«Шаһарларға саяхат» айдарынан еліміздің қорғаныс саласында ерекше орны бар Приозерск қаласы жайлы танысатын боласыздар.
1. Қала жайлы қысқаша мәлімет. Еліміздің қорғаныс қуаты үшін маңызы зор бұл шаһар 1956 жылы құрылған. Бұрын Қоржынтүбек аталған. Тәуелсіздік алғанға дейін жабық қаланың бірі болды. Тіпті Кеңестер Одағының картасында да 70 жыл көрсетілмей, құпия шифрмен аталып келді. Қалашықта тек әскерилердің отбасы ғана тұрып келген. 1963 жылы шаһарға қала мәртебесі берілген. Қарағанды облысына қарасты қала, Балқаш көлінің жағасында орналасқан.
2. Шаһар тарихынан бір үзік сыр. Қаланы салудың негізгі себебіне тоқталсақ, ракета шабуылына қарсы кешенді эксперимент жасайтын нысандардың және әуе шабуылына қарсы сынақ полигонын салу,10 мемлекеттік ғылыми-зерттеу орталығын құру мақсатын көздегендіктен деп айтылады. Одақ тараған кезде қаланың да,полигонның да жағдайы қиындап,әскерилер елдеріне кетіп, иесіз қалғандай күй кешкен. 1998 жылы шаһарда №44841 әскери бөлім құрылып, қалада жаңадан тіршілік тынысы ашылғандай болды. 1995 жылы мұнда Балқаш тау-кен компаниясының алтын қорыту фабрикасы іске қосылған болатын.
3. Қаладағы кәсіпорындар мен кәсіпкерліктің дамуы. Шаһарда шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын кәсіпкерлер саны 300-ге жетті, қосалқы шаруашылық ашылды. Қалада 2007 жылға 78 шаруашылық жүргізуші субъекті тіркелген, оның ішінде 2 ірі, 8 орта, 68 шағын субъектілер.Қаладағы негізгі кәсіпорындар қатарында “Тұрғын үй - коммуналдық реформалау басқармасы“ КМК бар.Өндірілетін өнімнің түрлері жайлы айтатын болсақ, жылу энергиясы мен табиғи су.
4. Әлеуметтік-мәдени мекемелер. Приозерск қаласында 2 мемлекеттік жалпы орта білім беретін мектеп қызмет атқарады.№1 жалпы орта білім беретін мектебі мемлекеттік тілде білім берсе,№ 2 жалпы орта білім беретін аралас мектеп болып саналады. Қалада «Приозерск қалалық кітапханасы» мемлекеттік мекемесі , өнер және спорт мектептері жұмыс істейді.
5. Қаладағы туризмді дамыту. Қала аумағында ірі өндірістік кәсіпорындардың болмауына байланысты қала экологиялық таза аумаққа жатады, ол туристтер үшін қолайлы болып табылады. Приозерск қаласының Балқаш көлінің жағалауында орналасуы туристтік бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Ол үшін әуежай жақын Сары-Шаған поселкесінде теміржол, халықаралық көлік жолы, аңшылық жер, жағалаулар, тарихи жерлер, балық аулауға арналған жерлер, суда серуендеу, шаңғы, жаяу, атты, көліктік экскурсиялық бағыттар бар.
6. Қаланың орналасу жағдайы мен жер қорлары. Приозерск қаласы, әлемдегі ең ірі көлдердің бірі - Балқаш көлінің батыс жағалауында, Ақтоғай ауданының Сарышаған станциясынан 12 шақырым жерде орналасқан. Приозерск қаласындағы жер қорлары 5 452 гектар, оның ішінде 1 352 гектар - ауыл шаруашылық жерлері, 1 352 гектар – жайылымдар болып есептеледі.Соңғы мәліметтерге сәйкес, қаланың әкімшілік аумағында 180-ден астам үй шаруашылықтары тіркелген.
7. Қаланың қазіргі келбеті. Қазір Сары-Шаған полигонының әкімшілік орталығы болып саналатын қалада 13 мыңнан аса халық тұрады. Бүгінде Балқаш көлінің жағалауында орналасқан шаһарға туристерді тарту бағытында кешенді жұмыстар қолға алынған. Ресми деректерге сүйенсек, келесі жылы қалада екі демалыс аймағы мен эко-ауыл үлгісіндегі кешен салу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде шаһарда 260 орындық 6 қонақ үй бар. 2014 жылдан бері мұнда «Балқаш» емдеу-сауықтыру кешені жұмыс істейді.
Ашық көздердегі ақпараттарды топтастырған: Раушан Бекмырзақызы.
Фото: ашық ақпарат көзінен..