аягөз қаласы осы аттас аудан орталығы болып саналатындықтан,оның тарихын аудан тарихынан бөліп қарай алмайсыз. Мұқағали ақын «Аягөз деген аядай бұлақ деседі, жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді, Аягөз болып ғасырлар алға көшеді, Аягөз-Ая,арулар елі кешегі...» десе, оның тарихы 18 ғасырлардан бастау алады. Ескі тарихты еске алсақ,халқымыздың жоңғар басқыншыларына қарсы жан аямас шайқастары Аягөздің аумағында – Жоңғар мен Қазақ хандығының шекарасында болып өткен деп айтылады.Соның ішіндегі ең ірісі-1718 жылғы көктемдегі Аягөз шайқасы.1754 жылы Мамырсу деген жерде Абылай хан мен Қытай мемлекеті арасында бейбіт бітімгершілікке қол қойылған.
2. Аягөз деген атау оның аумағынан ағып өтетін Аягөз өзеніне байланысты қойылған. Жергілікті халықтың айтуынша, «ая»-әдемі, «гөз»- көз деген түрік сөзі деген де деректер бар. Аңыз бойынша сүйгенінен айырылған Ая қыздың көз жасынан пайда болған өзен деседі. Мәңгілік махаббаттың белгісіндей,Қозы Көрпеш-Баян сұлу күмбезі алыстан мен мұндалаған, хас батырларымыздың тұлпарының тұяғы дүбірлеген Аягөздің қалыптасу кезеңі 1831 жылдан басталады.
3. 1930 жылы қазіргі Аягөз қаласы орналасқан жерден Түркістан-Сібір теміржолы өтіп, Аягөз станциясының ірге тасы қаланды. Осылайша мұнда алғашқы паровоз депосы және басқа теміржолға қатысты кәсіпорындар бой көтерді. Сол тұста көптеген Аягөздіктер теміржол құрылысына белсене қатысты.Аягөзге теміржолдың бір тармағының тартылуы ғасырлар бойы мүлгіген далаға тың лебі әкелді.1930 жылы 1 мамыр күні Аягөз паровоз депосы пайдалануға берілді.
4. Еліміздің шығыс шекарасын күзетуде Аягөз әскери гарнизонының рөлі мен маңызы өте ерекше. Гарнизон жауынгерлері өздерінің әскери-оқу жаттығуларын жүзеге асыра отырып, аудан ұжымдарымен, оқу орындарымен тығыз байланыс жасап келеді. 2000 жылы генерал – майор Ә.Халықов басқарып тұрған уақытта әскери құрамаға халқымыздың хас батыры Қаракерей Қабанбайдың есімі берілді. Осы әскери құрама және әуе қорғанысы бригадасы жауынгерлері, басқа да әскери бөлімдер сарбаздары республикалық және халықарлық деңгейде өтетін оқу-жаттығу сабақтарында ерекше көзге түсіп, халқымыздың ерлік дәстүріне сай екендіктерін үнемі көрсетіп келеді.
5. Қаланың халқының саны бүгінде 38 мыңға жуық.Аягөз қаласының аумағы 16073 мың гектар жерді алып жатыр. Қала облыс орталығы Өскеменнен 310 км қашықтықта орналасқан.Түрксіб магистралы Аягөз қаласынан өтсе,көптеген адам және тауар тасымалдайтын поездар да Аягөздің темір жолы арқылы жүреді.
6. Қалада «Жастар», «Ардагер», «Абай», «Алтын адам» сияқты саябақтары жастардың сүйікті демалыс орындары болып саналады.Қаланың ерекше мәдени орындары деп «Қозы-Көрпеш Баян сұлу» мәдениет үйі, аудандық музей, «Дулат Бабатайұлы» атындағы кітап дүкенін атап айтуға болады.
7.Қаладағы ірі өнеркәсіп «Alina Holding» мрамор зауыты, ТОО«ГОРДОСТРОЙ» асфальт зауыты, қуаты жылына 10 млн дана кірпіш шығаратын «Күйдірілген қызыл кірпіш шығаратын зауыт» және темір жол саласындағы көптеген деполар жұмыс істеп қала тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр.
Аты әнге қосылған, аядай ғана Аягөз жайлы мәліметтерді ашық ақпарат көздерінен жинақтаған: Раушан Бекмырза.