«Елорданың дидары» айдарынан берілетін көшелер атаулары мен тарихына қатысты ақпарат-танымдық материалдарымызды жалғастырамыз.
Бүгін сол жағалаудағы Тұран даңғылы жайлы ақпараттар ұсынамыз.
Астанаға көшіп келген кезде сізден, алдымен, «Қай жағалауда тұрасың, оң ба, сол ма?», «Тұрғын үйдің аты қандай?» деп, содан кейін барып көшесін сұраса, таң қалмаңыз. Өйткені бұл – Астана! Мұнда такси тоқтатқанда Алматыдағыдай көшелердің қиылысын айта салмайсыз, өйткені бізде ірілі-ұсақ көше көп, қай жерден басталып қай жерде бітетінін де біле бермейміз. Ал тұрғын үйлердің әрбіріне ат қойылған я болмаса әр жерде ерекше сәулет нысандары бар, солар арқылы барар жерімізді адаспай тауып алып жүре береміз.
Сонымен бүгінгі біздің серуеніміз, сол жағалау болмақ. Тұран даңғылымен жүреміз.
Тұран даңғылы Сарыарқа даңғылының Есіл өзенінен кейінгі жалғасы. Екі даңғылды бөліп тұрған автожол көпірі – «Тұлпар». Оның бойында астаналықтар сауық құратын бір емес, үш сауда орталығы бар: Қорғалжын көшесімен қиылысқан бойында «Keruen City», адан әрі қарай «Сарыарқа» және Гиннес рекордтар кітабына енген «Хан шатыр». Талай жас жұбайдың некесі қиылған «Бақыт сарайы», екі жастың сырын сақтай білген «Ғашықтар» саябағы осы Тұран даңғылында.
Сондай-ақ, «Мейрамханалар көшесі» деген атаумен де белгілі бұл жер. Себебі ақ күмбезді «Керемет» моншасынан кейін, сән-салтанатты мейрамханалар мен мұндалап қызықтырып тізіліп тұр. Тұран даңғылында тағы бір көзжауын алар сәулет өнері «Астана опера» театры, аумағы да, биіктігі де таң қалдырады, аппақ болып дәл Д.Қонаев көшесімен қиылысқан тұста тұр.
Тұран даңғылы сауда-саттық, ойын-сауық, мәдени-ғылыми, денсаулық көшесі деуге әбден лайық. Медициналық орталықтар да осы маңда шоғырланған. Тұран даңғылының бойында Ана мен бала орталығы, Республикалық балаларды оңалту орталығы, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы бар, ал оларға қарама-қарсы әлемдік автосалондар темір тұлпарларын тізгіндеп тұр.
Даңғылдың соңғы тұсына қарай астаналық «Барыс» хоккей клубының ойындары өтетін «Барыс арена» мұз айдыны сарайы және республикамыздағы маңызды нысандардың бірегейі Ұлттық ғарыш орталығы тұр.
Ия, негізінен, Тұран бойында фотосуретке түсетін жерлер өте көп. Бірақ соңына дейін жүрем дегенше аяқ талады, себебі даңғылдың ұзындығы 10 мың метрден асады. «Тұлпар» көпірінен бастау алған Тұран даңғылы Қабанбай батыр даңғылы, Қарқаралы тасжолы түйіскен жерден аяқталады.
«Тұран» сөзінің шығу тарихына көз жүгіртейік, «Тұран» Түркістан өлкесінің көне атауы, мағынасы «түріктер мекендейтін жер, ел» дегенді білдіреді. Сонымен қатар, географияда Тұран ойпаты деген жер бар. Орталық Азияның солтүстік-батысы мен Қазақстанның оңтүстік-батысындағы орасан зор (2,2 млн км) аумақты алып жатқан құмды, сазды, шөлді, шөлейтті ойпат. Оның аумағында Ауғанстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Қазақстанның төрттен бір бөлігі орналасқан. Ойпаттың шеткі жағалаулары теңіз деңгейінен 200 м-ге дейін көтеріледі де, ортасындағы ойыс Арал теңізіне қарай төмендейді.
Көшелердің көркіне,ғимараттардың көркемдігіне талас жоқ.Тек,оның тарихын да біле жүргендеріңіз жөн деп бүгінгі серуенді аяқтаймын.
Келесі аптаға дейін сәттілік тілеуші: Мақпал Аманбай.
Photo: © Marina Lystseva