Шет елдерде өмір сүріп жатқан көптеген қандас бауырларымыз баршылық. Олардың арасында биік лауазымға қол жеткізгендері немесе ғылым-білім, кәсіп, медицина саласында танымалдыққа ие болғандары қаншама. Солардың бірі – көзі тірісінде «Моңғол медицинасының атасы» атанған дәрігер-хирург Моңғолияға еңбек сіңірген дәрігер (1990), Моңғолия Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1993), Моңғолия елінің Халық дәрігері (2001), Еңбек Ері (2007), академик (2009) ардагер ақсақал Қайыролла Жәлелұлы.
Жоғарыда жазылған марапаттарға қарап-ақ бұл қазақ дәрігерінің осал адам емес екенін аңғарғандаймыз. Ұлан-батырда тұратын Қайракеңмен онлайн тілдесіп, маңдай терімен моңғол жұртын мойындатқан абыз ақсақалды атажұрттағы ағайындарымен қауыштыру мақсатында аз ғана әңгіме өрбіткен едік. Бүгінгі «Жырақта жүргендер» айдарында осы әңгімені жариялап отырмыз.
– Ассалаумағалейкум Қайыролла аға! Өмір-тарихыңыз жайлы қысқа-нұсқа айтып берсеңіз?
– Қобда бетінде (Моңғол елінің батысын айтады) туған адаммын. Жеті-сегіз жасымда әкем Жәлелді халық жауы ретінде ұстап, атып тастады. Жарықтық көзі қарақты адам еді, 1900-шы жылдардың басында Қазан, әлде Уаф қаласында молданың оқуын оқыған екен...
– Демек, сіз 1930 жылы туған болдыңыз ғой?
– Шамамен солай.
– Қай жылы оқуға бардыңыз?
– Екінші дүниежүзілік соғыс бұрқырап жатқан 1941 жылдың күзінде Бай-өлке аймағында ашылған алғашқы орта мектепке бардым. 1945 жылы төрт жылдық білім алған соң, кабинасы ағаш ЗИС-5 дейтін шабан машинамен 21 күн жүріп Ұлан-батырға келдім. Мақсатым – офицерлік мамандықты оқу.
– Жалғыз келдіңіз бе?
– Жоқ. Мені Ұлан-батырға сол тұста аймақ басшысы болған Қаби деген ақсақал жетектеп әкелді. Қабаң жарықтық қалқа-моңғолдың адал перзенті қазіргі Моңғол елінің негізін қалаушы қайраткер тұлға, дарынды қолбасшы Д.Сүхэ-батордың отбасымен етене араласады екен. Мені осы үйге алып барды. Ол тұста қайраткердің өзі өмірден өткен, шаңырағында жесірі Янжыма, ұлы Ғалсын және келіні бар екен. Қабаң Янжымаға мені аманаттап «сабағы басталғанға дейін осында жүрсін» деп тапсырды.Сөйтіп атақты адамның үйінде екі ай жаттым.
– Содан...
– Содан 1945 жылдың күзінде әскери шенділерді дайындайтын Д.Сүхэ-батор атындағы офицерлік мектепке қабылдандым. 1951 жылы әскери оқуды тәмамдап, келесі жылы елдегі жалғыз университеттің медицина факультетіне оқуға түстім. 1957 жылы оны үздік аяқтап, содан бері үздіксіз дәрігерлік қызмет атқарып келе жатқан жайым бар...
– Сіздің бітірген мамандығыңыз ортапедия екен. Қалай нейрохирург болдыңыз?
– 1960 жылы Чехословакияда социалистік режім аясына топтасқан елдердің дәрігерлерін жинап «жасөспірімдерге жасалатын ортапедиялық отаның ерекшелігі» атты сегіз айлық курс ұйымдастырылды. Моңғолия атынан мен бардым. Курсты аяқтап, елге қайтуға қамданып жатыр едім, денсаулық министрі хабарласты: «Қайыролла қарағым, елімізде миға ота жасайтын бірде-бір маман жоқ, осы сала бойынша оқысын деп Мәскеуге төрт дәрігерді жіберген едік, солар оқуды игера алмады. Сен соған бар!» деді. Бардым. Оқыдым. Үйрендім.
– Түсінікті. Сіз моңғол медицинасы тарихында тұңғыш рет 1966 жылы адамның миға ота жасаған көрінесіз...
– 1966 жылы тұңғыш рет Дарима деген кішкентай қыздың миына ота жасадым. Оның алдында мынадай бір кездейсоқ оқиғаға тап болдым. Ауруханада кезекті дәрігер едім. Үсті-басы қып-қызыл қан кішкентай қызды құшақтап ер адам кіріп келді. Баланы мотоцикль қағып кетіпті. Соққының қатты болғаны соншалық сәбидің басы жарылып, миы сыртына шығып кетіпті. Жеткіншектің миын бүлдіріп алмай орнына салып, басындағы жарықты тіктім. Аман-есен жазылып кетті. Ол кезде мен хирургта емес едім...
– Қанша балаңыз бар осылардың ішінде жолыңызды қуғандар бар ма?
– Балам бесеу еді, бір ұлым ертерек дүние салды. Екі қызымның бірі – экономист, бірі – мұғалім, қалған екі ұлымның бірі – инженер, бірі – өзімнің жолымды қуған нейрохирург. Аты – Құсайын. Бұдан басқа жолымды қуған Абай атты жиенім бар. Жақында осы жиенім мидың ішкі құрылысындағы өте нәзік тамыр талшығын екінші тамырға жалғайтын аса күрделі операцияны жасап шықты. Бұл моңғол тұрмақ бұл әлем медицинасында аса ептілікті қажет ететін нейрохирургия. Тіпті атағынан ат үркетін мына менің қолымнан келмеген шаруа.
– Тәрбиелеген шәкірттеріңіз көп шығар?
– Баршылық. Дәрігерлік жұмыспен қатар күні бүгінге дейін мединститутта сабақ бергеніме 60 жылдан асты. Осы аралықта 11000 шәкірт тәрбиелеппін. Біршама жыл бұрын «Моңғол нейрохирургсының тарихы» атты еңбек жаздым. Осы кітапты жазу барысында байқағаным ел тарихында 2000-шы жылға дейін ми және жұлынға ота жасатқан 20 мыңнан астам адам бар екен. Осылардың 90 пайызына мен ота жасаппын.
Әңгімелескен Бекен Қайратұлы